Салық инспекторының бетіндегі салық
Ақтөбе облысында жалған кәсіпорын иелерімен сыбайласып, «бір күндік фирма» деп аталып жүрген, қолма-қол ақшаға айналдыру мекемесін жауып тастауға көмектескен салық инспекторы жазасын алды.
Алға ауданы Салық комитетінің бұрынғы жетекші салық инспекторы А.Балмағамбетов 2006 жылғы сәуірде «ХимЭкоЛТД» ЖШС-ін таратумен айналысады. Оған таратуға арыз берген кәсіпорын бойынша салықтық есеп берудің дәйектілігін, есептеудің дұрыстығын, толықтығы мен салық және төлемдерінің уақтылы төленуін тексеру жүктеледі. Салық инспекторы өз құлқынының қамымен кетіп, жаңағы кәсіпорын басшысымен бірлесіп, қалай да салық төлеуден жалтарудың жолын қарастырады. Бәрінен бұрын ол «ХимЭко ЛТД» ЖШС-нің жалған кәсіпорын, яғни қолма-қол ақшаға айналдыратын мекеме екенін жақсы білген. Өзіне жүктелген тапсырманы орындау үшін банктер мен ұйымдарға міндетті түрде жіберілетін есепшоттардағы қалған қаражат пен ақша қозғалысы туралы мәліметтерді сұратпаған. Аталған серіктестіктің нақты ақша айналымын әдейі анықтамаған.
Сөйтіп, салық инспекторы жасаған салық тексеру актісіне сәйкес, таратылатын кәсіпорынға жалпы сомасы 271 мың теңге салық есептелген. Бірақ кейін жасалған сараптама бойынша, «ХимЭко ЛТД» ЖШС бюджетке 38 млн теңге көлемінде заңды тұлғалардан төленетін корпоративті табыс салығын төлеуі керек екен.
Қызмет өкiлеттігін терiс пайдаланған салық инспекторына Ақтөбе облысы Алға аудандық соты екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.