Қытайдан келген қарттар зейнетақыдан неге қағылып отыр?
Әрбір адам жасында бастан өткерген бейнетінің қартайғанда зейнетін көргісі келеді. Қазақстандағы зейнетақы саясаты да жасы жеткен жандарға жыл сайын жағымды жаңалық сыйлауда. Айталық, биыл зейнетақы 25 пайызға көбейді. Бұл қадам 2010 жылы тағы қайталанса, 2011 жылы одан да асып түсіп, зейнеткерлердің ақшасына және 30 пайыз көлемінде «көгала қағаз» қосылмақшы. Бүгінгі күні ең төменгі зейнетақы төлемі – 15362 теңге, ал жоғарғы зейнетақы – 32121 теңгеге жетсе, орташа зейнетақы көлемі 22822 теңгені құрайды. Бірақ...
Осы зейнетақыны алмайтындар да бар
Бұл игіліктен атамекеніне келіп, Қазақстан азаматтығына қол жеткізген оралман ағайындар да өз үлесін алып отыр. Алайда қарттық өмірге мәрттік сыйлық ретінде бұйырып жатқан нәпақадан Қытайдан келген қариялар қағылып отыр. Қазіргі күні барды қанағат тұтқан қарттар «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 маусымдағы № 126-Заңының 17-бабына сәйкес, зейнеткерлік жасқа жеткен кезде жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны ғана алып отыр. Оның мөлшері – 6859 теңге. Иә, жерде жатқан жеті мың теңге жоқ. Бұл да болса жоқтан жақсы. Бірақ Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия секілді өзге елден келген қандастар кәдімгідей өздеріне тиесілі зейнетақыға ие болып отыр. Себебі оларда еңбек кітапшасы және осы елдермен Қазақстан арасында зейнетақы тағайындау жөнінде мәміле бар. Еңбек кітапшасына қарап, олардың еңбек өтілін есептеп, сол арқылы зейнетақы төлейді.
Бұл да болса жоқтан жақсы. Бірақ Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия секілді өзге елден келген қандастар кәдімгідей өздеріне тиесілі зейнетақыға ие болып отыр. Себебі оларда еңбек кітапшасы және осы елдермен Қазақстан арасында зейнетақы тағайындау жөнініде мәміле бар. Еңбек кітапшасына қарап олардың еңбек өтілін есептеп, сол арқылы зейнетақы төлейді. Ал Қытайдан оралған қарттардың да кезінде өзі үшін және бала-шағасы үшін болса да, осы уақытқа дейін қалай да еңбек еткені айдан анық. Біреуі – шопан, біреуі – диқан, біреуі саудагер болып деген секілді. Бірақ Қытайда ондай еңбек адамдарына еңбек кітапшасын беру деген мәселе болған емес. Ал басқа одақтас республикадан келген ағайындарда мұның бәрі жүйелі құжаттық негізде жүзеге асқандықтан, зейнетақы алу барысында қиындыққа ұшырап жатқан жоқ. Тек осы үшін Қытайдан келген ата-әжелеріміздің ұзақ жылғы еңбегін ескерусіз қалдырып, өз елінде зейнетақыдан қағу жөнге сыя қоймас. Ал «істесең біз үшін емес, қытай үшін еңбек еттің, зейнетақыны солардан сұра» десек, ол тіпті ақылға сыймайтын қылық болар еді. Қытайда еңбек еткені үшін және тағдырдың бұйрығымен атамекеніне оралғаны үшін халықты кінәлай алмайсың. Оның бәрі қатал уақыттың үкімі, тағдырдың шешімі.
Министрлік те шарасыз
Біз осы мәселеге байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хабарласқан едік. Аталған министрліктің Әлеуметтік қамсыздандыру және сақтандыру департаменті директоры орынбасарының міндетін атқарушы Г.Сұлтанова ханым мынадай уәж айтты: Қазақстан мен Қытай арасында зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру саласында белсенді қарым-қатынастардың жоқтығы осы екі ел арасында зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыруды реттейтін құқықтық негізді құруға мүмкіндік бермей отыр. Яғни бүгінгі таңда екі ел арасында зейнетақы тағайындауда есептелетін еңбек өтілін және еңбекақының орташа мөлшерін анықтау, жұмыс туралы мәліметтерді растау мәселелерін шешетін арнайы халықаралық келісім жасалмаған. Министрлік қызметкерлері осы себепті де Қытай елінен келген азаматтардың ол елдегі еңбек өтілі зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде есепке алынбай отыр дейді.
Бәрі еңбек кітапшасына тіреліп тұр
Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заң бойынша, зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтың еңбек стажы болуын талап етеді. Осы заңның 12-бабында көрсетілгендей, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңге орталықтан зейнетақы төлемдерін есептеу үшін еңбек стажы еңбек кітапшасымен расталады. Еңбек кітапшасы жоқ немесе онда тиісті жазбалар болмаған кезде еңбек өтілі жұмыс туралы мәліметтерді растайтын құжаттардың негізінде, не сот шешімінің негізінде анықталады. Қытайдан оралған қандастардың ішіндегі қарапайым еңбек адамдары үшін Қытай еңбек кітапшасының орнына басқа құжат бере қоюы екіталай. Ал соттың шешіміне жүгіну де қисынсыз нәрсе. Біздіңше, осы қарттарға ең төменгі зейнетақыны тағайындасақ артық бола қоймас. Оның бәрі әрине, арнаулы заңмен қабылдануы тиіс. Жалпы, атажұртына келген 700 мыңнан астам қандастардың 32 мыңы ғана зейнетақы алады. Әртүрлі әлеуметтік жәрдемақы алатындары – 18 мыңдай. Бұлардың ішіндегі Қытайдан келген зейнет жасындағылардың саны саусақпен санарлық қана болып қалатынын ескерсек, ең төменгі зейнетақы тағайындаудан кедейленіп қала қоймасымыз анық. Керісінше, бұл келген елдің көңілін өсіріп, тұрмысына аз да болса тіреу болар еді.
Зейнетақы ағайынның аяғына тұсау болмақ
Мәселенің мәніне терең үңілсек, екі ел арасындағы осындай келісімнің жоқтығы Отанына оралғысы келетін ағайынның ойындағысын орындатпай отыр деуге болады. Мысалы, ол жақта зейнетке шыққан қарттар бала-шағасымен атамекеніне жетіп алайын десе, алып отырған тәп-тәуір зейнетақысын қимайды. Себебі мұнда келгесін азғантай тиын-тебенге күні қарап, әркімге жаутаңдап қалудан қорқады. Балалары болса, қартайған әке-шешесін тастап кете алмай айналсоқтайды. Мұның ақыры елге ағылған көшке өзіндік кедергі келтірумен тынады. Ал елге келіп алғасын, азаматтық алмай, ықтияр хатпен тұрып, Қытайдағы зейнетақысы үшін екі кеменің құйрығын ұстап жүргендері қаншама. Өзі – Отанында, бірақ зейнетақысын Қытайлар төлейді. Есесіне, Қазақстанның азаматы емес. Әйтсе де, бүгінгі күнгі ең жақсы тәсіл осы болып тұр. Бірақ Қытай елі тек мемлекеттік қызмет істеген адамдарға ғана зейнетақы беретінін ұмытпаған жөн. Сол үшін де қарапайым еңбек адамдарының зейнетақы жағдайын жіті шешу қажет. Жастар өз жолын табар, екі қолға бір күрек. Ал қарттар қай жерге барса да, қадірінен айырылмағаны жөн. Әсіресе атажұртында.