Бүгінде ақша таппай тарыққандар түрлі амал-айлаға баруда. Тіпті қылмыстық іс-әрекеттерге де біле тұра аяқ басады. Жуырда Жамбыл облысы Ішкі істер департаментінің есірткіге қарсы күрес бөлімшелерінің қызметкерлері Шу ауданы «Алаботалы» шөлейт аймағында жабайы қарасораны дайындау үстінде 30 жасар Алматы қаласының тұрғынын қолға түсірді.
Одан өткізу үшін дайындалған көп мөлшердегі кептірілген марихуана табылды. Оны су өтпейтін төрт кенеп шатырдың астына жинаған екен. Осылайша қылмыскер 907 келі марихуананы сатпақ болған. Ол бұған мәжбүрлі түрде барғанын мойындап отыр. Өйткені жол апатына түскен ол, денсаулығын дұрыстау үшін ақша таппай әбден қиналса керек. Оған қоса күнкөріс көзі болып тұрған көлігін де жөндетуді көздеген көрінеді. Заңға қайшы әрекетке ерікті түрде барған оған есірткіні көп мөлшерде сақтағаны және сату мақсатында дайындағаны үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр.
Нұржан Қалметов, Жамбыл облысы ІІД Есірткіге қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция полковнигі:
– Жыл басынан бері Жамбыл облысындағы тәртіп сақшыларының күшімен заңсыз айналымнан 5 тонна 300 келі марихуана тәркіленді. Есірткіге есі кетіп, мол ақша табуды көздеп, сатуға құныққандардың қатары азаймай отыр.