Сиыры – үшем, қойы төртем туған күн
Жуырда Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында бір қой бірден – төрт қозы, Қазталов ауданында бір сиыр қатарынан үш бұзау туды. Қаратөбе ауданының тұрғыны Ғизат Баянғалиев қора толы төрт түлігіне бейжай қарамайды. Уақытылы шөбін салып, жемін жемдеп, қауға алып суарып, ірілі-ұсақты жұмысты күні бойы өзі атқара береді. Сабақтан бос уақытта ұлы Бекзаттың тигізер қолғабысы тағы бар.
Өткен сенбіде Ғизекеңнің бір қойы бірден төрт қозылы болды.
– Қозылардың жүрісі ширақ. Екі қозының түсі – қара, қалған екеуі қоңыр түсті. Енесінің емізуі де қалыпты. Бірақ қозыларға бір мезгіл сиырдың сүтін беремін, –дейді мал иесі.
«Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген – осы.
Ал Қазталов ауданы Қошанкөл ауылының тұрғыны Марат Бегалиевтің сегіз жасар сиыры бірден үш бұзау туып, айды аспанға шығарды. Былайша айтқанда, бұл «мөңіреме» «үш жылдық жоспарды» бір жылда орындады.
Ауыл әкімі Аязби Шамұратовтың айтуынша, сиыр қолдан ұрықтандырудан (қазақтың ақбас сиыр тұқымы) өткен. Ұрықтандырушы техник маман Есен Жұмаевтың есеп кітабына жазылған. Әр бұзаудың салмағы 20 келіден тартады. Дүниеге келген бұзаулар ширақтық көрсетуде.
Халқымызда сиыр малы егіз тапса, оған көп қуана қоймай, жаман ырымға балап, сыңарын басқа адамға беріп жіберетінін естуші едік. Ал сиырдың үшем табуын қандай ырымға жатқызуға болады.