Су дауы сұрапыл іске апармаса игі

Өткенде Өзбекстан Президенті Ислам Каримов Қазақстанға іссапармен келіп, Орталық Азиядағы су мәселесі төңірегіндегі келелі ойларын ортаға салды. Ала шапанды ағайындар «атасының» айтқан сөздері, шынымен де, құлақ асарлық. Өйткені қазіргі күні Орталық Азиядағы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан елдерінің арасында адамзаттың тіршілік көзі атанған су проблемасына келгенде ортақ мәмілеге келе алмай отырған тұстары көп.
Бұл ретте Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Біз ортақ су ресурстарын тиімді пайдалануымыз қажет. Сырдария мен Әмудария өзендерінің арқасында Арал көлінің мәселесін шешуге мүмкіндік бар. Әсіресе «Аралды құтқару» халықаралық қорының қызметін жандандыру аса маңызды. Осыған байланысты Сырдария мен Әмударияның басында отырған көрші ағайын­да­ры­мызға тағы бір бауырластық сәлемімізді жолдаймыз», – деген болатын. Өкінішке қарай, естір құлақ бар, есті шешім болар деген үміт әзірге ақталмай тұр.
Қырғыздар өз еліндегі энергия тапшылығын жою үшін трансшекаралық Сырдария өзенінің бойында «Қамбар ата-1» жылу электр стансысын салуды жоспарлап отыр. Бұл ірі жобаны жүзеге асыруға көрші Ресей миллиардтаған инвестиция салатын болды. Сон­дай-ақ орыс елі Тәжікстандағы «Рогун» ЖЭС-ін салуға да қамқорлық көрсететінін айтуда. Ертең-ақ бұл жобалар жүзеге асқан тұста Сырдария мен Әмудария өзендерінің аяғында жатқан Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан елдерінің су тапшылығына ұрынатыны даусыз.
– Олар Сырдария мен Әмударияның транс­ше­каралық өзендер екенін ұмытқан сияқты. Ел ішіндегі өзендер болса, шаруамыз жоқ. Алайда олар транс­шекаралық сулар болғаннан кейін, оны халық­аралық шарттарға сай пайдалану қажет. Әйтпесе су ресурстары үлкен проблемаға айналып, оның төңірегінде мемлекетаралық байланыстар ушығып отырады. Орта­лық Азиядағы бүгінгі қалыптасқан жағдай мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты қиындатып қана қоймай, соғысқа апаруы әбден мүмкін. Сондықтан транс­шекаралық өзендерді пайдаланған кезде көрші елдердің келісімін ескеру қажет. Бұл – біздің нұсқауы­мыз емес, әлемдік қауымдастықтың шешімі, – дейді И.Каримов.
Тағы бір алаңдатарлық жайт, аме­рикалық сарапшылардың мә­ліметінше, «Қамбар ата-1» және «Рогун» ЖЭС салынатын аймақта жердің тектоникалық (жер сілкінісі) қозғалу қаупі жоғары. Өйткені өткен жүзжылдықта «Қамбар ата-1» ЖЭС орналасқан жерде 9-10 балды аса қатты жер сілкінісі болған. Ал осы құбылыстың алда тағы да қайталанбасына ешкім ке­пілдік бере алмас. Егер жер сілкініп, бөгет жарылса, «Тоқтағұл» су қойма­сын­дағы судың төменде жатқан елді мекен­дерді түгелдей шайып кетері анық. 

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Соңғы төрт жылдан бері жер асты мен жер үстіндегі су ресурстарына зерттеу жүргізген еліміздің ғалымдары 2030 жылдан кейін Қазақстанда жаппай су тапшылығы басталады деп болжам жасап отыр. «Сондықтан суды үнемдеп, бұл мә­селені мемлекеттік деңгейде, тіпті ха­лықаралық дәрежеде шешпесек, мұның арты жақсылыққа апармайды» дейді ға­лымдар.
