Қазақстан аумағында өсімдіктердің 6000-нан астам түрі, 5000-ға жуық саңырауқұлақ, 485 қына, 2000-нан астам балдырлар, 500-ге жақын мүк тәрізділер тіркелген дейді деректер. Бұл өсімдіктердің қатарында дәрілік, азықтық, техникалық, тағамдық, әсемдік, ағаштық-бұталық өсімдіктер бар. Соның ішінде өзге ел өте ірі өнеркәсіпке айналдыра алып отырған дәрілік шөптер де жетіп артылады. Көрші елдер дәрілік шөптерді өсіріп, баптайтын, жинайтын арнайы колхоздары мен совхоздарын жандандыруда. Ал кең байтақ жері дәрілік шөпке тұнып тұрған қазаққа мұны мықтап ойлану қажет-ақ.
Кеңес үкіметі кезінде Одақ бойынша осындай дәрілік шөппен айналысатын совхоздардың саны 30 шақты болыпты. Мысалы, бүгінде Украинадағы «Радуга» ААҚ – сонау соғыс жылдары 1944 жылы құрылған дәрілік өсімдіктерді өсіретін және дәрілік-өсімдік шикізатты өңдейтін арнайы шаруашылықтың мұрагері. Сонымен қатар өз еліндегі дәрілік өсімдіктерді өсірушілердің көшбасшысы. Белоруссияда да «Большое Можейково» деген совхоз бар. Онда совхоз 130 тонна валериан тамырын дайындайды екен. Бұл да – сол елдегі айтулы совхоз.Мәліметтер оның жыл сайын түймедаққа арналған егін алқабын арттырып келе жатқанын көрсетуде. Сонымен қатар бұл совхоз қырмызыгүл, тау жалбызын, валериан өсіріп, ішкі нарығын қамтамасыз етіп отыр. Себебі дәрілік шикізаттың шетелдік өнімнен кем түспейтінін айтуда олар. Онымен қоймай, дәрілік шикізатқа деген сұраныс жыл сайын артып келеді екен. Жүрек-қан тамырларын емдеуге арналған дәрілердің 77 пайызы, асқазан-өт жолдары дәрілерінің 74 пайызы, жүйке жүйесін емдеуге арналған дәрі-дәрмектің 30 пайызы осы өсімдік шикізатынан алынады екен. Сондықтан дәрілік шикізатпен қамтамасыз ету үшін оның жиын-теріні де ұйымдасқан түрде мамандандырылған болуы тиіс. Ал Аллаға шүкір, біздің елімізге табиғат дәрілік өсімдіктерді үйіп-төгіп бере салған. Тек бір әттеген-айы – оның барлығын бірдей өзіміз әжетке жарата алмайтындығымыз. Қазақ жерінің жанға дауа дәрілік шөбі мен емдік қасиеті бар өсімдіктерін өзге елдің адамдары кейде ың-шыңсыз-ақ жинап әкетіп жатады...
Дәрілік өсімдіктен өнеркәсіпке дейін...
Шыны керек, бұл күні еліміздің бір ғана аумағында бір ғана ұйым дәрілік өсімдіктерді жинауды өнеркәсіптік негізде жолға қойған. Ол – Жетісу аймағындағы «Азия голд» ЖШС. Жалғыз болса да, жауға жалғыз шапқандай қыруар іс тындырып отырған өндірістің «Радугадан» кейін екінші орын иеленетінін атап өткен жөн. Алайда бұл бір ғана өндіріс елді толық дәрілік шикізатпен қамтамасыз ете алады деу әсте қиын. Бір Жетісуда ғана емес, ұшы-қиыры жоқ еліміздің әр аймақ-өңірінде совхоз, колхоз болмаса да, соны өндірістік жолға қоятын жоба қажет. Әйтпесе қадірін білмей жүрген дәрілік өсімдіктеріміз өзгенің қанжығасында кетуі ғажап емес. Ақиқатын айтуға тиіспіз, белорус пен украин, орыстар секілді оны теріп, жинап жатқан біз жоқ. Ал бұрынғы Кеңес Одағының фармацевтiк өнеркәсiбiне арналған жабайы өсiмдiк шикiзатының 80 пайыздан астамы Қазақстан мен Орталық Азияда дайындалыпты. Қазақстанда жылына «Қаздәрөсөнеркәсiп» бiрлестiгi – 500-600 тонна, орман және аң шаруашылығы кәсiпорындары – 50-60 тонна, Ботаника және фитоинтродукция институты – 10 тоннаға дейiн, Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігінің ұйымдары 5-7 тоннаға жуық дәрiлiк өсiмдiкті жинаған екен.
