Құжатсыз келімсектерді қуатын заң жоқ
2007 жылы маусым айына дейін сол кездегі ҚР ішкі істер вице-министрі... Осы ретте вице-министрдің өзі елімізде орын алып жатқан қылмыстардың белгілі бір бөлігі заңсыз мигранттардың қолымен жасалынатынын айтып отыр. Сондықтан да еліміздің әр аймағында «Мигрант», «Граница», «Нелегал» атты арнаулы шаралар ұйымдастырылып, шетелдіктердің елге келуі, елімізде болуы мен кетуі біршама қадағалауға алынуда. Осы орайда алдағы бір ай мерзім ішінде Алматы облысының Қарасай ауданында «Қауіпсіз ауыл операциясы» атты алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылды. Аталмыш шараға «Алаш айнасы» газетінің де журналистері қатысып қайтқан еді.
Соңғы кездері Алматы облысының кейбір ауылдарында қылмыстардың өршу қаупі байқалған. Мәселен, бір ғана Алматы облысына қарасты Қарасай ауданы Тау самалы ауылдық округінде өткен жылы барлығы 92 қылмыс тіркелсе, 2010 жылдың алғашқы алты айының өзінде-ақ ірілі-ұсақты 142 қылмыс тіркелген. Яғни өткен жылмен салыстырғанда қылмыс саны 54%-ға өскен. Оның ішінде ұрлық 43 тен 106-ға өссе, тонау 7-ден 11-ге көбейген. Қылмыс құрамының бұлайша өсуі тиісті орындарды алаңдатып отыр.
Айта кетер жайт, «Қауіпсіз ауыл операциясы» елімізде алғаш рет өткізіліп отыр екен. Бір айға созылатын шараға аудан әкімінен бастап, халық жасақтары, діни бірлестіктер мен жастар ұйымы, сондай-ақ учаскелік полицейлермен қатар аудандық ІІБ-нің толық жеке құрамы жұмылдырылды. Іс-шараның басты мақсаты ауылдарды келімсектер мен қылмыскерлерден тазартып, жұртшылық болып жұмылып қоғамдық қауіпсіздікті күшейту, көшелердегі және басқа да қоғамдық орындардағы жағдайды жақсарту, қылмыстың алдын алу, құқық қорғау органдарының жұмысына тұрғындардың сенімін арттыру болып табылады.
Іс-шараның алғашқы күнінде аудандағы 350-ге жуық тәртіп сақшыларымен бірге Қарасай ауданына қарасты «Алтын Орда» базары мен Іргелі ауылын шолып шықтық. Алғашқы күнгі рейд нәтижесінде осы аумақта құжатсыз жүрген 120 адам ұсталды. Олардың арасында Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген заңсыз еңбек мигранттары да бар. Соңғы кездері елімізде жасалатын қылмыстардың басым бөлігінің сырттан келетін мигранттардың үлесінде екенін ескерсек, оларды бақылаусыз қалдырудың қаншалықты қауіпті екенін байқауға болады. Мамандар да шекарадан таңертең аттап, түсте қылмыс жасап, кешке өз еліне тайып тұратын көрші елдерден ағылған мигранттардың біршама қиындық тудырып отырғанын жасырмайды.