Ахметқал МЕДЕУ, ҚР Білім және ғылым министрлігі География институтының директоры, география ғылымының докторы, профессор:
– Біз қазір Қазақстанда қанша су қоры бар, бұл сулардың 2020-2030 жылдарға дейін көлемі қандай болады, егер су тапшылығы орын алғанда не істеуіміз керек – осының бәрін ғылыми тұрғыда зерттеп, жан-жақты талдау жа­садық. Судың азаюының негізгі екі себебі бар, біріншісі – климаттың өз­геруі. Соңғы 50 жылда Қазақстан тер­риториясында күннің жылынуы ша­мамен 1,5 градусқа көтерілді. Бұл дегеніміз, судың ылғалдылығы азайып, булану процесінің көбейіп келе жатқандығын көрсетеді. Оның үстіне жауын-шашынның жылдық мөлшері де жыл санап азайып келеді. Оған қоса өзекті мәселеге айналып отырған өзге елдерден бастау алатын трансшек­ара­лық өзендер төңірегінде де ше­шілмей отырған проб­лема көп. Мы­салы, Іле, Ертіс, Сыр­дария, Жайық өзен­­дерінің бастауында отырған мемлекеттер суды пайдалануды ұл­ғайтуда. Іле мен Ертісті – Қытай, Жайық­­­ты – Ресей, Сыр­да­рияны – Қыр­ғызстан мен Өзбекстан пайдаланып отыр. Осының салдарынан транс­ше­каралық өзендердегі су көлемі күрт азайып барады.
Географ ғалым А.Медеудің айтуынша, 1965 жылдары Ленинградтағы мем­лекеттік гидрологиялық институттың жүр­гізген зерттеулері бойынша біздің елімізде су қоры 126 текше шақырым болған екен. Ал қазір еліміздегі су қорының көлемі – 91,3 текше шақырым ғана. Ел экономикасы еңсе тіктеп, түрлі зауыт-фабрикалар, өн­діріс орындары ашылып, егістік алқап­тарының ауқымы кеңейген тұста біздің суды пайдалану көрсеткішіміз де өсе түсті. Ал шеттен келетін өзендердегі су мөл­шері азайып барады. Өйткені олардың да әлеуеті өскен сайын суға деген сұраныс артып келеді. Бір ғана Іле өзенін алып қарайық. Сарапшылардың кейбір мәлі­меттері бойынша, шекарамызға таяу тұр­ған Құлжа қаласында 60-жылдары 400-500 мың адам тұрған болса, қазіргі таңда ол аймақтың тұрғындары 4 миллионнан асты. Іле содан тартылып барады. «Енді олар мұнымен қоймай, Іленің бастау ала­тын негізгі сағасын ішкі Шыңжаңға туннель арқылы бұрғалы жатқан көрінеді. Ал бұл жағдайда біздің Балқашымыздың Аралдың кебін киері анық. Ол аздай, Қыр­ғызстан да Сырдария өзенінің жанынан «Қамбар ата-1», «Қамбар ата-2» ЖЭС-ін салуды қолға алуда. Ал Өзбекстан болса Сырдарияның суын Әмударияға қарай тарту үшін канал саламыз деп отыр. Егер әр мемлекет суды өзіне қарай тарта берсе, онда бізге не қалады?!» – дейді географ ғалым.
ҚР География институты маман­дары­ның болжамынша, 2030 жылы Қазақ­стандағы су қорының көлемі орта есеппен алғанда 72 текше шақырымға төмендейді екен. «Тіпті бұдан да аз болуы мүмкін» дейді ғалымдар. «Сондықтан мұны ретке келтіру үшін, Елбасымыз айтып жүргендей, Орталық Азия өңірінің су-энергетикалық ресурстарын бірлесіп пайдаланудың механизмін әзірлеу қажет. Яғни суқойма­лардың біртұтас кешенін іске қосып, халықаралық су-энергетика консорциумын құру керек. Сонда өзеннің бастауында отырғандар суды өз білермендігімен пайдаланбай, әр елдің су басқармалары басқаратын болады. Егер бұған қай ел көбірек қаржы салса, соның дауысы басым болуы тиіс», – дейді А.Ме­деу.
Алайда бұған қазір судың бастауында отырған мемлекеттер келіспей отыр. Кеңес үкіметі тараған кезде Ресейдің ғалымдары да «егер Орта Азияда қақтығыс орын алса, оның басты себебі судан болады» деген болатын. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін көрші мемлекеттермен ортақ мәмілеге келіп, халықаралық болсын, Орта Азиялық болсын су-энергетика консорциумын құруымыз қажет.
Қалай десек те, «судың да сұрауы бар» демекші, Орталық Азия мем­лекеттерінің келешекте бағасы мұнайдан да қымбат болып кетуі мүмкін су мәселесіне келгенде ортақ бір мәмілеге келгені жөн-ақ. «Аққу, шортан һәм шаян» секілді Алланың берген ең үлкен сыйы, адамзаттың ортақ қазынасы – суды әр мемлекет өз пайдасына ғана тарта берсе, онда келешекте бауырлас мем­лекеттердің арасында бітіспес дау туындап, тәжік Президенті Эмомали Рахмон айтпақшы, «су соғысы» басталуы да ғажап емес.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста