Шығыс Қазақстан облысында жасанды жолмен қар көшкіні түсірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, өңірде ауа райы жылытып, жел соғуына орай таулы жерлерде қар көшкіні жүру қаупі артып отыр. Сондықтан бүгін «Өскемен-Алтай» тасжолында жасанды жолмен қар көшкінін түсіру жұмыстары жүргізілді.
«Қазселденқорғау» ШҚ филиалының мамандары мен құтқарушылар тау баурайында 5 рет жарылыс жасады. Түскен қардың жалпы көлемі 6800 текше метрді құрады. Көшкін жолды толықтай жауып тастады. «ҚазАвтоЖол» компаниясының қызметкерлері жолды тазалап, көлік қозғалысын қамтамасыз етті», - делінген ақпаратта.
Осы ретте, ШҚО ТЖД қызметкерлері өңір жұртшылығына таулы жерлерге бармау қажеттігін ескертеді.