Ресейдің саяси бет-бейнесіне реніш білдіретін елдердің қатары аз емес. Алдынан келгенді тістеп, артынан келгенді теуіп, маңына торсық байлатпайтын кеңестік мінездің сарқыншақтары әлі де айқын байқалады. Мұны постимпериялық синдромға жатқызармыз. Алайда Қазақстан мен Белоруссия сол Ресеймен экономикалық одаққа бірігіп отыр, яғни сауда-саттықтағы, алыс-берістегі түйісулер көп. Кедендік Одақтың алғаш құрылымдану кезеңінде «экономикалық мүддені ғана басшылыққа алатын жоба болады» - деп келіскен едік. Алайда бүгінгі Ресейдің Кедендік одақтың атынан жеке саясатын ғана күйттеп жүргенін жиі байқайтын болдық. Ресейдің соңғы кездегі бірқатар іс-қимылдарына қарасақ, көршіміз КО-ның әрбір шешімі үш мемлекеттің ортақ келісімі арқылы жасалатынын ұмытып бара жатқандай пікір қалдырады.
«Кәмпит» соғысына қосылмаймыз
Өткен аптада Ресейдің Орталық банкі «Қазақстан мен Белоруссия банкілермен күмәнді операциялар жасаудан аулақ болу керектігі» жөнінде кеңес берді. Жуырда ресейліктер бірқатар қазақстандық шырын өндіруші кәсіпорындардың өнімдерін сапасыз деп тауып, оның Ресейге тасымалдануына тыйым салу қажеттігін ескертті. Оған дейін Россельхознадзор Кедендік одақ сарапшыларының Түркияның сүт және балық өнімдерін өндіретін кәсіпорындарына тексеру жүргізетінін мәлімдеген болатын. Бұл сараптамалық комиссияның құрамында қазақстандық мамандардың болмайтыны түсінікті. Алайда медициналық қорытынды Кедендік одақтың атынан шығарылады. Қазақстанның мүддесі үшін Түркиямен арадағы экономикалық байланысты үзу емес, керісінше, нығайта түсу маңызды. Оның үстіне саясатпен былғанған Ресейлік санитарлардың сараптамасының деңгейіне жиі көз жеткізіп жүрміз.
Жуырда ғана Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігіне Роспотребнадзор мекемесінен хат келіп түскен болатын. Онда «украиналық Roshen кәмпиттерін елге кіргізуден бас тартуға тыйым салыңыздар» деген ұсыныс айтылады. Уәждеріне сенсек, бұл кәмпиттің құрамында адам ағзасына зиянды қоспа, бензопирен бар екен. Алайда Roshen кәмпиттерінің Еуропалық нарықта бәсекеге түсіп, құрлық асып, АҚШ-қа тасымалданып жүрген кәмпит екені белгілі.
Онищенконың санитарлығынан саясаткерлігі басым
Бірнеше жылдай бұрын Ресейде «Боржоми» сусынының сатылуына тыйым салынған болатын. Оның да құрамынан зиянды элементтер табылған екен. Әрине, бұл қадам грузиялық «Боржоми» сусынын денсаулыққа ерекше пайдалы деп тұтынатын өзге әлем елдері үшін күлкілі болып көрінді.
Бұл күнде Ресейдің бас санитары Геннадий Онищенконы азық-түлік сапасы мен адам денсаулығынан гөрі ел мен елдің арасындағы экономикалық саясат көп қызықтыратын болған сияқты. Әлемдік нарықта «Алыс-берісті шектеу арқылы отандық бизнесті дамытамыз» деген түсінік радикалды тәсілдердің қатарына жатқызылады.
Келтіре берсек, Ресейдің бұл мәселедегі мысалдары аз емес. Ресей мен Украина арасындағы сүт және ірімшік дауының жалғасып келе жатқанына біраз болды. Тағы да сол Онищенко Украинаны ірімшік өнімдерінде антибиотик және пальма майы бар деп тауыпты. Әрине, еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі ресейлік әріптестерінің Roshen кәмпитінің зиянды құрамы туралы пікірімен келіскен жоқ. Мүмкін, бұған Айдос Сарым, Мұхтар Тайжан, Расул Жұмалы сынды қазақ белсенділерінің Ресей елшілігіне барып, кішігірім шеру ұйымдастыруы себеп болған шығар. Расында, солай болып шықса Ресейдің әрбір саяси пиғылы үшін тұрақты шеру өткізіп тұруға мәжбүр боламыз.
Қазақстандық өнімге де тыйым сала ма?
