Елімізде құлағының мүкісі бар балаларды оқытатын мамандар тапшы. Әрі арнаулы мекемелер де жеткіліксіз.
Республикалық білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрларының біліктілігін арттыру институтында өткен басқосуға қатысқан мамандардың сөзіне қарағанда, елімізде есту қабілеті зақымданған балалар саны уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, қазір Қазақстанда мұндай 11 мыңнан астам бала бар. Ал оларды оңалту, әлеуметтік бейімделуі мен қоғам өміріне емін-еркін енуіне барынша қолдау көрсетуге бағытталған арнайы оқыту жүйесінде шешімін таппай жатқан мәселелер жетерлік. Мәселен, үш жасқа дейінгі сәбилер арасында есту-сөйлеу қабілеті бұзылғандарды бастапқы кезеңнен анықтау жүйесінің жоқтығы, операция жасалған балалардың есту қабілетін зерттейтін сурдологиялық кабинеттердің материалдық-техникалық жағынан аз қамтылуы сияқты өзекті мәселелер мүгедек жандардың қоғамға дер кезінде араласып кетуіне кедергі келтіруде. Сол себепті мамандар Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс жолдап, есту қабілеті зақымданған балаларды оңалтуда арнайы мамандардың біліктіліктерін арттыру институттары мен медициналық мекемелерге бірлесіп жұмыс атқару керектігін айтып отыр.
Бақыткүл ИМАНБЕКОВА, Республикалық білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрларының біліктілігін арттыру институты директорының орынбасары:
– Елімізде қазіргі уақытта есту қабілеті зақымданған балаларды оқыту мен оңалтуға арналған 795 мекеме бар. 2002 жылы қабылданған «Мүмкіндігі шектеулі балаларға медициналық, педагогикалық, әлеуметтік түзетушілік қолдау көрсету» Заңына сәйкес, 2012 жылға дейін олардың санын 820-ға жеткізу көзделген. Есту қабілеті зақымданғандарды барынша оңалтып, олардың өзгелермен тең дәрежеде білім алуларына ықпал ету бағытында ашылған бұл мекемелерді материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етумен қатар, мамандар санын арттырып, тәжірибесін шыңдау керек.