Қосшы қаласы прокуратурасының актісі бойынша мемлекетке құны 120 миллион теңге болатын жер учаскесі қайтарылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі бас прокуратура мәліметіне сілтеме жасап.
"Қосшы ауылдық округі әкімінің өкімі бойынша, 2016 жылғы тамызда Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке ауданы 3,2778 гектар жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын берді. Осы өкімнің негізінде ЖШС мен Целиноград ауданының жер қатынастары бөлімі арасында жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану туралы шарт жасалды.
Жалдау мерзімі бірнеше рет ұзартылды. Алайда, 2016 жылдан бастап кәсіпорын жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдалануға бағытталған бірыңғай іс-қимыл жасаған жоқ. Ал құжаттарға сәйкес, ЖШС тұрғын үй кешенін салуды көздеген", - делінген хабарламада.
Кадастрлық құны 65 миллион теңге болатын бұл жер учаскесі Қосшы қаласының орталығында орналасқан және жоғары инвестициялық тартымдылыққа ие екені айтылды.
"Мұндай тұжырымды 2021 жылы ЖШС басқа заңды тұлғаға жалдау құқығын 120 миллион теңгеге сатқанынан ғана жасауға болады. Алайда, қадағалау органы жер учаскесі ҚР Жер кодексінің 48-бабының нормаларын бұза отырып, атап айтқанда, сауда-саттық (конкурстар, аукциондар) өткізілмей берілгенін анықтады.
Прокуратураның ұсынысы бойынша Ақмола облысының Жер ресурстарын басқару департаменті жалдау шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап-арыз енгізді", - делінген хабарламада.
Ақмола облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 07.11.2022 жылғы шешімі бойынша департаменттің талап-арыз талаптары жерді мемлекетке қайтарумен толық көлемде қанағаттандырылған. Бұл шешім 16.02.2023 жылы заңды күшіне енді.
"Қосшы қаласы әкімдігінің мәліметтері бойынша осы жер учаскесінде мектеп салу жоспарланады, "жайлы мектеп" ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде. Қосшы қаласында халықтың қарқынды дамуы мен өсуіне байланысты жылдан жылға мектептердің апатты тапшылығы байқалатынын атап өткен жөн. Осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады".