Шопырлар кінәлі болып шықты...
Ақтөбе қалалық соты өткен қыста «КамАЗ» көліктерін жалдап, Өзбекстаннан газ құбырын әкелуді ұйымдастырғандар мен сапарға барған жүргізушілерге қатысты іс бойынша шешім шығарды.
Өзбек еліне қарай керуен жіберген 43 жастағы Б.Жәнібек есімді азамат енді жеті жылын түрмеде өткізетін болды. Мүлкі де тәркіленеді. Оған қоса үш жылға дейін жүк тасымалымен айналысу құқынан айырылды. Көмекшісі 46 жасар Т.Төлеген болса бес жылды арқалады. Оның да мүлкі тәркіленеді. Екеуі де еш жерде жұмыс істемейді екен. Бұрын сотталмаған. Отбасылары бар. Ал Ақтөбе қалалық соты бұларға қоса, шекараны заңсыз кесіп өткен деген айыппен оқиға орнынан қашып кеткен сегіз көлік жүргізушісіне екі жылды шартты түрде өтеу туралы шешім шығарды. Олар тек шекараны заңсыз кескендері үшін ғана жауапқа тартылды.
Естеріңізге салар болсақ, Жәнібек пен Төлеген ақпан айында 25 «КамАЗ», екі автокран, жанар-жағармай құйылған автокөлік пен қар тазалағыш К-700 тракторын жалдайды. Автокеруенді Бозой елді мекені жаққа барып қайтуға жөнелтеді. Далада жатыр дегендері «ӨзТрансГаз» АҚ-тың иелігіндегі газ құбырлары болып шығып, көлік жүргізушілерін Қарақалпақстан полициясы ұстап алады. Олар бірнеше ай шекараны заңсыз кесіп өтті деген айыппен түрмеде отырды. Мұның соңы дауға ұласып, жағдайға Ақтөбе облысының әкімі бастаған лауазымды тұлғалардың араласуына тура келді. Ақыры көліктері тәркіленген ақтөбеліктер айыппұл арқалап, елге әрең оралған болатын. Осы сапарды ұйымдастырды деп жауапқа тартылған Жәнібек пен Төлеген өздеріне телефон арқылы басқа бір тұлғаның тапсырыс бергенін айтып, заңсыз істі ұйымдастырды деген кінәні сол беті мойындарына алмады.