Семейде қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, философ Абай Құнанбайұлының 165 жылдық мерейтойы тойлануда. Айтулы мерекеге орай еліміздің түкпір-түкпірінен киелі шаһарға жүзден астам көрнекті ақын-жазушылар, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері келді. Дүбірлі мереке қазанның 6-сы күні алыстан ат арытып келген меймандарды қарсы алудан басталды.
Тойдың шымылдығын ашқан қос шара
Мерекенің шымылдығы екі бірдей шарамен ашылды. Оның бірі «Әнді сүйсең, менше сүй» атты Абай әндерін орындаушылардың байқауы болса, екіншісі «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» тақырыбындағы ақындар мүшәйрасы. Қос байқауға бақ сынау үшін жетпіске тарта талапкер қатысып, өнерлерімен көрерменді тәнті етті. Сайыс болған соң бірі сүрінеді, бірі оза шабады. Шашасына шаң жұқтырмайтын таланттар бұл жолғы сайыс барысында жиылған жұртты өздерінің киелі топырақтан нәр алып, ұлы ғұламаның ізін басып келе жатқан ұлағатты ұрпақ екендерін тағы бір айғақтағандай әсерде қалдырды. Бұл күні таңертең басталған қос шара түс ауғанша жалғасты. Үміткерлер қасиетті Семей шаһарына келген меймандарды осылай ән-жырға бөлеп, шөліркеген көрерменді маржан жырға сусындатты.
«Әнді сүйсең, менше сүй...»
Өкініштісі сол, Абай әндері шырқалып жатқан Достық үйінің залында көрермен жоқтың қасы. Былайша айтсақ, тыңдар құлақ жоқ. Әнді орындап жатқан да, көрермен болып отырған да – сол орындаушылардың өздері. Арасында бірен-саран журналистер қауымы бар. Бақсақ, бұл шара құдды қазылар алқасына ғана арналған сияқты. Бұған қарап, елімізде ақынның әндеріне деген құлшыныс жоқ екен деп ойлаған жөн болмас. Ұйымдастырушылардың байқаудың қай жерде болатынын дер кезінде хабарламағанынан осындай кемшілік орын алған сынды. Бірақ көрерменнің аздығына қарап жатқан жан жоқ. Әншілер өнерлерін ортаға салып, жүлделі орынға ие болу үшін айрықша талпыныс жасады.
Байқаудың басты мақсаты – әншілер арасынан Абай шығармаларын үздік орындаушыны анықтап, ақынның әндерін кеңінен насихаттау. Айта кетсек, байқауға облыстың барлық аудандарынан отызға тарта күміс көмей әншілер келіп, бақтарын сынады.
Абай әндерін орындаушылардың өнерін ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, белгілі әнші, композитор Тұрсынғазы Рахимов, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әнші, «Құрмет» орденінің иегері Бақыт Үдербаева, композитор, облыстық Достық үйінің директоры Бағдат Есдәулетовалар бағалады. Ал қазылар алқасының төрағасы болып профессор, Абай әндерін насихаттаушы Шахимардан Әбілев тағайындалды.
Шахимардан ӘБІЛЕВ, қазылар алқасының төрағасы:
– Абайдың өлеңдерін айту деген – ол өте күрделі нәрсе. Бұл – үлкен классика. Бұны жай айтуға болмайды. Абай айтпақшы, «ұйықтап жатқан жүректі ән оятар». Ұлы Абай атамыздың мерейтойында жақсы ән тыңдап, көңіліміз көтеріліп жатыр. Жақсы әншілер жоқ емес, баршылық.
Келденбай ӨЛМЕСЕКОВ, дәстүрлі әнші:
– Орындаушылар Абайдың әндерін аздырып жатыр. Дауыстары жоқ емес, бар. Бірақ әнді дұрыс айтпайды. Қазір ақын әндерін кім көрінген орындай беретін болды. Осыдан барып әннің құны кетеді. Құты қашады. Бұлай болмас үшін көп оқу керек. Үлкен әншілерден сабақ алу қажет. Соған қоса, қараңызшы, микрофон біреуге беріліп, біреуге берілмей жатыр. Ал қазылар бұны қалай бағалайды?
