"Аты жаман ауру" диагнозын естігенге әркімнің салы суға кететіні анық. Ал мұндай дертке балалар мен жасөспірімдердің шалдығуы тіпті ауыр. Қатерлі ісік неден пайда болады? Обырға шалдығу бір аяғыңмен көрде тұрсың дегенді білдіре ме? Обырды алдын алу мен емдеудің жолдары қандай? Онколог мамандардың айтуынша, қатерлі дертті емдеуге де, оны дерттің бастапқы кезеңінде анықтауға да әбден болады. Stan.kz тілшісі Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының №3 балалар онкология және гематология бөлімінің меңгерушісі Гүлнәр Булабаевамен сұхбаттасты.
ҚР Денсаулық сақтау үздігі, жоғары санатты онколог/гематолог дәрігер Гүлнәр Ержанқызының қатерлі ауруларды емдейтін салада 25 жылдан астам тәжірибесі бар. Жұмыс уақыты кешкі 5-те бітсе де, үйге ерте қайтқаны сирек. Себебі балалардың жағдайын үйге қайтар алдында көріп, бақылап кету қажет, дейді ол. Оларға қолдан келгенше көмегін беруді борышы деп санайды.
Совет үкіметі кезінде қатерлі ісікке шалдыққандарды "жазылмайды деп" қайтаратын
Ал қазіргі таңда онкологиялық және гематологиялық ауруларға шалдыққан балаларға көмек беру, емдеу мүмкін бар.
Медицина саласында 26 жылдан бері қызмет етіп келемін, соның 25 жылын Педиатрия орталығына арнадым.
Бала кезден ақ халат киіп, балаларды емдеуді армандайтынмын. Екінші арманым, есепші-бухгалтер болу еді. Әкем есепші болып жұмыс істегендіктен өзінің жолын қуғанымды қалады.
Медицинаның ішінде онкология саласын таңдағаным, мен С.Асфендияров атындағы Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетін бітіріп келген кезде гематология саласы Қазақстанда енді ғана жаңадан дамып келе жатқан еді. «КЭР-Германия» қорының көмегімен, профессор Күлән Омарованың басқаруымен 1993 жылы елімізде тұңғыш рет онкогематология бөлімі ашылды. Міне, биыл балалар онкогематологиясы саласының елімізде құрылғанына 28 жыл болады.
1993 жылға дейін, яғни балалар онкогематологиялық орталығы ашылғанға дейін бұл ауру айықпайтын және қатерлі деп саналды. Бұл мәселені шешудің жалғыз жолы — лейкозды емдеудің халықаралық хаттамасын енгізу болды. Сонау қиын кездері ТМД елдері мен Орталық Азияда ғане емес, елімізде тұңғыш рет онкогематологиялық орталығы ашылып, алғаш рет Австрия мен Германияның халықаралық BFM бағдарламалық емі енгізіліп, қолданыла бастады. «BFM» хаттамасы дегеніміз - Берлин, Франкфурт, Мюнстер. Осы үш қаланың ғалымдары балалардың онкологиялық ауруын емдеу мақсатында арнайы бағдарлама құрған. Бұл әдіс әлі күнге дейін елімізде қолданылып келеді.
Гематология саласына түрлі қатерлі қан аурулары кіреді. Олардың ішіндегі ең қатерлісі «лейкоз» деп аталады. Медицинада ол қан обыры, лейкемия деп те айтып жатады. Елімізде Совет үкіметі кезінде бұл ауруды емдемейтін. Мұндай аурумен келген науқасты дәрігерлер "жазылмайды" деп, үйіне қайтаратын.
Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының «Онкогематология» бөлімі ашылған уақыттан бері қауіпті кеселдің алдын алу, науқасты емдеумен біздің орталық айналысып келеді.
Жалпы Педиатрия орталығы - бұл балалар ауруларын, атап айтқанда: онкологиясы және гематологиясы, трансплантология, неонатальды хирургиясы бар неонатология, пульмонология, гастроэнтерология, кардиология, ревматология, торакальды және абдоминальды хирургия, кардиохирургия, урологияны емдейді.
Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының «Онкогематология» бөлімі ашылған уақыттан бері қауіпті кеселдің алдын алу, науқасты емдеумен біздің орталық айналысып келеді.
