Аягөз деген аядай бұлақ деседі,
Жұрттарда қалған жұмбақты
кімдер шешеді…
Аягөз болып ғасырлар алға көшеді,
Аягөз — Ая, арулар елі кешегі, –
деп Мұқағали ақын жырлаған Аягөз елінде, аңыздар елінде тамаша бір ескерткіш ашылды. Бұл ескерткіш осынау мекенді арулар елі атандырған қос ғашық – Қозы Көрпеш пен Баян сұлуға қойылды.
Аудан орталығындағы «Жастар» саябағында ашылған ескерткіштің ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та қатысты.
– Біз болашақ үшін ешуақытта өткенімізді ұмытпауымыз керек. Барлығымыз жас кезімізден Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың арасындағы сезім жырланатын мың жылдық әдеби мұраны жақсы білеміз. Осы ескерткішті ашудағы басты мақсат – жастарымызды Қозы мен Баянның сүйіспеншілігі аясында тәрбиелеу. Өйткені екі жастың бір-біріне деген мөлдір махаббаты – ұлттық мәдениетіміздегі әдеміліктің, ақылдылық пен парасаттылықтың айнымас үлгісі, – деді Бердібек Сапарбаев ескерткіштің ашылу салтанатында.
Ашылу рәсімінен соң сол күні шаңырақ көтерген жас жұбайлар мәңгілік махаббаттың символы – Қозы мен Баянның ескерткішіне тағзым етті. Жастарға облыс әкімінің арнайы сыйлығы мен құттықтау хаты табыс етілді.
Қозы Көрпеш пен Баян сұлуға ескерткіш қойылды
Последние статьи автора