Алматыдағы есту қабілеті нашар балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернаты биыл күрделі жөндеуден өтіп, оқушылар жаңа оқу жылында жаңа партаға отыруға мүмкіндік алды. Айта кету керек, бұл – құлағы естімейтін балаларға арналған қаладағы жалғыз мектеп.
Мектептің сапалы әрі уақытында бітуі жергілікті биліктің жеке назарында болды. Оқу ошағына жаңа ғимарат қосып, ескі мектептің іші-сыртын жаңалау үшін қала бюджетінен бөлінген қаржының да көлемі қомақты болды. 192 орынға арналған мектептің табалдырығын биыл 160-қа жуық бала аттады. Мектеп директоры Марина Әнуарқызының айтуынша, оқушылардың саны әлі де артуы мүмкін. «Себебі өздеріңіз көріп отырсыздар, бұл мектептің жағдайы қазір жақсы. Бұрын мектептің ескілігіне қатты алаңдаушы едік. Оның сейсмикалық қауіптерге төтеп беруіне күмәнмен қарайтынбыз. Бөлмелер де жетіспей жататын. Енді алаңсыз оқушыларды тәрбиелеп, оқыта алатын болдық», – дейді М.Әнуарқызы. Оның сөзіне қарағанда, мектепте оқулық, пән мұғалімдерінің саны жеткілікті. Үкімет үнемі бұл мектепті назарда ұстап отырады. Оқушыларға арналған кейбір құрал-жабдықтар әр үш жыл сайын жаңартылып тұрады. Қазір мектепте барлығы 46 компьютер бар. Оқушыларды сөйлем құрауға, дұрыс сөйлеуге үйрететін компьютерлер де көңіл толтырады. Кеше аталған мектеп оқушыларын Білім күнімен құттықтау үшін Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов арнайы келді. Ол мектептегі логопедиялы оқу-жаттығу, тәрбие, басқа да бөлмелерді аралап, оқушылардың өнерін, білім алу қабілетін көрді. «Мүмкіндігі шектеулі екен деп, біз бұл балаларды қоғамнан шеттетпеуіміз керек, оларды, керісінше, қоғамды дамыту үшін жұмылдыруымыз қажет. Міне, бүгін оқушылардың өнерін көріп, тәнті болып отырмын. Олардың білім алып, жан-жақты дамуы үшін ұстаздардың көп көмегі керек. Барлықтарыңызды жаңа оқу жылымен құттықтаймын!» – деп қала басшысы өз лебізін білдіріп, мектеп ұжымына плазмалы теледидар сыйлады.
Қазіргі күні Алматы қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-интернаттардың саны – 11. Ал мектептердің жалпы саны – 191. Бұл мектептерде бүгінде 300 мыңнан астам бала білім алып жатыр.