Аспанасты елінің “Wuhan Shilinfuxing Techology & Development Co. Ltd” компаниясының өкілдері Қызылжар өңірінде жұмыс сапармен болып, облыс әкімі Ерік Сұлтановты ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін зауыт құрылысының жобасымен таныстырды. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Инвесторлардың айтуларына қарағанда, кешенді өндіріс орнында бидай егудің заманауи технологиялары пайдаланылып, дәнді өңдеу, өнім қалдықтарын кәдеге жарату сияқты толық циклды өндіріс жұмыстарын ұйымдастыру қарастырылған. Оның ішіне қосымша мал фермасын және тыңайтқыштар өндіретін зауыт та кіреді. Делегация мүшелері жобаны өздері қаржыландырып, солтүстікқазақстандықтар үшін 500-ге жуық жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырғандарын жеткізді.
«Жылдық өндірістік қуаты 48 миллион долларды құрайтын заманауи өндірістік желісі бар қытайлық компания дәнді және майлы дақылдарды өсірумен және өңдеумен танымал»,–дейді құрылымның бас инженері, Қытайдың өсімдіктану ғылыми-зерттеу институтының профессоры Гао Джианфенг.
Зауыт құрылысы өңір басшысы тарапынан қолдау тауып,, тиісті орындарға тапсырмалар берілді.