Іргелі ауылдық округінен кейінгі рейд Тау самалы ауылдық округінде жалғасты. Тау самалы ауылдық округінің аумағына қала іргесіндегі Жаңатұрмыс, Тау самалы, Тасты бұлақ, Тау жолы, Шұғыла, Наурыз, Ақжар секілді ірілі-ұсақты жеті елді мекен кіреді. Қарасай ауданы Тау самалы ауылдық округінің учаскелік полицейі Дербісбаев Ерлан: «Жыл басынан бергі қылмыстардың басым бөлігі – ұрлық. Біздің қарамағымызға тиесілі ауылдардың барлығы қала іргесінде орналасқандықтан пәтер жалдаушылар саны негізгі тіркелген ауыл халқынан көп. Ұрлықтың да көбісі сырттан келген, тұрақты жұмысы жоқ, пәтер жалдап тұрушылар қолымен жасалады. Жалпы, бізде пәтер жалдап тұрушыларға қатысты мәселе көп. Сондықтан пәтерді жалға берушілерге қатысты белгілі бір тәртіптер керек-ақ. Мәселен, құрамында төрт-бес адамы бар отбасы да, бір аулада 20 пәтері бар, әрқайсысында төрт-бес адамнан бар үй де суға ақшаны бірдей төлейді. Бізде бір аулада 30 шақты пәтерді жалға беріп қойғандар да бар. Ай сайын қыруар пайда тауып отырса да, олар ешқайда патент төлемейді. Көрші ауладағы тұрғындардың көптігінен кейде суға қысым түсіп, су жетпей қалатынын айтып, көршілері арыз жазып жатады. Ал біз оларға қатысты заңнама болмағандықтан ештеңе істей алмаймыз» – дейді. Сондай-ақ Тау самалы ауылдық округіне арналған рейдтің алғашқы күнінде құрылыстарда заңсыз жұмыс істеп жатқан 30-ға жуық заңсыз еңбек мигранттары ұсталды. Ұзақ уақыт еш жерде тіркеусіз, әрі жұмыс істеуге рұқсат қағазынсыз жүре алмайтынын білетін олардың жауабы біреу-ақ – «Алматыға кеше ғана келдім, құжаттарым түгелімен жұмыс берушіде». Тәртіп сақшылары оларды бас штабқа апарып, саусақ таңбаларын алып, суретке түсіріп, қайтадан босатып жіберіп жатыр. Оқыс жағдай бола қалған жағдайда – осы мәліметтер арқылы табуға болады деген үміт. Тәртіп сақшылары «біздің қолымыздан келері осы ғана» – дейді.
Сондай-ақ рейд барысында заңсыз қару сақтаған бір азамат ұсталып, тұрақты жұмысы жоқ, арақ ішуді ғана мақсат еткен БОМЖ-дардың бірнеше ұясы табылды. Мамандар «қоғамдық қауіпсіздіктің алдын алуда мұндай іс-шаралардың маңызы зор» дейді.
Жолдасбек АЛМАШЕВ, Алматы облысы Қарасай аудандық ІІБ бастығының қызмет жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі:
—20 шілдеден бастап қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында Қарасай ауданы көлемінде «Қауіпсіз ауыл» жедел іздестіру іс-шарасын ұйымдастырып отырмыз. Алғашқы рейд 20-26 шілде аралығында Іргелі ауылдық округінде ұйымдастырылса, 26 шілдеден бастап Тау самалы ауылдық округінде жалғасып жатыр. Осылайша, бір ай көлемінде Қарасай ауданына қарасты барлық ауылды қамтып шығу ойда бар. Тау самалы ауылдық округі қазіргі таңда қылмыстық ахуалы күн өткен сайын ауырлап бара жатқан ауыл болғандықтан, ең ұзақ мерзімді жедел алдын алу іс-шарасын осы аумақта жүргізбекпіз. Оның ішінде жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуға баса көңіл аударып, ІІБ-да есепте тұрған тұлғалармен профилактикалық жұмыстар жүргізбекпіз.
Камал БҰРХАНОВ, Мәжіліс депутаты:
— Заңсыз мигранттардың мәселесін шешу өте қиын. Тіпті дамыған өркениетті елдердің өзі мұны түбегейлі шешудің жолдарын әлі күнге дейін тапқан жоқ. Десек те, келімсектердің көп келуі Ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіретіні сөзсіз. Енді әлеуметтік мәселесі жақсы шешілмеген елдің тұрғындары өркениетті елдерге келіп жұмыс істеп, ақша тапқысы келетіні белгілі. Бұл ретте де Құдайға шүкір дейік, біздің жеріміз кең, жер асты байлығымыз мол. Сондықтан да Қазақстанға келімсектер ағылуда. Ол түсінікті жәйт. Бірақ мұны шешу үшін бізге шетелдегі заңнамаларға көз жүгіртуіміз керек. Мысалы, Араб мемлекетінде бұл мәселе жақсы шешімін тапқан. Ол жаққа барып жұмыс істеу — қиынның қиыны. Міне, осындай дамыған мемлекеттердегі заңнамаларға назар сала отырып, өзімізге керектігін тиімді пайдалана білуіміз керек. Сондай-ақ миграциялық көші-қонның жұмысын әлі де күшейткеніміз жөн. Мүмкін оның штатын кеңейту керек шығар, не болмаса айыппұлды көбейту керек пе, осы жағын қарап, жіті зерттеуіміз қажет. Өйткені мұнымен тиімді күрес жүргізбесек, бұл мәселе ушыққан үстіне ушыға беретіні сөзсіз.