Дәрілік шикізат – қазақтың даласында
Медицинаның жетістігі осы дәрілік өсімдіктерде екенін айтып жатудың өзі әбес. Мысалы, дәрілік өсімдіктерге деген сұраныс Орталық Азияда 1970-1980 жылдарда 250 пайызға өсіпті. Қазіргі таңда олардан дәрілік препараттар дайындаудың мүмкіндігі 100 пайыз емес. Өйткені олардың жиналып, өсіп-өнуін қадағалау жоқ.
Қолда барымыздың қадіріне жете бермейтіндігіміздің бір мысалы – кәдімгі бақбақ тұқымын Еуродақ елдерінің аттай қалап әкетуін айтсақ та жетіп жатыр. Кәдімгі бақбақтың тамырындағы каучуктың құрамы 27 пайыз екенін білген олар бақбақтың жаңа түрін ойлап тапты. Голландияда бақбақтан алынған каучук арқылы көліктің доңғалақтарын жасап шығарды. Ол бразилиялық гевейге қарағанда озық болып шыққан. Ал автокөліктердің бұл доңғалақтарының Кедендік одақтағы нарықтағы құны жылына 1 млрд долларды құрайтынын айтқан болатын мамандар.
Естуімізше, ЕО бағдарламасының ұлттық үйлестірушісі Камила Мағзиева Қазақстанға көксағызды қайтарып, оны ауыл шаруашылығында өркендетуге бет бұрса керек. Алматы облысында бақбақтың алғашқы егіс алқабын отырғызуды да көздегенін білеміз. Бір өкініштісі – бұған қатысты мамандардың жоқтығы көрінеді.
Камила МАҒЗИЕВА, Қазақстандағы ғылыми-зерттеулерді қолдау бойынша тәуелсіз сараптама-кеңесінің директоры:
– Бұл – жаңа бірегей жоба. Бірақ Қазақстанда көксағыз бойынша сарапшылар жоқ. Оған ешкім де баға бере алмайды. 2006 жылдан сарапшылар іздедім. Нәтижесінде тамыр зерттеуші ғалымды таптым. Каучук өндірісі – қалдықсыз өнім. Біріншіден, біз көксағыздың өзінен каучук аламыз, екіншіден, инсулин, ол қант диабетін емдеуге қажет. Үшіншіден, барлық қалдық биоотынға айналады. Төртіншіден, бұл бақбақтардан жоғары сапалы бал пайда болады.
Халық емшілері не дейді?
Жерімізде сыңсыған дәрілік өсімдіктердің пайдасы туралы көп айтылады. Кейінде бұл мәселеге біршама мойын бұрылды. Десек те, шетел асып келетін дәрі-дәрмекке тәуелділігіміз 70 пайыз. Оған қоса бұқара жылына 120-130 млн теңгеге жасанды дәрі-дәрмектер сатып алатын көрінеді. Ал дәстүрлі медицинамен қатар, заңдық тұрғыда халық медицинасы өкілдері де дәрілік шөптер мен шипасы мол зәмзәм суларымыздың назардан тыс қалып жатқанын жасырмайды.
Гүлбадан қажы ҚАСЫМОВА, халық емшісі:
– Рас, дәру шөптер мен дауасы бар сулар бар. Бірақ оған айтарлықтай көңіл бөлінбей келе жатқаны – шындық. Қолдаусыз оның да қанат жаймайтыны белгілі. Дәстүрлі медицина мен халық емшілігінің де илегені бір терінің пұшпағы. Сондықтан екі жақ тығыз байланыста бола отырып, дәрілік шөптердің халықтың денсаулығына шипасы тиюін діттегені жөн деп білемін.
Түйін
Жасыратын несі бар, өзгелердің дәрілік шөптерді жинап, оны өсіріп, баптауға арналған арнайы совхоз-колхоздарын құрып тастағанына кәдімгідей қызықтық. Оны үлкен өндіріске айналдырып та алыпты. Сосын қалай қызықпайсыз? Ал қазақтың емдік шөптері көбіне-көп ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатады. Одан қалса – малға азық. Ал қарапайым халық қытайдың я жапонның, болмаса корейдің шөп тұнбаларын шишалап ішіп мәре-сәре. Қымбат-арзанына да қарамайтын болған.