Тегерандағы Әзірбайжан елшілігінде болған жағдайға қатысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 27 қаңтарда Әзірбайжан Республикасының Тегерандағы Елшілігіне жасалған қарулы шабуылды қатаң айыптайды. Бұл шабуылдан дипломатиялық өкілдік қызметкерлері жараланды және қаза тапты.
«Қазақстан дипломатиялық миссиялар мен оның өкілдеріне қатысты зорлық-зомбылық пен агрессия актілерінің кез келген көрінісі қабылданбайды деп санайды. Мұндай шабуылдар халықаралық құқықтың негіздері мен нормаларын бұзады және жалпыға бірдей айыпталуға жатады деп санаймыз. Әзірбайжанның бауырлас халқына, сондай-ақ қаза тапқан Әзірбайжан Республикасының азаматы Орхан Аскеровтың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Зардап шеккен адамдардың тезірек сауығып кетуін тілейміз» делінген СІМ хабарламасында.
Сыртқы саяси ведомство Иран Ислам Республикасының билігі бұл оқиғаны мұқият тергеп, кінәлілерді жазалау үшін тиісті шаралар қолданатынына сенім білдірді.