Сонымен, байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Семей филармониясының әншісі Мұңлық Сарбасова жеңіп алды. Бірінші орынды Нұриддин Иманбаев пен Жасұлан Тәжин иеленді. Екеуі де – семейлік. Ал екінші орын Айнұр Абылқасымова (Семей қаласы), Мейрамбек Ахметов (Тарбағатай ауданы), Айжан Мәзкеноваларға (Өскемен қаласы) бұйырды. Үшінші орынды Елдос Жақсылықов (Аягөз ауданы) пен Қажымұқан Мағазбек (Бородулиха ауданы) иеленді.
«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы...»
Бұл күні осы байқаумен қоса бір уақытта Абайдың әдеби-мемориалдық қорық мұражайында «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты аймақтық жазба ақындар мүшәйрасы да өтті. Жыр додасына мектеп оқушысынан бастап өнер қайраткерлеріне дейін қатысты. Ұлы Абайға ұқсап баққысы келетін, ойшылдың жолын қуып, ізін жалғаушы ұрпақтың бар екені көңілге қуаныш ұялатты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жыр додасына қатысуға отыздан астам адам ниет білдірген. Іріктеу сыннан өткен ақындар сайыс талабы бойынша Абайдың бір өлеңін, Отан сүю және өзінің еркін тақырыпта жазылған шығармасын тыңдарман назарына ұсынуға міндеттелді. Екінші кезеңге он үш ақын өтті. Қатысушылардың өнерін Төкен Ибрагимов, Тыныштықбек Әбдікәкімов сынды белгілі өнер адамдарынан құралған әділқазылар алқасы бағалады. Ұлы Абайға арналған шара ортасында Мағауиядан, Ақылбайдан тараған ұрпақтары да болды.
Ишағы ЖАҒЫПАРҚЫЗЫ, Абай Құнанбайұлының ұрпағы:
– Абай атам – халықтың Абайы ғой, қазақ халқының Абайы, мақтанышы. Барлығы соны жазады. Абай туралы жазатын абайтанушылар, журналистер болса, Алматыда маған келеді. Ұлы ақынның ұрпағы деп. Мен білгенімді айтып жатамын.
Жыр мүшәйрасының қорытындысы бойынша бас жүлдені өскемендік жас ақын Азамат Тасқараұлы иеленді. Бірінші орынды Бақытжан Раисова жеңіп алса, екінші орынға Әсем Ережеқызы мен Ғалым Байбатыров лайық деп танылды. Жүлделі үшінші орынды Серік Молдабеков, Талшын Нұрланқызы және Серікбек Туғановтар өзара бөлісті.
Бақытжан РАИСОВА, мүшәйра жеңімпазы:
– Абай қысқа айтады. Көпсөзділік жоқ. Қазір кейбір жастар сөз ойнатып, жарқ-жұрқ еткізіп, өлеңді ермекке айналдырып бара жатыр. Олай емес. Өлеңде ой болу керек. Өлең адамды жүз жылдан кейін де таңғалдыруы тиіс. Абай айтпақшы, «іші алтын, сырты күміс өрнек» болуы керек.
Қайымын да қазағы құрметтеді
Күннің екінші жартысында белгілі абайтанушы, ғалым, ақын, драматург Қайым Мұхаметхановқа арналған ескерткіш салтанатты түрде ашылды. Алыс-жақыннан келген ағайынның барлығы сол жерден табылды. Жиылған қауым алдында Семей қаласының әкімі Мейрамхат Айнабеков құттықтау сөз сөйлеп, ескерткіштің лентасын қиды. Бұдан кейін Семейдегі Халықтық ақындар орталығының жас таланттары туған жер, отансүйгіштік тақырыбында жазған жүрекжарды шығармаларын оқыды. Тойға Қайым Мұхаметхановтың ұрпақтары да тайлы-таяғы қалмай қатысты. Салтанатты рәсімнен кейін қонақтар абайтанушы ғалымның рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Қайым Мұхаметханов – ұлы ақынның өлеңдері, қарасөздері туралы «Абай шығармаларының текстологиясы» атты монография жазған ғалым. Сондай-ақ алғашқы Абайдың Семейдегі және Жидебайдағы мемориалдық үй-мұражайының ашылуына мұрындық болды. Әдебиеттің барлық жанрларында дерлік – поэзия, проза, драматургия, аудармашылықта еңбектенді.