Жалпы Педиатрия орталығының көмек көрсететін бағыты – бұл балалар онкологиясы және гематологиясы, трансплантология, неонатальды хирургиясы бар неонатология, пульмонология, гастроэнтерология, кардиология, ревматология, торакальды және абдоминальды хирургия, кардиохирургия, урология.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары дәрігерлер жетіспеді
Қазақстанда онкологиялық дерттерді емдеу әлемнің 30-дан аса еліндегідей халықаралық протокол бойынша жүргізеледі. Тәуелсіздікке дейін қатерлі ісік дертін емдеудің протоколы болмаған, сондықтан мұндай балалар тез шетінейтін.
Совет өкіметі уақытында дәрігерлердің қолынан бар келетіні баланың өмірін ары кетсе алты айға ұзарту болса, қазіргі кезде оның толық сауығып кетуіне мүмкіндік туындады. Қазақстан үшін қиын-қыстау кезеңде салалық орталықты ашу оңайға түскен жоқ. Біздің онкология бөлімі Тәуелсіздік алған қиын кезеңдерде Елбасы мен «КЭР-Германия» қайырымдылық қорының екі жақты келісімінің арқасында ашылды. Қайырымдылық ұйым керекті құрал-жабдықтармен, бір жылға жететін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етті.
Бөлім құрылған алғашқы жылдары дәрігерлер жетіспеушілігі туындады. Неміс дәрігерлері біздің мамандарды өз елдеріне апарып тәжірибеден өткізді. Ол кездері балалар онкогематологтары мүлдем болмады десе болады. Алғашқы жылдары басқа саланың мамандары тартылды. Қазіргі таңда елімізде онкогематолог мамандары дайындалуда.
Бүгінде орталық онкогематолог дәрігерлерді өзімізде ғана дайындамай, бүкіл республикаға даярлап келеді. Педиатрия орталығында онкология және гематология мамандықтары бойынша резидентура бар. Орталық дәрігерлердің біліктіліктерін арттыру бойынша дәрістерді де беріп келеді. Қазір сондай-ақ, жас мамандардың шет елде білім алу мүмкіндігі бар. Әртүрлі шет елдің жетекші онкогематологтары орталыққа келіп шеберлік сыныптарын өткізіп тұрады. Бүгінгі күні Ресей, Беларусь Республикасының онкогематологиялық орталықтарымен меморандумдар жасалды. Бірнеше жыл бойы Германия, Оңтүстік Корея, Жапония, АҚШ, Чехия ғалымдарымен белсенді ынтымақтастық байланыс орнатылған.
Орталықта химиотерапия курсын аяқтаған балалардың тұрғылықты жері бойынша қадағалайтын облыстық онкогематологтармен байланыс орнатылды. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде қазіргі уақытта республиканың барлық облыстарынан онкогематологиялық аурулармен ауыратын барлық балалар есепте және бақылауда.
Соңғы 28 жыл ішінде онкологиялық және гематологиялық ауруларға шалдыққан балаларға көмек беру жетістігі әлемдік стандарттар деңгейіне жетті. Бұл саланың дамуымен жедел лейкозға шалдыққан науқастардың өміршеңдігін жақсартуға мүмкіндік туды. Жедел лейкоз бен тығыз ісікті диагностикалау мен емдеудің заманауи бағдарламалары енгізілді. Балалар жасындағы күрделі қан ауруларын диагностикалау мен емдеудің жаңа технологиялары сәтті меңгерілуде. Заман талабына сай, орталық жаңа технологиялармен жабдықталды. Біздің орталықта балалар мемлекет есебінен тегін емделеді.
Соның ішінде: лимфопролиферативті жүйе, гемобластоз, тығыз ісіктер, тұқым қуалайтын синдромдар, иммундық тапшылық жағдайлар және т.б. аурулардың диагностикасы және емі жүргізіледі. Орталықта әртүрлі онкологиялық және гематологиялық аурулары бар балаларды диагностикалау және емдеу үшін 108 төсек-орын бар. Балалар онкогематология саласы бұрынғыдай емес, қазір заман талабына сай дамып келеді. Бұл салаға елімізде ерекше көңіл бөлініп отыр. Мемлекет балалардың емделуіне қажетті құрал-жабдық пен дәрі-дәрмекпен толық қамтып отыр.
