Алматы тұрғындары 9 мамырда Жеңіс күнін 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағында шерулетіп тойлады. Жиында жиналғандардың көбісі Георгий лентасымен көзге түсті. Stan.kz ақпарат агенттігі шарадан кадрлар жасап, Георгий лентасын тағып жүргендерден пікір алды.
Биыл қорғаныс министрлігі 7 мамыр Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр Жеңіс күнінде әскери шерудің өткізілмейтінін хабарлаған болатын. Есесіне елімізде әскери патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылып, халық бабалар рухына тағзым етті.
Сонымен қатар Жеңіс күні қарсаңында көк лентамен қатар қоғамда түрлі пікір тудырып жүрген Георгий лентасын тағып жүргендер де кезікті.
Бұл лента алғаш Ресейде әулие Георгий кресті орденінде белгіленген. Бұл белгіні бұрындағы ресейлік матростар бас киіміндегі кресттің үстіне таққан. Георгий лентасы патшалық Ресейдің отарлау саясатының ескерткіші, рухы мен өзгенің жерін басып алуының символы саналған. Тарихта орыстардың түріктермен соғысы кезінде үздік әскерлер осы орденмен марапатталған. Одан кейін Орталық Азия жерлерін басып алуға атсалысқан жандар да осы орденді иеленген.
Георгий лентасы 1769 жылы 26 қарашада Екатерина II бекіткен ұрыс далаларында көрсеткен жеке ерлігі үшін берілетін Георгий орденінде пайда болды. Ондағы қызғылт сары түс – жалынды, ал қара түтінді білдіреді. Елде Георгий лентасын тағу акциясы 2005 жылы басталған. Жалпы қоғам оны жақсы қабылдады.
Ал 2014 жылы Георгий лентасы Украинаның шығысындағы ресейшіл белсенділердің іс жүзіндегі ресми эмблемасына айналған. Осыған байланысты көпшілік оны теріс қабылдады. Посткеңестіктік елдер оны Ресейдің үгіт-насихаттың нышаны санап, қолданудан бас тарта бастады.
2017 жылы Украина әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске Георгий лентасын дайындағандар мен пайдаланып таққандар үшін жауапкершілік туралы түзетулерді қабылдады.
Литвада Георгий лентасын пайдаланғаны үшін 300-ден 700 еуроға дейін айыппұл салынады. Бұл жерде лентаны тағу әскери агрессиядағы адамзатқа қарсы және әскери қылмыстар үшін пайдаланылған тоталитарлық немесе авторитарлық режимдердің нышандарын насихаттаумен, таратумен теңестіріледі.
Латвияда Георгий лентасынан басқа бұрынғы КСРО-ның туларын, елтаңбалары мен әнұрандарын стильдендірілген түрде пайдалануға тыйым салынады. Ал оны бұзғандар үшін жеке тұлғаларға ескерту немесе 350 еуроға дейін айыппұл түріндегі жаза қарастырылған.
19 сәуірде Молдовада да Ресейдің Украинаға қарсы әскери агрессиясы жағдайында Георгий лентасын қолдануға тыйым салынды.
Алайда елімізде бүгінде бұл лента қарапайым халықтың арасында Жеңіс күні мерекесінің символына айналып кеткендей.
“Менің ойымша, бұл – Жеңіс күнінің ортақ символы. Кеңес Одағы тұсында көптеген халықтар бірікті. Басқаша пікірдегі кейбіреулер халық арасын алшақтатқысы келеді. Ал негізінен бұл жай ғана ортақ жеңістің символы деп санаймын”, – деді жиында жүрген тұрғындардың бірі.
“Бұл – Георгий емес, гвардиялық лента. Бұны көбіне теңізшілер флоты тағатын. Мен өзім Түркіменстанда әскери борышымды өтедім. Сол кезде біздің гвардиялық дивизияда дәл осындай төсбелгіні алдым. Мен бұның лента ретінде қай кезден бастап шығарылғанын білмеймін. Алайда кейін Сталин бұл лентаны Георгий деп атағанын естідім. Өз басым бұны әскери күш пен рухтың және жеңістің символы деп санаймын”, – деді Алматы тұрғыны Владимир Овченков.
9 мамырда Алматыда өткен шерудегі Сталин мен Берияның портреті қазақстандықтардың наразылығын тудырды
Алматыда өткен "Батырларға тағзым" шеруіне 20 мыңға жуық адам қатысты
Бұл лентаны тағып жүргендер оның дұрыс аталмағанын айтады. Және жеңістің ортақ символы деп санайтындарын жеткізді.
“Тарихты білместік арамызда қате пікірлер туындатуда. Біздің бүгінгі тағып тұрғанымыз – Георгий лентасы емес, гвардиялық лента. Бұндай белгі Жеңіс ордендерінде болған. Ал Геогрий белгісі туралы түсінікті Сталин енгізген. Бұл гвардиялық лента фашизмге қарсы белгі”, – деді тағы бір тұрғын Елена.
Жеңіс күнінде тәуелсіздігіміздің, ашық аспанымыздың символына айналған көк түс белгісімен лента таққандардың қарасы да аз болған жоқ. Тұрғындар қандай белгі тақса да, ең бастысы, Жеңіс күніндегі жемісті күндеріміз көп болғай!