Қырғызстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекаралары тоқайласатын тұстағы кейбір келеңсіздіктерге байланысты ресми Бішкек «Қайтпас» шекаралық пунктісін жабу туралы шешім қабылдады. Ал өзбектер жағы қарулы жасағын әкеліп отыр. Шекараның жабылуы мен әскердің шоғырлануында не сыр бар? Жағдай күрделеніп бара жатқанына қарап, бауырлас елдер арасында қандай да бір қақтығыс орын ала ма деген қауіп те жоқ емес. Сонымен, ойдағы өзбек пен қырдағы қырғыздың арақатынасының ушығуына қандай жағдайлар ықпал етті?
Біздіңше, екі ел арасындағы шиеленіс кеше ғана туындаған жоқ. Бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, Қырғызстандағы әркі-тәркі жағдай кезінде өзбек диаспорасы басшысының кейбір мәлімдемелері әп-сәтте билігін қопарып тастайтын қызуқанды қырғыздардың ашуына тиіп, екі ұлттың арасындағы жағдай өршіп, өзара қақтығыс орын алды. Екінші себеп, қырғыз қоғамында жағдай тұрақталмайынша, шекараның ашылмайтынын айтқан өзбек билігінің шешімін Манас жұрты қасақана жасалған экономикалық блокада деп түсінді. Осындай шырмауы көп шиеленістер бір айға жуық созылып, соңы мамыр айының 26-сы күнгі оқиғаға ұласты. Шартты сызық маңындағы өзбектің Сох ауданына қарасты Хушер елді мекені арқылы Согментке бармақ болған төрт автокөлікті қолға түсірген өзбек азаматтары қырғыздарды соққыға жыққан еді. Қырғыз азаматтары аяусыз соққыға жығылып, бір күннен кейін ғана туған ауылдарына кетуге мүмкіндік алады. Хикая бұдан әрі өзбектің Хушер ауылы тұрғындарының қырғызға қарасты Чарбак елді мекеніне баратын жолды қиратуымен өрбиді.
Дәл осы кезде су құбырының жүйесі бүлінген. Оқиға салдарынан әлі күнге дейін 400-ге жуық тұрғыны бар қырғыз ауылы ауыз судан зардап шегіп отыр. Бұдан кейін «барымтаға қарымта» принципін ұстанған қырғыздар ащы запыранын Өзбекстанның Риштан қаласына апаратын тас жолды жауып тастау арқылы шығарды. Кеше жағдай біршама күрделеніп, шекараның шартты сызығының екі жағына да қос мемлекеттің көршілес жатқан ауылдарының тұрғындары жаппай жиналды. Бұл әдеттегі шекара маңына топтасып төбелесу емес. Қырғызстандық ақпарат құралдары қырғыздың шекара маңында Согмент ауылының 300 тұрғыны мен өзбектің Хушер елді мекенін мекендейтін 1500 адам бар екенін растады. Бұған дейін орын алған түсініспеушіліктер ендігі кезекте жер дауына ұласатын түрі бар. Шекара маңына жиналған жұрт өзара дауласып, Өзбекстан азаматтары Согмент тұрғындарынан мал жайылымдарын басы бүтін беруді сұраса, қырғыздар тоқымдай жер үшін жер жастанудан қайтпайтынын аңғартып отыр. Осы уақытқа дейін екі елге қарасты ауылдар малы аралас, қойы қоралас болып келген. Алайда қырғыздар өзбектерге төңірекке төрт түлікті жаюға тыйым салды. Бұл шешім өзгенікі болса да өз жеріндей еркін жүрген өзбектердің шаруаларының наразылығын тудырды. Осындай келеңсіздіктерден кейін өзбектер жағы сауысқаннан сақтық танытып, Сох анклавына десантты-шабуылдау батальонының күштерін шоғырландырып қойды. Нақтырақ айтсақ, шекара маңына өзбектің бірнеше БТР, БМТ және 700-ге жуық шекарашылары мен 300 десанты шоғырланып, әжептәуір қол жасанып тұр. Бұл араға Қырғызстан тарапынан Баткен облысының губернаторы және тағы басқа да мемлекеттік қызметкерлер жетіпті. Өзбек жағының қарулы күшті шекараға әкелуі – түптеп келгенде, екі мемлекет арасында жасалған келісімдерге қайшы әрекет. Қырғыздар жағы бейбіт келісім ұсынғанымен, Баткен облысының шенеуніктеріне құлақ асар өзбектер көрінбейді. Қырғызстанның «24.kg» ақпарат агенттігі мәселені реттеу үшін мемлекеттік шекара қызметінің басшысы Құрманқұл Матеновтың барғаны туралы мәлімет таратты. Іргедегі қос мемлекеттің қырқысуы бауырлас елдердің өзара қарым-қатынасына сызат түсіріп қана қоймай, тұтас Орталық Азияның қауіпсіздігіне нұқсан келуі мүмкін. Сондықтан шиеленісті шешу шекара мамандарының қолынан келсе игі дейміз.
Бір пікір
Сейфулла Сапанов, саясаттанушы:
– Бұл мәселенің ушығуына Қырғызстандағы тұрақсыздық әсер етті деп айтсақ, қателеспейміз. Бішкектегі, Жалал-Абадтағы ұлтаралық қақтығыстар кезінде өзбек диаспорасының жапа шеккені жасырын емес. Екі елде де іштей егес бар. Бірақ өзбектердің әскери техникаларды шекара маңына жеткізуінен соғыс оты тұтанады деп айтуға болмайды. Әскер шоғырландыруды өзбектер жағы «шекараны белгілеу, шартты сызық маңындағы жағдайды реттеу үшін» деп түсіндіріп отыр. Кезінде Қазақстанмен арадағы шекараны белгілеу кезінде де өзбектер әскер шоғырландырған болатын. Сондықтан бұдан үрей күтудің қажеті шамалы. Бұл мәселеге Орталық Азия қауіпсіздігінің мызғымастығын қамтамасыз ету үшін Қазақстан ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде сөзсіз араласуы қажет деп ойлаймын. Себебі аймақтағы тұрақсыздықты реттеуде Қазақстанның тәжірибесі бар.