Шошқа тұмауы туралы шындық пен миф
Шошқа тұмауы елімізге ақыры қайта айналып соқты! Кеше Атырау облысында А/H1N1 қатерлі вирусының жаңа дерегі тіркелді. Бұл туралы кеше ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Комитет мамандары таратқан мәліметке сүйенсек, қарашаның 19-ы күні Атыраудағы «ТеңізШеврОйл» компаниясына қарасты емханаға өткір респираторлық вирусты инфекция жұқтырған 53 жастағы АҚШ азаматы түскен. Аталған мекемеде жұмыс істейтін оның осы айдың 10-ы күні Амстердам-Атырау-Теңіз бағытындағы әуе рейсімен ұшып келгені белгілі болды.
Хабарламада «Шошқа тұмауын анықтау мақсатында республикалық санитарлық-эпидемиологиялық стансының референс-зертханасында тексеруден өткен анализ қорытындысы қарашаның 23-і күні науқастың осы қатерлі дертке шалдыққанын көрсетті», – делінген. Естеріңізге сала кетейік, бүгінге дейін елімізде шошқа тұмауының 17 оқиғасы тіркелген болатын. Науқастардың барлығы құлан таза айығып шыққан.
Дегенмен соңғы кезде шошқа тұмауына байланысты ел арасында гу-гу әңгіме жүргенін де жасыруға болмайды. Аты-жөнін атамауды өтінген бір дереккөз соңғы үш аптада елімізде шошқа тұмауынан бірнеше жүкті әйел көз жұмды-мыс дегенді мәлім етті. Оның айтуынша, бұл оқиға Шымкент, Астана және Қарағанды қалаларында болған. Біз дереккөз мәліметі мен ел арасындағы алыпқашпа әңгімелердің байыбына бару мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне хабарласқан едік.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Алмагүл ӘБЕНҚЫЗЫНАН:
– Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің мәліметі бойынша, республикада әзірше шошқа тұмауына қатысты бір ғана дерек тіркеліп отыр. Басқа ақпарат жоқ. Сол себепті жүкті әйелдердің шошқа тұмауын жұқтырғаны туралы мәліметті растай алмаймыз, – деген хабар алып, көңіліміз орнына түсті. Тек денсаулық саласындағылар немқұрайлыққа салынып, дертті асқындырып алмаса болғаны да...