Балаға дертке шалдыққанын міндетті түрде айту керек
Менің тәжірибемде болған бір жағдайды айтып берейін. 15 жастағы қыз бала ақ қан ауруына шалдығады. Әкесінің ерке қызы болған соң ол кісі маған қызына ауруы туралы айтпауын өтінеді. Әрине, әрбір ата-ана баласының жүрегінің ауырмауын қалайды. Ақырындап өзім жеткіземін, деді. Мен келісіп, қалай да айтуын сұрадым. Әкесі айтқысы келмей, ұзағынан созды. Нәтижесінде обыр аурына тән белгі - шаш түсуі басталады. Шаш әр адамда әртүрлі: кейбірінде көп, кейбірінде аз-аздан түседі. Әлгі қыздың шашы керемет әдемі еді. Қызы жүгіріп келіп менен: - "мынау не?" деп сұрады. Неге маған айтпадыңыз деп ашуланды, ренжіді. Өйткені, шашы түбінен бастап түсе бастаған еді. Салы суға кетіп, өз-өзін тастап жіберді, күресуді қойды. Тіпті тыйым салынғанды істеп, бәрін керісінше жасап кетті.
Осы жағдайдан кейін, түйгеніміз, әр баланың өзінің жоспары, ойы, арманы болады. Егер балаға дерті туралы айтылса, ол күресуге дайын болар еді, іштей ауруханада ұзақ жататынын түсінер еді, аруды жеңу үшін өз-өзімен жұмыс істейтін еді. Әрине, біз диагнозды пациенттің жасына байланысты емес, қабылдауына, есі кіргеніне байланысты айтылады. Өйткені, ол бір күнде немесе бір айда жазылып кететін ауру емес. Ем ұзақ уақытты талап ететіндіктен дайын болуы үшін айтылады. Біз бірақ, алдымен бірінші баланың ата-анасына хабарлаймыз, содан соң ғана балаға айтылады.
Кез келген ата-ана баласының онкологияға шалдыққанын білгенде шок алып, қатты күйзеліске түседі. Ондай жағдайда, Педиатрия орталығында арнайы психолог мамандары жұмыс жасайды. Қатерлі ауыр дертке шалдыққан балалар мен олардың ата-аналарына психологиялық көмек көрсетіп, ауыр дертті жеңуге көмектеседі. Пациенттерге қиын жағдайларда қолдау көрсетеді. Олар шерлерін де, сырларын да осы мамандарға ақтарады. Психолог мамандар науқас балалардың екінші анасындай болса, ата-аналардың сырласына айналады. Біздің орталықтың психологтары сонымен қатар ота жасауға дайындалу кезінде және химиотерапия жүргізуде психологиялық көмек беріп, емдеуші дәрігермен бірігіп, тренингтер өткізеді.
Бала 3, 4 жаста және одан кішірек болса, оған аурығаны жайлы айтпай-ақ қойса да болады. Егер ол үлкендеу болса, есі кірген, түсінетін болса, оларға жіті айтамыз, толыққанды жеткіземіз. Жеткіншек, жасөсіпірімдер болса, психологтармен бірге айтамыз. "Сен мықтысың, ауруды жеңесің" деп балаға сенімділік ұялатамыз. Сол кезде бала бізге де сенім артады, өзі де күреседі.
Үш күнде диагноз қойылады
Әдетте, диагноз үш күнде қойылып, 100% осы уақыт аралығында ата-анасы баласының дерті жайлы біледі.
Диагнозды анықтау процесінде жілік майы, толық қан талдауы, иммунофенотиптеу, цитогенетикалық талдаулар алынады.
Терапия халықаралық хаттамаларға сәйкес жоғары дозалы химиотерапия, аралас иммуносупрессивті, күрделі кешенді терапия, қатерлі ісіктерді жедел жою жүргізіледі.
Балаларға тән қатерлі ісіктер түрі ересектерде кездесетін қатерлі ісіктерден гистологиялық, клиникалық, биологиялық сипаттамасы бойынша және қолданылған емнің нәтижесіне байланысты ерекшеленеді.
