Шекарашылар қазасына байланысты қаралы күн жарияланды
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысы «Арқанкерген» шекара бекетінде болған қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстанда бүгін бір күндік ұлттық қаралы күн жариялады. Елбасының бұл туралы мәлімдемесін кеше Президент Әкімшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Менің тапсырмаммен қазіргі кезде тергеу жүргізілуде. Оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Мамандар мен комиссия өз қорытындысын жасайтын болады. Біз оқиғаның мән-жайын анықтаймыз, ұйымдастырушылар мен орындаушыларды табамыз. Сөйтіп, бұл трагедияға айыптылар тиісті жазасын тартатын болады. Шекарашылар елдің шебін қорғау кезінде, қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау қызметінде тұрғанда қаза болды. Олар Қазақстанның бейбітшілігі мен болашағы жолында қыршынынан қиылды. Менің тапсырмам бойынша Үкімет бұл күндері қаза тапқандардың отбасыларына барынша қолдау көрсетіп, қажетті көмектің бәрін жасауда.
Бұл трагедия қаза тапқандардың отбасылары мен ағайын-туғандарын ғана емес, барша қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырып отыр.
Сондықтан бір күндік ұлттық қаралы күн жариялаймын» делінген мәлімдемеде.
Шынында, ел шетіндегі, желдің өтіндегі атпалдай 15 азаматтың қазаға ұшырауы – бұрын-соңды болмаған сұмдық, мемлекет үшін үлкен қасірет, қаралы күн. Естеріңізде болса, осы өңірде 1969 жылы КСРО мен Қытай шекарасындағы «Жалаңашкөл» заставасында оқыс оқиға болған-тын. Бізге қарай 100 метрдей еніп кеткен қытай солдаттары кеңес жауынгерлеріне оқ атып еді. Қырғында біздің 2 жауынгер оққа ұшса, 19 қытайлық опат болғаны тарихта мәлім. Одан бергіде шекара бейбіт еді.
Оқиғаны ести салып, шекара отряды орналасқан Үшарал қаласына тарттық. Бұл мамырдың 31-і еді. Барлығымен ҰҚК айналысып жатқандықтан, жергілікті әкімдіктен ақпарат ала алмадық. Ал отрядқа енбек болған әрекетімізден түк шықпады. 2484-әскери бөлімнің бақылау өткізу пунктіндегілер есіктерін тас қып бекітіп тастап, бізді мүлде көрмегендей сыңай танытты. Арқанкергеннің өзіне жету мүлде мүмкін емес. Шекара отряды мен ол екі орта 190 шақырым болады екен. Оның жартысына автокөлік барса, ары-қарай атпен жүру қажет. Екі ортаға тек тікұшақтар қатынап жатыр екен.
Ертесі таң бозынан отряд алдын тағы торыдық. Мұнда енді жер-жерден жеткен біршама халық жиналып қалды. Сұрастыра келе білгеніміз – барлығы әлпештеп отырған баласын әскерге шығарып салып, артынан мынадай жағдайға душар болып отырғандар екен. Сөзге тартып едік, теріс айналды. «Сараптама нәтижесі шықпай ештеңе айта алмаймыз», – дейді.
Әупірімдеп жүріп, ақыры отрядқа да ендік-ау. Күні бойы есік алдында тұрғанымызды ескеріп, шекарашылар алдымен шайға апарды. Ақыры сұхбаттасудың да сәті түсті. Оқиға орнында жүрген ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары, Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Нұржан Мырзалиевтің айтуынша, бұл оқиға мамырдың 27-сінен 28-іне қараған түні болуы мүмкін. «Себебі жауынгерлер ұйқы үстінде өртеніп кеткен секілді. Қызудың қатты болғаны соншалық – екі қабатты темір төсек балқып кеткен. Нәтижесінде үстіңгі қабатта жатқан сарбаз астына түсіп кеткен. Өртенген үй осыдан 60 жыл бұрын қарағайдан салынған. Ғимараттың лап етіп тез өртенуі де сондықтан». Қолда ешқандай дерек пен дәлел болмағандықтан, мұны анау жасады, мынау жасады деп кесіп айту қиын. «Сараптама нәтижелері дайын болмайынша, ол мүмкін де емес» деген генерал-майор біраз жайттың жай-жапсарын айтып берді. Мәселен, бұған дейін «Арқанкерген» заставасы маңындағы аңшылық шаруашылығының күзетшісі сарбаздар жанынан табылды деген өтірік сөз екен. Ол өз үйінен табылған. Алдын ала анықталғандай, ол отты қарудан көз жұмған. Сондай-ақ қызметте болған 15 шекарашының 14-інің фрагменті табылған. «Адамнан түк қалмаған. Бір жерден шынашақтай сүйек тапсақ, енді бір жерден бүтін жілік шығып жатыр. Бірақ оны қолмен ұстауға болмайды, үгітіліп қалады. Сондықтан іздестіру жұмыстары баяулау жүріп жатыр. Оның үстіне үй орны әлі бықсып жатыр. Ауа кірген сайын шоқ астынан от шығады. Табылған адам қалдықтарын біз бірден Астанаға жөнелтіп жатырмыз. Кімнің кім екенін сол жақтағы зертханада анықтайтын болады»,– дейді Мырзалиев мырза.
Айта кетелік, мұнда еліміздің жеті облысының азаматы қызметте болған екен. Постыны оралдық офицер Алтынбек Кереев есімді жігіт басқарыпты. Одан кейін – келісімшарт бойынша қызметте жүрген старшина, аты-жөндері әзірге жарияланған жоқ; ал 13-і Отан алдындағы борышын өтеуге келген 1992-1993 жылғы жігіттер екен. Бұл мемлекеттік шекарадан 18 шақырым қашықтықта орналасқан застава тек жазды күндері жұмыс істейді. Себебі қыста мұнда қар өте қалың. Жауынгерлер мұнда мамырдың 10-ында жіберіліпті. Әзірге ондағы 15 жауынгердің 14-інің ғана мәйіті табылып отыр.
Қазір мұнда болған оқиғаға байланысты алыпқашпа әңгімелер көп. Гу-гу сөзге құлақ түрсең, ойың сан саққа жүгіреді. Бірақ сараптама қорытындыларынсыз ештеме айту мүмкін емес. Айта кетелік, оқиға орнында қазір өрттің шығу себептерін анықтайтын сараптама, адамның неден өлгенін анықтайтын сот-медициналық сараптама және табылған 15 автоматтан оқ атылған, атылмағанын анықтайтын балистикалық сараптама жүргізіліп жатыр.