Шығыс Қазақстанда облыстық мешіт сіркесу қышқылын ішіп өлгісі келген әйелдің несиесін төлеп берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыстың бас имамы Нұрлан Байжігітұлына сілтеме жасап.
Бас имамның айтуынша, ол несиесін төлей алмаған 37 жастағы әйелдің сірке қышқылын ішкені жайлы ақпаратты Tengrinews.kz порталынан оқып қалған. "Әйел туралы осы сайттан оқып қалып, бұл жайт жүрегіме қатты батқан еді. Пайғамбар туған Мәуліт айында қайырымдылық жасағымыз келді. Содан Шамонаиха аудандық ішкі істер бөлімі арқылы бұл әйелдің жағдайын сұрадық. Әйел ауырып жатқандықтан күйеуімен сөйлестік", - деді бас имам. Бұдан кейін мешіт өкілдері зардап шеккен әйелдің өзінің және күйеуінің атында 398 мың теңге көлемінде несие бар екенін анықтайды.
Облыстық мешіт өкілдерінің айтуынша, бұл отбасы екінші деңгейлі банктердің бірінен карталық несие алған, кейін оның пайызы көбейіп кеткен. "Ислам діні жалпы несиені жақсы көрмейтіні белгілі. Сондықтан отбасының ауыр жағдайын біліп, мешіт атынан оның несиесін жауып бердік. Жалпы бұл ғана емес, діни басқарманың бізге қоятын талабы да осы - халықпен бірге болып, қайырымдылық істерімен айналысу", - деді имам. Нұрлан Байжігітұлының айтуынша, қазіргі уақытта әйелдің денсаулығы түзелген.
Еске сала кетейік, 6 қаңтар күні Шығыс Қазақстан облысында бір әйелдің сіркесу қышқылына уланып өлгісі келгені хабарланған болатын. 34 жастағы әйел Шемонаиха ауданының орталық ауруханасына "сіркесу қышқылынан улану" диагнозымен түсті.