Жасынан Алаш қайраткерлерін көріп өскен Қайым Мұхамедханов Абайды зерттеген еңбегі үшін тоталитарлық жүйеден соққы көріп, Карлагқа да айдалды. Сонау 1945 жылы Қазақстанның алғашқы Әнұранының сөзін жазды.
Абайдың інісі, Алаштың ардақтысы болған Қайым Мұхамедханов ескерткіші Семей қаласының дәл орталығында – Абай кітапханасы мен Достық үйінің арасында, Абай атымен аталатын көшенің бойына орнатылды.
Жобаның авторы – белгілі мүсінші Оразымбай Бекбаев. Ескерткіш стелладан және үш пилоннан тұратын монументалды композиция. Жетекші стеллада жазушының қола кеудемүсіні орналастырылған. Одан кейін – репрессия құрбандары мен Алашорда қайраткерлерінің баральефі. Ескерткішті сомдауға 30 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған.
Ескерткіштің салтанатты ашылуынан кейін шара Абай атындағы сазды драма театрда ақынға арналған шығармашылық кешпен жалғасты.
Осы кезде Балалар мен жастар шығармашылық сарайында жыр мүшәйрасы мен әншілер байқауында жеңіп шыққан жеңімпаздарды марапаттау рәсімі де өтіп жатты. Жүзден жүйрік шыққан өнерлілер арнайы дипломдармен марапатталып, соңы гала концертпен жалғасты.
Той тосын сыйдан басталды
Дүбірлі тойға жан-жақтан келіп жатқан қонақтар санында шек жоқ. Олардың ішінде есімі елге танымал Қабдеш Жұмәділов, Мұхтар Шаханов, Қалихан Ысқақ, Несіпбек Айтұлы, Тұрсын Жұртбай, Ғарифолла Есім, Зифа-Алуа Әуезова, Тұманбай Молдағалиев сынды зиялы қауым өкілдері бар.
Қазанның 7-сі күні Абай тойы тосын сыймен басталды. Таңсәріден Семей әуежайына ерекше ұшақ келіп қонды. Бірегейлігі – сол ұшақтың бортында «Абай Құнанбайұлы» деген жазу жазылған.
«Эмбраер 145» сериясындағы әуе кемесі Бразилияда жасалған. Семей бағытына Абайдың 165 жылдық мерейтойы қарсаңында ұшырылатындықтан, авиакомпания басшылығы ұшаққа ұлы ойшылдың есімін беруді жөн деп тауыпты. Басты ерекшелігі – ұшақ бұрынғымен салыстырғанда, діттеген жерге бір сағат жылдам жетеді. Мәселен, Алматыдан Семейге небәрі бір сағатта ұшып келесіз. Әрі тиімді. Онда жұмсалатын жанармай көлемі бұрынғы ұшақтарға қарағанда аз. Қазақтың біртуар ғұламасының есімі берілген әуе кемесіне алғашқылардың бірі болып еліміздің атақты жазушылары мен әнші, ақындары мінді. Олардың арасында Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов, белгілі әнші Мәдина Сәдуақасова, «Нұр-Мұқасан» тобы, танымал айтыскер ақын Ринат Заитовтар бар.
Мамандар бұндай ұшақ мұқым Орта Азияда әзірге жалғыз деп отыр. Әуе кемесі әзірше Алматы мен Семей бағытында қатынамақ. «СемейАвиа» АҚ «болашақта тағы осындай бір ұшақ сатып алу жоспарымызда бар» дегенді айтып отыр. Сәтін салса, ол ұшаққа да ұлтымыздан шыққан біртуар тұлғалардың есімін беру көзделген.
Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ, Қазақстанның халық жазушысы:
– Абай рухани нәр алған Семей қаласы! Абай суын ішкен Ертіс ана! Сәлем сіздерге, Алматыдан келген ақын-жазушылар атынан, әлеумет! Бұл тамаша тойға арнайы шақырылып, Абай топырағына табанымыз тигеніне өте қуаныштымыз. Бақыттымыз. Қазақ халқының ұлттық дәстүрі бойынша той қонақтарын қарсы алуға тайлы-таяқтарыңыз қалмай түгел келгендеріңізге үлкен рақмет! Абай елінің ыстық ықыласына тәнтіміз. Барлықтарыңызға бас иеміз. Той тойға ұлассын! Бұл той ұрпаққа үлгі, ұлтқа мерей, көрген адамдардың ешқашан есінен кетпейтін ғибратты тойы болсын.
Қонақтарды әуежайдан ШҚО басшысы Бердібек Сапарбаев пен Семей қаласының әкімі Мейрамхат Айнабеков қарсы алды. Ұшақтан түскен бойда меймандар ұлы ойшылдың ескерткішіне тәу етіп, гүл шоқтарын қойды.
Бұдан соң киелі шаһардағы мерейтойға арнайы келген зиялы қауым Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетіндегі «Абай мұрасы – адамзаттың асыл қазынасы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. Айта кетсек, конференцияға Ресей, Қырғызстан, Моңғолия және Қазақстанның абайтанушы ғалымдары қатысты. Олар ұлы ақынның даналығы жайлы ойларын ортаға салды.
Николай АНАСТАСЬЕВ, ресейлік ғалым:
– Мен Абайдың қарасөздері мен өлеңдерін орыс тіліне аударып, оның өмірі мен шығармашылығы жайлы тереңнен зерттеп жүрмін. Абай – әлемдік әдебиеттің алып шыңы. Ақынның тұтас философиясы, ұлылығы, дүниетанымы бір ғана қазақ халқының маңдайына сыймайды. Оның дүниеге көзқарасы мен шығармалары бүкіләлемдік қазынаға қосылған саф алтын қор екендігі сөзсіз. Ол – классик жазушы, ақын, философ, сазгер десем, артық айтқандық емес. Көркем әдебиетте оған жетер алып тұлға жоқ.
Конференциядан кейін қонақтар Абай атындағы сазды драма театрында ақынның 165 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында бас қосты. Дүбірлі тойға жиналған жұртшылыққа ең алдымен театр әртістері дайындаған композиция ұсынылды. Ұлы ойшылдың шығармашылығынан үзінді келтіріліп, Абай бейнесі сомдалды. Ақын есімі берілген театр сахнасында ғұлама үнімен үндесіп, сырлы саз қалықтады. Барша жұрт сахнадағы бір мезеттік Абай заманы арқылы ақын әлеміне қаныққандай әсер алды.
Басқосу кезінде облыс басшысы Бердібек Сапарбаев қасиетті Абай топырағына табан тіреген құрметті қонақтарға шын көңілмен ризашылығын білдіре келе, еліміздің Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің және Мәжіліс төрағасы Орал Мұхаметжановтың Абай еліне арналған құттықтау хатын оқып берді. Сонымен бірге Абайды насихаттауда аянбай еңбек етіп жүргендердің бірқатарына темір тұлпар мінгізді. Көліктің кілтін алғандар арасында КСРО халық әртісі Еркеғали Рахмадиев, қоғам қайраткері, белгілі жазушы Қалихан Ысқақ және мемлекеттік сыйлықтың иегері Сейіт Қасқабасовтар бар. Жиын соңы танымал әншілердің концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Абай тойы Абай ауданында жалғасты
Ұлы Абайдың 165 жылдық мерейтойына орай «Абай үні – ұрпаққа ұлағат» атауымен Семей шаһарында екі күн қатар тойланған мәдени іс-шаралар қазанның 8-і күні ғұламаның туған жерінде жалғасын тапты.
Меймандарды Жидебайға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өзі бастап барды. Аудан әкімшілігі қонақтарды аудан шекарасында күтіп алды. Ел ағалары алдымен Жидебай, Бөрілі тарихи-мәдени мұражайларын аралады. Ұлы ойшылдың қолының табы бар заттарды көзбен көрді.
