Еліміздегі бірқатар интернет сайттары жаға ұстатарлық дерек
«Жантүршігерлік азаптауларға жол берілген бұл түрмеде жүзден аса қылмыскер қамауда отырған» деп жазады сондай-ақ осы ақпаратта. Мақаладағы мына бір мәлімет айрықша назар аудартты: «Мұндай лагерьді ашу – еліміздің Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің бастамасы. Аталмыш комитеттің діни экстремизмге қатысы бар сотталғандарды бөлектеп, бір колонияға жинамақ болған әрекеттері заңға қайшы еді. ҚАЖК-нің бұл шешімі Бас прокуратура тарапынан қолдау таппай, жүзеге аспай қалды. Бас прокуратураға адам төзгісіз азаптауларға шыдай алмаған тұтқындардың өздері шағымданған екен. Сөйтіп, сотталғандар басқа мекемелерге ауыстырылған.
Тағы бір айта кетерлігі, аталмыш лагерь ашылғаннан-ақ қамауда отырғандар наразылық таныта бастады. Арты саяси дауға ұласып кететін болғандықтан тиісті органдар «эксперимент жасап көрмек болатынбыз» деген мәлімдеме жасады» делінген. Не сенеріңді, не сенбесіңді білмейді екенсің...
Егер ақпаратты таратушыларға сенсек, олар құпия түрме жайында Мәскеудегі «Мемориал» құқыққорғау қоғамының Орталық Азия бағдарламасының директоры Виталий Пономаревтан хабардар болса керек.
Анық-қанығын білмек болып, біз де Ресей астанасы Мәскеуге телефон шалдық. Құқық қорғаушы Виталий Пономаревтің мәлімдемесін сөзбе-сөз берсек, ол:
– Ондай оқшаулау мекеменің болғаны рас. Мекеме жарты жылдай жұмыс істеді. Алайда түрлі себептерге байланысты қайта жабылды. Негізі, діни экстремистік ұйымдардың өкілдерін бөлек қамау – заңға қайшы. Лагерьдің жабылып қалуы осыған да байланысты болса керек, – деп жауап берді.
«Қазақстандағы Гуантанамо» деген атауға ие болған құпия колония шынымен болған ба? Осындай сауалмен ҚР Әділет министрлігінің Қылмыстық атқару жүйесі Комитетімен байланысқа шықтық.
Құқықтық атқару жүйесі комитеті Баспасөз қызметінің бастығы Ғалымжан Хасенов:
– Біздің елде мұндай колония мүлде болған жоқ! ҚАЖК еш уақытта діни экстремистік ұйымдардың өкілдерін бөлек ұстаған да емес. Олар еліміздегі түрмелерде қамауда отыр.
Мұны мен бәзбіреулердің арандату үшін әдейі таратқан қауесеті дер едім. Кімге, не үшін керек болды бұл? Ол жағы маған беймәлім. Бұл жалған деректі мен ресми түрде жоққа шығарамын.
Байқап отырғандарыңыздай, біреу болған дейді, біреу жоққа шығарады. Нақты ақпарат беретін орган ретінде біз ҚР Бас прокуратурасымен хабарластық.
Азаматтарды ақтау және жазаларды орындау заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы Берік Жақаев:
– Негізі, тиісті орындардан ондай ұсыныс болған. Алайда Бас прокуратура оған тыйым салды. Қылмыстық жауапкершілікке тартылған діни экстремистік ұйымдардың өкілдері жер-жердегі колонияларда жасаған қылмысының деңгейіне қарай жазаларын өтеуде.
P.S. Ресми органдар біздің елде ондай мекеменің мүлде болмағанын айтады. Жалпы, осындай ел ішіне тез жайылған, арты саяси дауға ұласып кетуі мүмкін дақпырт әңгіме тарату кімге керек болды екен? Бұл – Қазақстанның ОБСЕ-ге төрағалық ету қарсаңында біздің елдің абырой-беделін түсіру үшін қасақана жасалынып отырған арам пиғыл емес пе екен...