Синоптиктер 2019 жылғы шілде айына арналған консультативтік болжамын жария етті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Шілде айында синоптикалық жағдайдың жиі өзгеруі болжанады: батыс антициклондардың енуі оңтүстік циклондардың шығуымен ауыстырылады.
"Айдың басында солтүстік өңірлерге Скандинавия аудандарынан циклон ығысады, онымен бірге дауылды жел соғады, жаңбыр, кей жерлерде қатты жаңбыр болжанады, сондай-ақ бұршақ, найзағай және дауыл түріндегі конвективті құбылыстар күтіледі.
Елдің солтүстігінде, солтүстік-батысында және орталығында ауа температурасы күндіз +17+26ºС-қа дейін төмендеуі болжанады.
Оңтүстікте қатты ыстықтан кейін ауа температурасы +25+33ºС-қа дейін төмендеуімен қатар нөсер жаңбыр жауады.
Бірінші онкүндіктің соңына қарай ауа температурасы біртіндеп жоғарылай бастайды", - дейді мамандар.
Ал екінші және үшінші онкүндіктерде сынап бағаналары солтүстік, орталық пен шығыста түнде +10+15ºС-тан +15+20ºС-қа дейін, күндіз +25+30ºС-тан +30+38-қа дейін ауытқиды;
республиканың оңтүстік, оңтүстік-шығыс және батысында түнде +15+20ºС-тан +20+30ºС-қа дейін, күндіз +30+38ºС-тан +35+45ºС-қа дейін ауытқитыны айтылады.