Тойға абайлықтар да барынша дайындалыпты. Қарауылтөбе үстіне ақ шаңқан киіз үйлер тігілді. Айта кетсек, ежелгі Шыңғыстау бөктеріндегі Қарауылтөбе – тарихи жер. Халқымыздың талай ұлы дүбірлі тойларының бастауы болған орын. Осы жерде қазақтың бас ақыны ұлы Абайдың 100 жылдық мерейтойы да аталып өткені баршаға аян.
Бұл жер – еліміз егемендік алғаннан кейін ұлтымыздың рухани ұстазы, әлемдік ақыл-ойдың алыбы, данышпан Абайдың 150 жылдық мерейтойының туы көтерілген қасиетті мекен. Енді, міне, сол топырақта ақынның 165 жылдық мерейтойы аталып өтуде.
Абайдай дана, Шәкәрімдей дара тұлғалардың іздері қалған қасиетті мекенге келген меймандар түс кезінде көшпенді қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін киіз үйлерге еніп, ақын рухына бағышталған Құран-қатімге қатысты. Сол жерде Абай Құнанбайұлына арналып ас берілді. Аудан басшысы Ержан Сүлеймен ұлылыққа тағзым етіп, кемеңгер бабамыздың 165 жылдық мерейтойына келген құрметті қонақтарға ризашылығын білдірді.
Ержан СҮЛЕЙМЕН, Абай ауданының әкімі:
– Тәуелсіздік жылдарында Абайға жаңаша көзқарас, жаңаша баға беру кезеңі басталды. Ұлы Абайдың 1995 жылғы ЮНЕСКО деңгейінде өткен 150 жылдық мерейтойы кемеңгер бабамызды бүкіл әлемге танытты. Жидебайда заман талабына сай Абай, Шәкәрім мемориалдық кешені салынды. Осынау әлемдік деңгейдегі мерейтойды өткізуге Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тікелей ұйытқы болды. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың: «Қазақ халқының киесі, ары мен намысы, ақылы мен жүрегі – ұлы Абайдың аруағына басымды идім», – деген тарихи, жүрек тебірентерлік, қанатты сөзінде бар қазақтың Абайға деген ақ ниеті, сүйіспеншілігі, құрметі тұр.
Ұлы Абай, өзі айтқандай, әкенің емес, халықтың перзентіне айналған тұлға, әлемдік деңгейдегі қайталанбас дарын. «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» дейтініміз де сондықтан. Бүгінде Абайды құрметтеу, ұлықтау, асыл мұраларын насихаттау елімізде кеңінен қанат жайып келеді. «Абай» энциклопедиясы шығарылып, республикалық деңгейде Абай оқуларын өткізу дәстүрге айналды. Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысының орталығы – Өскемен қаласында облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевтың басшылығымен ұлы Абай ескерткішінің ашылуы ақынды ардақтаудың жарқын көрінісі болды.
Міне, бүгін тарихи Қарауылтөбеде аудан халқы, қонақтар – барша жұртшылық ерекше қуаныш құшағында. Қазақ әдебиетінің алтын бесігіне, ұлылар мекеніне, Абай тойына – ел тойына қош келдіңіздер, ардақты ағайын, құрметті қонақтар! Баршаңызды ұлы Абайдың рухы жебесін!
Түс ауа меймандарға «Қаламқас» халықтық ән-би ансамблінің өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашты. Мерекелік концертті тамашалап болған қонақтар арнайы ұйымдастырылған ұлттық спорт ойындарының куәсі болды. Бұл күні шабандоздар бәйгенің аламан және топ бәйге сынды екі түрінен бақ сынады. Жарыс қашықтығы 15 және 25 шақырымды қамтыды. Осы кезде балуандар белдесуі де тартысты өтіп жатқан болатын.
Спорттық ойындардан озып шыққан жеңімпаздар арнайы сыйлықтарға қол жеткізіп, марапатталды.
Ал кешкісін Қарауыл ауылындағы орталық алаңда өнер қайраткерлерінің қатысуымен гала концерт болды. Тойдың соңы отшашумен аяқталды.