Көк аспанмен таласа бой көтерген сәулетті құрылыстар, әсем ғимараттар, күн көзіне шағылған сәулетті сарайлар мен көпқабатты баспаналардың барлығы құрышқолды құрылысшылардың ерен еңбегі. Көрсең көздің жауын алатын алуан түрлі құрылыс нысандары Жетісу өлкесінде де жылма-жыл заман ағымына қарай бой көтеріп, халыққа пайдалануға беріліп келеді.
Шебер қолдардың ізі қалған сәнді де салтанатты сарайлар, алуан түрлі жобада салынған зәулім үйлер мен басқа да нысандарды Арқа төсіндегі Астанадан, Алатау етегіндегі бас қала Алматыдан, республиканың барлық облыс орталықтары мен аудан-қалаларынан көруге болады. Осы саланы меңгерген қызметкерлердің де төл мерекесі жаздың соңы, тамыздың орта шенінде тойланады.
Айтулы мерекеге орай, Алматы облысының әкімдігінде Құрылысшылар күні қарсаңында басқосу болып, салтанатты жиын өтіп, сый-құрмет көрсетілді. Оған Қазақстан Республикасы және Орталық Азия құрылысшылар одағының вице-президенті Аманжол Шормақов қатысты. Жиында облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов сөз алып, сала қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтады.
– Сіздерді алда келе жатқан кәсіби мерекелеріңіз – Құрылысшылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл жиынды атқарылған жұмыстың маңызы мен мәнділігін сезінуге себеп болатын басқосу деп білемін. Бұл күнді облысымыз құрылыс саласындағы жоғары жетістіктермен қарсы алуда. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына жолдауында айтқандай: «Біздің халқымыз ешқашан бүгінгідей бақуатты тұрмыс кешіп көрген жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бері 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден астам білім беру ошағын салдық. Олардың бәрі ең соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталды. Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі. Мен айтып өткеннің барлығы жеңуге болатын, біз жеңе алатын бөгеттер. Көлденең шыққан кедергілерге кідірмей, дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатына қадам басамыз. Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік».
Ғалымжан Әбдірайымовтан кейін облыстық құрылыс басқармасының басшысы Темірлан Бектасов құрылыс саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаған облыс басшыларына алғысын айтып, атқарылып жатқан жұмыстар мен жеткен жетістіктерге тоқталды. Жылдар жылжыған сайын қалалар келбетінің көріктене түсуіне үлестерін қосып, қолтаңбаларын қалдырған құрылысшылардың салған нысандары туралы көзқарасын білдірді. Жетісу өңірінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға жиналғандардың назарын аударып, құрылыс саласының жыл өткен сайын қарыштап дамып, игілігі мол істің әлі де тоқтаусыз жал-ғасатынын тілге тиек етті. Құрылыс саласына үкімет тарапынан бөлініп жатқан қомақты қаражаттың мақсатты жұмсалып, көптеген әлеуметтік нысандар мен зәулім ғимараттардың, тұрғын үйлердің бой көтеріп, ел игілігіне беріліп жатқандығына мән берді. Темірлан Бектасов құрылыс саласын дамытып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруге ықпал етіп жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – 2020», «Өңірлерді дамыту – 2020», «Қолжетімді баспана – 2020» сияқты бағдарламаларының маңыздылығына тоқталып, ел дамуына үлес қосып жатқан әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Бұдан кейін салтанатты мерекеге арнайы келген, Қазақстан Республикасы және Орталық Азия құрылысшылар одағының вице-президенті Аманжол Шормақов, тағы басқа да азаматтар әріптестеріне алғыстарын жеткізді. Құрылыс саласында жемісті еңбек етіп жүрген бір топ құрылысшының есімдері аталып, олар Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің «Құрметті құрылысшы», «Құрметті сәулетші» төсбелгісін омырауларына қадап, алғысхатпен марапатталды. Сондай-ақ, «Асан М Компани» ЖШС басшысы Жақсылық Макулов, Көксу аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Қажым Әдетбеков, Панфилов аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Марат Жүнісов, «Жөндеу құрылыс» ЖШС ұстасы Тілеу Көшекбаев, «Құрылысшы ТБС» ЖШС прорабы Ертай Байдаулетовтерге «Құрметті құрылысшы» атағы берілді. Ал, «Урбостиль» ЖШС жобаларының бас инженері Татьяна Ковалева, «Градо» жобалау фирмасы» ЖШС жобаларының бас сәулетшілері Сағындық Ауғанбай мен Ришад Ыбрайымов, «Қазгипроград» жобалау институты» ЖШС жобаларының бас сәулетшісі Людмила Курганова және Алматы облысы бойынша «Мемсараптама» РМК филиалының сарапшысы Татьяна Карабутқа «Құрметті сәулетші» атағы бұйырса, Қазақстан Республикасы және Орталық Азия құрылысшылар одағы вице-президентінің Құрмет грамотасымен «Альтаир» өндірістік кооперативінің басшысы Сейтхан Қырқынбаев, Талдықорған қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Әсет Шаяхметов, Еңбекшіқазақ аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Әділжан Смағұлов, «ДорТехМонтаж» ЖШС басшысы Виталий Гринченко, Жамбыл аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Марат Әкеғұлов, «New Construction» ЖШС басшысы Ринат Рысқұлов, Қарасай аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Анарқұлов марапатталды. Сонымен бірге Алматы облысы бойынша «Мемсараптама» РМК филиалының сарапшысы Ольга Сосина, Владимир Уваров, тағы басқаларына Қазақстанның Құрылысшылар қауымдастығының Құрмет грамотасы, тағы бірқатар азаматқа облыс әкімінің алғысхаттары мен Құрмет грамоталары табысталды.
Айтақын БҰЛҒАҚОВ,
Алматы облысы
Құрылысшыларға құрмет көрсетілді
Последние статьи автора