Қатерлі ісікпен науқастанған баланың толық сауығуы аурудың ерте сатысында анықталуына, медициналық көмектің уақытылы көрсетілуіне және халықтың осы жайлар туралы хабардар болуына тікелей байланысты.
Қатерлі ісіктің симптомдары
Лейкоз, тағы басқа қан ауруларында әлсіздік байқалады, баланың тәбеті болмайды. Терісінде өзгерістер, көгерген іздер, петехия (қызыл түйіршіктер) шығып кетеді. Оны көп ата-ана байқамайды. Мұрны қанаса, күннің астында көп жүріп қойған шығар деп жүре береді. Қан анализін тапсырса, мұның уақытша симптом ба, әлде тұрақты түрде сондай жағдай ма белгілі болады.
Нәресте туа сала скринингтен өте алады. Тұрғылықты жерінде жасына сай невропотологтың, окулистің және т.б.салалық мамандардың консультацияларын алып отыруы керек. Бұдан бөлек, әрбір ата-ана баласына ерекше көңіл бөлу қажет. Шомылдыру кезінде, қалыпты күнделікті өмірде байқалып тұрған белгілеріне мән беруі тиіс.
Жүгіріп жүрген бала жатқысы келіп тұрса, учаскелік дәрігерге барып қан анализін тапсырса, көрінеді. Себебі лейкоз бір күнде пайда болмайды. Симптомдар білінеді, алайда тек асқынғанда ғана жүгінеді. Қан сараптамасын тиісінше уақытылы қарамай, ем қабылдап жүргенде, басқа ауру асқынып жатады.
Балалар дерттерінің ішіндегі ең қатерлісі әрі жиі кездесетіні «лейкоз»
Қазір онкология мен гематология біріккеннен бері, онкологиялық ауруларды да емдейміз. Балаларға қойылатын диагноздың бірі ретинобластома (көз торының обыры) дерті де қазір фото арқылы білініп жатады. Телефонға түсірілген суреттерде баланың көзі жанып тұрады. Бұл ауруды ерте анықтаса, химиятерапиямен емдеуге болады. Ал ауыр деңгейлерде көзге ота жасап, алып тастап жатады.
Басқа онкологиялық аурулар ішінде нефробластома (бүйрек обыры). Бала ойнап жүріп құлағаннан кейін ауруханаға барған кезде ғана обыр анықталады. Ол өте үлкейіп кеткен іш-құрылысындағы ісік көрінеді, оны көзбен байқауға да болады.
Біз 0 жастан 18 жасқа дейін балаларды емдейміз. Әр ауру белгілі бір жастағы балаларда жиі кездеседі. Остеосаркома (сүйек ісігі) - бұл аурумен жеткіншектер мен жасөсіпірімдер ауруға бейім. Аурудың себебін жарақаттармен байланыстырады. Кез келген спорт түрлерімен айналысып жұрген балалар жарақат алып, ауырып келеді. Сол кезде компьютерлік томографиядан (КТ) сүйекте ісік көрінеді. Ал жас балалар бейім ауруға нейробластоманы жатқызуға болады. Бала жатырда жатқан кезде-ақ ісік пайда бола бастайды.
Онкологиялық аурулардың ішінде ең жиі кездесетіні — жедел лейкоз. Одан кейін орталық нерв жүйесі ісіктері, бүйрек ісктері, көздің қатерлі ісігі, сүйектің қатерлі ісігі және т.б.
Бала күйзелісте болса, инфекция түссе, жүйкесі ауырса немесе дұрыс тамақтанбаса, ісік жасушаларын ағза обыр жасушалары деп қарастырмайды, сәйкесінше, олар ағзаға еніп кетеді. Ал обыр жасушалары тез көбейеді, содан соң ауру басталады.
Лейкоздың ең жиі таралған ауру болуының нақты себебі бар деп айту қиын. Бірақ ол баланың денсаулығына байланысты. Кез келген онкологиялық аурудың не себепті пайда болғанын білу, анықтау қиын.
Жілік май - қан жасушаларының жүрегі. Осы жерде қан жасушылары мутацияланса, лейкоз пайда болады.
