Сенат министрлер кабинетіне 20-дан астам ұсыныс жіберді
Сенат Төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіровтің төрағалық етуімен Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін одан әрі арттыру мәселелеріне арналған үкімет сағаты өтті. Кездесуде өнеркәсіп саясатын заңнамалық реттеу, сала мәселелері және оларды шешу жолдары талқыланды.
"Қазақстан өзінің өнеркәсіптік саясатында экономиканың шикізаттық емес секторларын, оның үстіне әлемдік нарықтың конъюнктурасына тәуелділігі аз секторларды дамытуда баламасыз бағыт ұстануы тиіс. Сондықтан өнеркәсіптік саясатты құқықтық реттеуде оның өңдеу секторын дамытуға және экономикалық өсу көздерін әртараптандыруға баса назар аударылатын болады", &ndash деді Сенат Төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров.
Сенаторлар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың баяндамасын тыңдап, өнеркәсіпті дамытуға серпін беретін бірқатар ұсыныстар айтты. Сонымен қатар, бұл ұсыныстар осы Үкімет сағатына дайындық аясында сенаторлар жүргізген үлкен дайындық жұмыстарының нәтижесі болды.
Сенаторлардың ұсыныстарының ішінде &ndash "Мемлекеттік сатып алу туралы" Заңға өзгерістер енгізу де бар. Одан депутаттар отандық өнім өндірмейтін кәсіпорындардың өнім жеткізудегі мүмкіндіктерін алып тастауды ұсынып отыр. Сондай-ақ, өнеркәсіптік саясаттың мақсаты мен міндеттерін, нақты айтқанда, минералдық-шикізаттық саясаттан өңдеу саясатына көшу, экспортқа бағдарланған және жоғары технологиялық өнім өндіру үшін жағдай жасауды заңнамалық түрде айқындау ұсынылды. Тағы бір ұсыныс &ndash инвесторларға салықтық жеңілдіктердің әртүрлі деңгейін беріп көру. Яғни, компания өндіріске неғұрлым көп инвестиция салса, соғұрлым жеңілдіктерге ие болады. Сенаторлар ұсынған принцип өнеркәсіпшілерді өнімді неғұрлым терең өңдеуге ынталандыруға тиіс, ол бойынша ұлттық жобаларды әзірлеу кезінде өндірісті қайта бөлу деңгейі жоғары компанияларға әрқашан басымдық берілуі қажет. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда жұмыс істейтін кәсіпорындар да неғұрлым жауапты болуға тиіс.
Сенаторлардың пікірінше, мемлекет тарапынан қолдауға ие бола отырып, олар өндіріс, экспорт, инвестиция көлемі, жергілікті қамту үлесі, сондай-ақ, қайта бөлу деңгейі бойынша өздеріне көбірек міндеттеме алуы керек.
Депутаттар тыңдау барысында жұмыс істемейтін өндірістерге ревизия жүргізіп, олардың ішіндегі бәсекеге барынша қабілетті өндірістерді қайта іске қосу бойынша Жол картасын әзірлеуді ұсынды. Өңдеуші өнеркәсіптің орта және ірі субъектілерін синдикатталған қарыздар және лизинг түрінде несиелеумен қамтуды кеңейту үшін жаңа қаржы құралдары ұсынылды.
Үкімет сағатына дайындық аясында Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары түрлі министрліктер мен мекемелердің, "Атамекен" палатасының басшылығымен, сондай-ақ, сала сарапшыларымен көптеген кездесулер өткізіп, 100-ге жуық мәселені талқылады.
Үкімет сағатының қорытындысы бойынша әзірленген ұсынымдар Министрлер кабинетіне жолданады.