Қарағандыда өткен жылдан бері жылыжайда қияр өсірумен шұғылданып келе жатқан Green Technology фирмасы жақын болашақта қызанақ пен раушан гүлдерін өсірмекші. Бұл үшін аталмыш компания жылыжай кешенінің екінші кезекті құрамының құрылысын биыл бастап та кетпекші.
Қыс айларында келісінің бағасы 1000 теңгеге дейін көтеріліп кететін қияр Қарағанды нарығында қазір 500-600 теңгеге саудаланып жатыр. Green Technology әлеуметтік сауда нүктелеріне жылыжайда өскен өнімін, тіпті 350 теңгеден де қойып отыр. «Майқұдық» қияры деген атпен аймаққа танымал болған көкөніс көпшіліктің көңілінен шығып отырған жайы бар.
Естеріңізге сала кетелік, өткен жылғы шілденің басында Елбасы қатысуымен өткен телекөпірде ресми тұсауы кесілген жоба бойынша жұмыс істеп келе жатқан компания өңірдің дамуына айтарлықтай үлес қосады деп күтілуде. Қарағанды облысы әкімдігі мен «ҚазАгроФинанс» ұлттық холдингі арасында болған келісім бойынша салынған аталмыш жылыжайдың жылдық қуаты 1 695 тонна көкөніс өндіру деп белгіленген болатын. Аумағы 3 гектар жерді қамтып жатқан жылыжайды салу үшін 1,3 миллиард теңге қаржы жұмсалған. Жылыжай құрылғылары үшін «ҚазАгроФинанс» лизингтік несиемен 918,1 миллион теңге қаражат қарастырған еді. Бұйыртса, биылғы жылы салынатын кешеннің тағы бір кезегіне қияр, қызанақ, гүл өсіретін жылыжайлар мен 20 мың тонна көкөніс сақтауға мүмкіндік беретін сақтау орыны және басқа да ғимараттар енгізіледі деп күтілуде. Жоба үш кезеңге бөліне отырып, жүзеге асырылмақ. Жалпы құны 10 миллиард теңгеге жуық құрылыстың аяқталу кезеңі 2014 жылы деп белгіленген екен. Жаңа жылыжайдың жылдық өнім қуаты 4000 тонна қияр, 5000 тонна қызанақ және 9 миллион дана раушан гүл өндіруге мүмкіндік береді-міс.
Арқаға алты ай қыс келгеннен-ақ аспандап кететін қияр бағасын «ауыздықтаған» Green Technology енді қызанақты да қымбатшылықтан құтқарып, миллиондаған раушан гүлмен өңірімізді көмкеретін түрі бар. Ендеше, Ресей эстрадасының патшайымы А.Пугачева шырқаған әннің көркем келбетін Қарағандыдан көре алатын шығармыз...
Раушан гүлдер мен қызанақ қатар өседі
Последние статьи автора