Шымкенттік полицей Жергілікті полиция қызметінің басшысының үстінен арызданып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Видеоүндеу әлеуметтік желілерде жариялады. Онда Азамат есімді ер адам ер адам өзінің Шымкент қалалық полиция департаментінде рота командирі болып жұмыс істейтінін айтып, бастығының ұзақ уақыт бойы қымбат заттар сатып алуға мәжбүрлегеніне шағымданады.
"Мен бұған дейін ІІМ-ге Шымкент қалалық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметінің бастығы М.Бұхарбаевтың үстінен рапорт жазған болатынмын. Ол өзінің қызметін асыра пайдаланып, маған қымбат заттар сатып алғызды. Дәлел заттарды мен тергеушілерге өткіздім. Алайда, осыншама дәлелдің бар екеніне қарамастан М.Бұхарбаев әлі күнге дейін өзінің жұмыс орнында отыр. Мұны қалай түсінуге болады? Істі Шымкент қалалық ҰҚК-ге өткізген, бірақ арты белгісіз болып кетті. Белгісіз адамдар маған хабарласып, рапортты кері қайтарып алуымды, сол үшін 10 млн теңге беретіндерін айтып жатыр. Алайда, мен адал полицеймін, мұндай іске бармаймын. Неге Департамент басшысы Ералы Жұмағамбетов мұндай қызметкерді әліге дейін орнында ұстап отыр? Құрметті Президент, мен Қазақстандағы барлық полицейдің өзі ісіне және халыққа адал болғанын қалаймын. Маған көмек беруіңізді сұраймын", - делінген полицейдің шағымында.
Осы жағдайға байланысты Шымкент полиция департаменті пікір білдірді.
“Шымкент қаласының полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы М.Бухарбаевқа қатысты тергеу жүргізілуде. Бүгінгі таңда оны атқарып отырған лауазымынан босату жөнінде Ішкі істер Министрлігіне ұсыныс жолданды”, – дейді департаменттен.