Неге балалар аталған аурулармен жиі ауыратынын айту қиын, бұл ағзаның осы ауруға бейім екенін көрсетеді.
Ата-аналардың реакциясы мен жауапкершілігі
Баланың қандай дертке шалдыққанын анықтап, толықтай диагноз қойылғанда ата-анасын шақырып сөйлесеміз. Оларға диагнозды қандай негізде қойып жатқанымызды, себептерін, емдеу жолдарын айтамыз, оның ұзақтығы, ауру қанша уақытқа созылуы мүмкін екенін, терапия қабылдау кезінде қандай асқынулар болатынын түсіндіреміз. Міндетті түрде аман қалу мүмкіндігінің статистикасын айтып береміз. Ата-ана осы ауру жайлы толықтай ақпарат білуі керек. Себебі баланың дерті қайталануы мүмкін немесе асқынуы мүмкін, бәріне дайын болу қажет. Балалар кез келген инфекцияны тез қабылдайды.
Ата-анадан толықтай емдеу курсына алып келіп жүруі тиіс деп қолхат аламыз. Аурудың салыстырмалы түрде ең жеңіл түрінің емі 7-8 айға созылады. Бір жарым жыл бала үй жағдайында дәрі-дәрмекпен емделеді. Егер ауру, бес жыл ішінде қайталанбаса, бала жазылды деп саналады.
Кейде көп балалы ананың баласының бірі ауырса, қиын жағдайға тап болып жатады. Бір баласымен ауруханада ұзақ жатқан ана үйдегі балаларын уайымдайды. Әрине, бұл олар үшін өте ауыр. Кейде отбасылардың да шаңырақтары шайқалып жатады. Сондықтан бәрін алдын-ала айтып, туындаған сұрақтарына жауап береміз. Өйткені, ата-ана алдағы 7-8 айға жоспар құруы керек.
Қатерлі ісік ауруларын алдын алу
Халық арасында онкология аяқ астынан келетін дерт ретінде қабылданады. Себебі пациенттер көбіне емге жарамайтын деңгейде біліп жатады. Ағзадағы өзгерістерді қалай байқап үйрену керек?
Әр ата-ана балаларда да қатерлі ісік болатынын ұмытпауы керек және ол аурудың клиникалық сипаттамалары басқа да аурулардың, мәселен инфекциялық белгіліріне ұқсас болуы мүмкін. Баланың бойындағы ауру сезімдеріне ерекше мән беру керек. Денесінде ісік жұмсақ тінде, сүйекте, іште және ағзаның басқа бір жерлерінде байқалса, ол ісік аурмайтын болса да, тез арада дәрігер маманға көрсету керек.
Шын мәнінде, онкологиялык аурулар бір күнде пайда болмайды, сондықтан дер кезінде дәрігерге қаралып, скринингтен өту әр азаматтың жауапкершілігі болуы керек. Сол кезде ағзадағы өзгерістерді ерте байқауға болады. Қатерлі дерт ерте анықталса, ерте жазылады.
Қатерлі ісікке шалдықпаудың, оны алдын алудың жолдары ол - салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, уақтылы дәрігерге қаралу, скринингтерден өту.
Онкологиялық аурудан емделуге адамның психологиялық жағдайы әсер ете ме?
Егер баланың ата-анасында ауруды жеңіп шығамыз деген позитивті қарым-қатынас болса, міндетті түрде ем жақсы өтеді. Ата-анаға диагноз қойғаннан бастап, баланың анасына "Балаңызға медбике боласыз" деп бірден айтамын. Дене қызуын, қан қысымын бақылап отыруға, тамақ ішкенін, үлкен-кіші дәретін қадағалауын сұраймын. Себебі мұның бәрі маңызды және дәрігерге айтылуы керек. Жақсы қарым-қатынаста болып, дұрыс түсінсе ем де жақсы өтеді. Алайда кейде ата-ана сенімсіздік танытып жатады. Ата-ана қаншалықты дұрыс қатынас орнатып, баласына жақсы көңіл бөлсе, соғұрлым бала тез жазылып кетеді. Жағдайы жақсарған пациенттер өте көп. Жақында 24 жастағы бізде ем қабылдаған біздің пациент орталығымызға келіп, балалардың жағдайын көріп, ата-аналарға үміт пен сенім сыйлап кетті.
