«Шоң мен Шорман еді»...
Жуықта Баянаулада Шоң, Шорман билерге ескерткіш-мүсіндер орнатылды. Аталмыш шараға кезінде «Шоң би» атты тарихи роман жазған майдангер жазушы, бүгінде 90-ның төріне жақындаған қария Қалмұқан Исабаев келіп қатысып, аудан әкімі Ернұр Әйткенов екеуі ескерткіштің жамылғысын сыпырып, ашу рәсімін жасады.
Мүсін авторы – қарағандылық мүсінші, Қазақстан мүсіншілер одағының мүшесі Жаубасар Қалиев. Ескерткіштің тұғыртасына жазылған «Шоң мен Шорман еді, бір-біріне қорған еді» деген Сұлтанмахмұт сөзінен осы екі тарихи тұлға жайлы көп нәрсені аңғаруға болатын секілді. «Едігенің Шоңы еді, жақсылардың соңы еді, істеген ісі оң еді» деп халық айрықша қадірлеген Шоң би – патша үкіметінің отарлауына табанды қарсылық танытып, хандар институты таратылып, сыртқы округтер ашыла бастаған уақытта «төртуыл одағын» құрып, Баянаула дуанын ашуға қол жеткізген тарихи тұлға. Және ғасырлар бойғы қалыптасқан дәстүрді бұзып, тұңғыш рет қара қазақтың ішінен Баянаула округіне аға сұлтан болып сайланады. Шоң би жайлы ел аузында сақталған әңгімелерден басқа, Мәшһүр Жүсіп жазбаларында жан-жақты баяндалады. Баянаула елінің тағы бір айшықты тұлғасы Шорман би (Жұмабай) Күшікұлы (1788-1836) – бақ пен дәулет бірдей дарыған атақты Сәти ұрпағы. 14 жасында Уәли ханның алдында билік айтып, бала би атанып, кейіннен Орта жүз Сүйіндік елінің бірегей тұлғасына айналады. Алғаш округ ашылғанда капитан дәрежесіндегі Шорман Шоң Едігеұлының орынбасары болса, Шоң дүниеден өткен соң, оның орнына аға сұлтан сайланыпты. Бірақ бұл қызметті бір жылға жетер-жетпес уақыт қана атқарған Шорман өмірден мезгілсіз өтеді. Сүйегі қазір Ақмола облысы Ерейментау ауданының жерінде, Шорман өзенінің жағасында жатыр.
Сайлау Байбосын, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:
– Шынын айтсақ, қазіргі көзі тірі генералдарға дейін ескерткіш тұрғызып қойған Баян елінде кезінде елге тұтқа болған Шоң мен Торыайғыр, Шорман, Үкібай секілді билерге неге бір белгі жоқ деп ойлайтынбыз. Халықтық ән өнерінің қайталанбас тұлғалары – Жаяу Мұса мен Жарылғапбердіге, қазақ әдебиетінің бастауында тұрған Жүсіпбек Аймауытов пен Қадыр Тайшықовтарға неге ескерткіш жоқ екен деп жүретінбіз. Осы бір жақсы бастама алдағы игілікті шараларға мұрындық болар деп ойлаймыз.