Қысқасы, Ресейдің саяси ойындары шектен шығып бара жатқан жағдайлары көп. Мәселен, Қазақстанда жасалған SsangYong автокөліктерінің ресейлік нарыққа кіргізілмейтіні жайлы ақпарат расталды. «ДЦ СанЙонг» компаниясы Ресей аумағындағы SsangYong көліктерін сатуға рұқсат берілген жалғыз компания екен. Яғни бұл маркалы қазақстандық көліктер Ресейге ене алмайды. Кедендік одақ ортақ емес пе еді? Ресейдің «Лада» автокөліктері сатылым жағынан Қазақстанның көлік саудасындағы алғашқы орындарға жете бастады. Ал Қазақстанда өндірілетін санаулы маркіге осылай тыйым салып тастайтын болса, біздің одақтағы мүддеміз қайда қалады? Көп ұзамай өзімізге қазақстандық өнімдерді тұтынуға тыйым салып тастау ғана қалды.
Ресейдің жеке саясатының көлеңкесі Кедендік одақ аясында Қазақстанға тиіп кету мүмкіндігі тек тауар айналымы, азық-түлік тасымалы тарапынан ғана болып тұрған жоқ. Соңғы кездері Мәскеу Орталық Азия елдерімен визалық қатынас орнатуды жиі көтеріп жүр. Мұндай жағдайда бірыңғай экономикалық кеңістіктегі ел ретінде Қазақстанға қандай да бір талаптар қойылуы мүмкін. Қырғыз бен қазақ, өзбек халықтары қашаннан төскейде малы қосылған туыстас халықтар. Жақын болашақта бұл халықтардың достығы жаңа деңгейге көтеріледі деген үміт те жоқ емес. Ендеше, Қазақстанға Орталық Азия елдерімен визалық қатынас, шекаралық шектеу туралы талаптар қойылып жатса, одан бас тартуға саяси еркіміз жете ме?
Уәлихан Төлешов, саясаттанушы:
– Кедендік одақтағы құқымыз тең десек те, Ресейдің Кедендік одақ атынан түркиялық кәсіпорындарға сараптама жүргізбек болуы біржақты шешім. Мұны Кодекстің бұзылуы деп бағаласа болады. Орыстар үнемі доминанттылық көрсеткісі келеді, өзгелерден гөрі маңызды ел екенін көрсетіп қалғысы келеді. Мұндай жағдайда біздің ұстаным қандай болуы керек? Біз де кез келген мәселеде жеке мүддемізді ашық қорғауымыз керек. Біздің экономика үшін тиімді ме? Қабылдайық. Тиімді емес пе? Бірден бас тартайық. Оның үстіне біздің келісімсіз әлдебір саяси шешімдер қабылдауларға жол беруге болмайды. Ондай жағдайда мәселені төтесінен қою керек. Расында, орыстар өздерінің экономикалық мүддесін саяси тетіктер арқылы қорғағысы келеді. Ресейдің мүддесі үшін туыстас елдермен, дос, серіктес елдермен қарым-қатынасымызға мысқалдай жік түсіруге болмайды. Түркия біздің стратегиялық серіктесіміз. Украинамен де солай. «Баку-Тбилиси-Жейхан» мұнай құбыры желісі Грузия арқылы өтеді. Жалпы, Грузиямен қарым-қатынасымызды өте жақсы деп бағалаймын. Біз Ресейдің Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін мойындауын қолдамаймыз. Қысқасы, Ресейдің саяси ойындарына еріп кетуден аулақ болуымыз керек.
Ой-түйін
Ресейдің өзі қалаған саясатты жүргізуіне құқы бар. Өз мемлекетінің имиджін қалай қалыптастырамын десе де өз еркі. Алайда оған Қазақстанды, Кедендік одақты араластырудың қажеттілігі қанша? Біз үшін Грузия - серіктес ел. Украина – тарихымыз ортақ, мұң- мұқтажы ұқсас әріптес ел. Түркия – туыстас, бауырлас, ниеттес әрі мүдделес мемлекет. Орталық Азия – бізбен кірігіп жатқан, ауылымыз аралас, қойымыз қоралас жатқан кеңістігіміз. Ендеше, Ресей мен Қазақстанның саясатында мінез сәйкессіздігі мен мүдде қайшылығы байқалып жатқан сияқты. Ресей - постимпериялық синдромынан әлі толық айықпаған, өзіне тиесілі сыбағасын артығымен өндіруге тырысатын ел. Қазақстан – отарлық психологиядан әлі толық арылмаған, өз мүддесін қорғауда үйренері көп ел. Ендеше, Кедендік одақ аясындағы саясаттың бізге де қатысты екенін ескертіп қойған артық болмас.