Қазақстанда мықты онколог-мамандар бола тұра, қазақстандықтар неге шетелге ем іздеп кетеді?
Иә, өз елімізде де мықты балалар онкогематолог-мамандар бар. Олардың бірі ретінде біздің мықты дәрігерлер - профессор Күлән Омарова атап өтуге болады. Бүкіл әлемде қатерлі дертті емдеуде бір халықаралық протокол қолданылады. Шетелде де, өз елімізде де бір ем. Алайда кейбір қазақстандықтар ақша жинап, шетелге ем іздеп барады. Оның себебі әpтүpлі, кейбірі Қазақстанда осы салада емнің барын білмей кетеді, кейде білсе де, шетелде ем мықтырақ деп ойлайтындар да бар. Бірақ ол - қате түсінік. Себебі, шет мемлекетте де, бізде қолданылатын бір протоколға, бір әдіске негізделген ем шаралары қолданылады.
Дамыған заманда қатерлі ісікке қарсы қандай жаңа әдіс-тәсілдер енгізілуде?
Елімізде балалар онкологиясын емдейтін екі республикалық орталық бар. Оның бірі Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы болса, екіншісі - астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы.
2012 жылы Қазақстанда бірінші рет онкогематологиялық патологиясы бар балаларды емдеудің жоғары технологиялық әдісі - дің жасушаларын гемопоэздік трансплантациялау енгізілді. Дің жасушасын (стволовая клетка) ауыстыру өте күрделі ота саналады. Бұрын бұл тәсіл көбінесе шет мемлекетте жасалатын. Педиатрия орталығында 2012 жылдан бастап сүйек кемігінің ішіндегі аллотрансплантация және аутотрансплантация отасы 100-ден аса балаға жасалды. Бүйрек, бауыр ісіктерін резекциялау, сүйек ісіктері үшін модульдік типтегі ірі буындарды эндопротездеу сияқты қатты ісіктерге арналған орган сақтайтын хирургиялық араласулар енгізіліп, жүзеге асырылады, бұл мүгедектікке әкелетін оталардың санын азайтады және пациенттердің өмір сүру сапасын жақсартады.
2014 жылдан бастап балалардағы қатерлі сүйек ісіктері кезінде буындарды эндопротездеу бойынша орган сақтайтын ота жасау енгізілді. 6 жыл ішінде 50-ден эндопротездеу отасы жасалды. Жыл сайын Педиатрия орталығында 1500-ден астам ота жасау жүргізіледі.
Республикамызда «Қазақстан Республикасында балалар онкологиялық және гематологиялық қызметін жетілдіру» Жол картасы іске асырылуда. Қазір диагностикалау, ерте анықтау әлдеқайда жақсарды. Балалар онкологиялық және гематологиялық қызметінің біздің елімізде дамуы көптеген кішкентай балалардың сауығып кетуіне мүмкіндік беріп отыр.
Көп жас дәрігерлер бұл салаға шыдамайды
Әр дәрігер маманының өз ерекшелігі бар. Онколог-дәрігердің жұмысы физикалық жөне психикалық тұрғыда өте ауыр. Сондықтан да көп жас дәрігерлер бұл салаға шыдамайды. Ал, жалпы медицина қызметкерлерінің қызметі қиындығы да, ауыртпалығы да мол мамандық. Күн-түн демей жұмыс істейміз, уақытпен санаспайсың, кез келген уақытта телефон қоңырауына жауап береміз. Бірақ, дертінен құлан-таза айығып шыққан балалардың қуанышын көргенде, ата-анасының алғысын алғанда, жасаған еңбегіңнің еш кетпегенін көрген сайын қанат пайда болады.
Айта кетейік, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы - 1932 жылы құрылған және балалар денсаулығын қорғау саласындағы республикалық маңызы бар жетекші ғылыми-зерттеу медициналық ұйым.
Клиникада 285 төсек-орын қоры бар (олардың 5-і күндізгі стационарға тиесілі). Жыл сайын Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында Қазақстан Республикасының әр өңірінен жаңа туған нәрестеден 18 жасқа дейінгі 6000-ға жуық бала ем алады.