"Рүстем деп бетінен атқан": Алматы облысында 36 жастағы майорды үйінің алдында өлтіріп кетті
Алматы облысында әскери бөлімше басшысының орынбасарын атып кетті. 36 жастағы майордың денесі өзі тұратын үйдің алдынан табылған. Рүстем Жанықбаев Талдықорғандағы №48386 әскери бөлімшеде қызмет еткен. Сондықтан марқұмның әкесі бұл қастандық оның қызметіне тікелей қатысты болуы мүмкін, дейді. Алайда майорды мерт қылғандардың кім екені әзірге белгісіз. Тәртіп сақшылары әскериге оқ атқандарды іздеуге кірісті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Рүстем Жанықбаевтың өлі денесі өзі тұратын үйдің алдынан кеше кешқұрым табылған. Талдықорғандағы Қаратал ықшамауданындағы аулада жатқан марқұмды куәгерлер көріп, жедел-жәрдем шақыртқан екен. Алайда дәрігерлер келгенше 36 жастағы майор жан тапсырған. Оны белгісіз біреулер аңшы мылтығымен басынан атыпты.
"Баламды артынан келіп атып кетіпті. Желкесіне қару тақап келіп, "Рүстем" дегенде жалт қараған. Сол сәтте бетінен атқан. Не үшін өлтірді? Білмеймін. Кімге жаманшылық жасады?" - дейді марқұмның әкесі Сейітхан Жанықбаев.
Қара жамылған отбасы марқұмның ешкімге "жаманшылығы жоқ еді" дейді. Әсіресе қайғыдан қан жұтқан әкесі ұлының тік мінезді болғанын, бірақ жан баласымен жауласпағанын айтады. Десе де бұл қастандықтың қызметіне тікелей қатысы болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ал полицейлер кешелі бері күдіктілерді іздестіріп жатыр. Жақын маңдағы бейнекамералар тексеріліп, қанды қылмысты көрген куәгерлер іздестірілуде. Алайда әзірге ешқандай ілік жоқ.
"Аталған дерекке қатысты жедел іздестіру тобы құрылды. Топтың құрамына тәжірибелі мамандар жұмылдырылды. Қазір қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған ауқымды іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деді Алматы облыстық ПД ресми өкілі Серік Үпиев.
Қаскөйлердің қолынан қаза тапқан майордың артында екі баласы қалды. Ал өзі қызмет еткен әскери бөлім басшылары бұл жағдайға қатысты қандай да бір пікір білдіруге құлықсыз. Еліміздің Қорғаныс министрлігі де тергеу құпиялылығына байланысты болжам айтудан бас тартып отыр. Ал облыстық полиция департаменті адам өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, әскери бөлім қызметкерінің өлімін Ішкі істер министрі өз бақылауына алды.