Абай, ШҚО және Ақтөбе облысында республикалық маңызы бар автожолдардың 5 учаскесінде жол жабылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Сағат 20.00 ақпаратқа сәйкес 3 өңірде ауа-райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар автожолдардың 5 учаскесінде жүк және қоғамдық автокөліктің қозғалысына уақытша шектеу енгізілді», - делінген Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұлттық операторының хабарламасында.
Абай өңірінде «Алматы-Өскемен» тасжолының Қалбатау ауылынан Қасым Қайсенов ауылына дейінгі аралығы мен «Өскемен-Семей» тасжолының ШҚО шекарасынан Семей қаласына дейінгі аралығы жабық.
Ақтөбе облысында «Самара-Шымкент» тасжолының Ақтөбе қаласынан Қарабұтақ ауылына дейінгі аралығы мен БҚО-дан Қобда ауылына дейінгі аралық жабық.
Шығыс Қазақстан облысында «Өскемен-Семей» тасжолының Герасимовка ауылынан Абай облысының шекарасына дейінгі аралығында қозғалыс шектелді.