Шығыс Қазақстан облысында мал жаю ережелерін бұзған 56 адамға айыппұл салынды. Бұл туралы ШҚО Полиция департаменті хабарлады.
Ресми хабарламаға сүйенсек, тәртіп сақшылары өңір аумағында 15 қарашадан бастап «Мал ұрлығы» жедел алдын алу шарасын жүргізуде. Мұндағы мақсат – мал ұрлығымен айналысатындарды анықтау және қылмыстық жауапкершілікке тарту.
«Бір күн ішінде полицейлер мал мен ет өнімдерін тасымалдаған 139 автокөлікті, 122 шаруа қожалығын және сауда орындарын тексерді. Ветеринария саласында құқық бұзушылық жасаған 18 адам ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабына сәйкес жауапқа тартылды. Сондай-ақ мал жаю ережелерін бұзған 56 адамға айыппұл салынды», - делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері шара барысында тұрғындарға малды таңбалауға және қараусыз қалдырмауға кеңес берді.