«Қызғалдақ фестивалі» өткізілмек
Табиғаты керемет Жамбыл өңірінде елімізде сирек кездесетін қызғалдақтар түрі жетерлік. Олардың арасында жыл жылжыған сайын жоғалып бара жатқандары да бар. «Қызыл кітапқа» енгізілген Кауфман және Грейг қызғалдақтары да сирек те болса осында өседі.
Табиғаттың ғажайып сыйын сақтап қалуды көздеген жамбылдықтар 5 мамыр күні Тараз қаласындағы «Достық» алаңында «Қызғалдақ фестивалін» өткізбек. Бұл іс-шараға 10 мыңнан астам адам қатысады деп күтілуде. Еліміздің түкпір-түкпірінен қонақтар шақырылмақ. Туризм индустриясының өкілдері де қатысатын болады. Шетелдік қонақтарға қызғалдақтар өсетін аймақтарға арнайы саяхат ұйымдастырылмақ. Фестиваль аясында жауқазынды баптап өсірген бақташыларды анықтау, қызғалдақтардың тарихын жатқа білетіндерге викториналар, қызғалдақтың керемет суретін салған суретшілер арасында арнайы байқаулар ұйымдастырылатын болады. Қызғалдақтарға арналғандықтан, фестивальдің бар мақсаты да осы гүл түрін сақтап қалуға, оның жойылып кетпеуіне атсалысу болып табылады. Конкурсқа қатысуға тілек білдірушілердің өтініштері барлық облыстан қабылдануда. Театрландырылған көріністерден бастап, би қойылымы, өлең, ән, фотосуреттер, бейнематериалдар, суреттер, қолдан жасалған дүниелер, тіпті қолдан пісірілген тәтті өнім пісірушілер де қатыса алады. Тек барлығы да бір тақырыпқа – қызғалдаққа арналуы тиіс. Оның ішінде де тек Жамбыл облысында ғана өсетін қызғалдақ түріне арналуы қажет. Фестивальді ұйымдастырушы – Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы. Басты мақсаты отандық туристік фирмаларды ішкі туризмді дамытуға үлес қосуға үндеу болып табылады. Елімізде бұрын-соңды болмаған байқауда бағын сынауға тілек білдірушілер тіптен көп.