Әр этностың өзіне тән ұлттық ойыны болады. Дегенмен соңғы кезде ұлттық дүниені басқаша көрсетіп жүргендер де аз емес. Оңтүстікте әтеш төбелестіріп бәс тігетін топтың жұмысы анықталды. Бұл жолғы даудың басы әтеш болды. Оңтүстіктің тәртіп сақшылары Сайрам ауданынан көптен бері құмар ойындарының көрігі қызып келген астыртын аренаны анықтады. Жасырын ғимаратта қораздар жекпе-жегін тамашалайтындар ол үшін ақша тігіп келген.
Қораздарды «қырылыстырып» қойып, төбесінен пайда көретіндердің жасырын апанын кәдімгі спорттық алаң дерсің. Тағанына құм төселіп, арнайы дайындалған. Көрермендерге қолайлы болуы үшін үш қатар орындық-сәкі жасалған. Тоғыз бейнебақылау камерасы бар. Тек ежелгі гладиаторлардың орнына үй құстары төбелестіріледі. Тәртіп сақшылары жасырын ойынхананы жапқан сәтте, осы жердің ұйымдастырушысы да қолға түсті. Оның айтуынша, қоразын алып келіп, төбелестіретіндер де, қызықтаушылар да 200 теңге төлеп кіреді. Бір кеште 100-ге дейін адам жиналатын көрінеді.
Құмар ойын ордасының әшкереленуіне сол маңдағы үй тұрғындарының арызы түрткі болған. Себебі іргедегі ғимаратқа жиналғандар түні бойы шулап, ұйықтатпайды екен. Учаскелік полицейлер «қоразойнақтың» көрігін қыздырып келгеніне 1,5 жыл болғандығын айтады.
Бір қызығы, қораз төбелестіретін орын әр сенбі сайын жұмыс істеп тұрған. Жергілікті тұрғындардан тыс арнайы Алматы мен Астанадан келетіндері де бар мұнда. Қоразын арқалап келіп, қан-жоса төбелеске салады. Қай жеңгені бәске тігілген қаржыны қалтасына басады. Ал бәс тігетіндер — көрермендер. Олар бір жұптың бәсекесіне 2-3 мың теңге тігетіндерін айтып отыр. Ең әккілері сирек ұтылатындарын, көбінесе бәстен жолы болатындарын айтады. Кейде 8-10 мың теңгеге дейін ұтып алатын көрінеді.
Жасырын ойын аренасын әшкерелеген сәтте ішінен оннан астам қораз табылды. Сол үй құстарының барлығы және кассадан 30 мың теңге тәркіленіп алынды. Енді заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғандардың мәселесін Қаржы полициясы қарайды.
Қораз төбелестіргендер құрықталды
Последние статьи автора