«Қоқыс бизнесі» қазақтың қолына көшіпті

Шымкенттің қоқыс тастайтын орны мен кәріздерінен шығатын сасық суы бұрын қаладан алшақ орналасқан еді. Ал қазір қолқа қабар сасық су мен қоқыстың айналасына жапсарласып ел қоныстанды. Қоқыс тастайтын орын мен тұрғын үйлердің арасын айырып тұрған – тас қабырға ғана. Сасық көлдің жағасына қоныстанған тұрғындардың сол сумен қауын-қарбыз, көкөніс өсіріп, саудаға салатыны жөнінде қайбір жылы баспасөз бетінде жазылған болатын. Ал тас қабырғаның арғы жағындағы қазіргі жағдайды біз өз көзімізбен көрдік. Енді соны қаз-қалпында баяндап берсек дейміз...

Қоныс жайы қатар-қатар қоқысхана
Қоқысхананың ауласынан енген бойда ең алдымен күл-қоқыстың арасынан әрең көрініп тұрған дүңгіршектер көзге түсті. Дүңгіршек деген аты болмаса, тозығы жеткен қиранды сияқты. Айналаның барлығы тау-тау болып үйіліп жатқан бакалашкалар, көлік доңғалақтары, темір-терсек, тағы басқалар. Сасық иістен басың айналады. Шыбын-шіркей құжынап жүр. Анадай жерде кішкене қыз бала қоқыстармен ойнап жүр. Ештеңемен шаруасы да жоқ. Бір дүңгіршектен көзіне қара көзілдірік киген мұртты кісі шықты. Сәлемдесіп, әңгімеге тарттық. Есімі Абат Құдайбергенов екен.
– Жұмыс жоқ, амалсыздан үш жылдан бері қоқыс ақтарумен күн кешіп келеміз. Бала-шағам ауылда, мен осындамын. Көрші Достық деген ауылда тіркеудемін. Біз бос бакалашкалар жинаймыз бригада болып. Бригадамызда алты адам бар. Бәріміз осы жерде түнеп, жұмыс істейміз.

Күнделікті күнкөріске жететін тиын-тебен табамыз. Мына жақта 100-ден астам адам жұмыс істейді. Араларында жетідегі баладан жетпістегі қарияға дейін бар. Баклашкадан бөлек консерві құтылар, темір-терсек, пластмасса жинап өткіземіз. Жинағанымызды қабылдап алатын адамдар бар. Ақшамызды кешіктірмейді. Мына жерге баклашканы майдалап турайтын арнайы қондырғы қойылған. Ескі затты қайта өңдейтін болулары керек, ол жағын нақты біле алмадық, – дейді Абат.

Оның айтуынша, қоқысханада түнеу қауіпті емес екен. Қоқысхананың арнайы қарауылдары да бар.

Көрші дүңгіршектен бір келіншек шықты. Кір жайып жүр.
– Бір жылдан бері осында отбасымызбен тұрамыз. Күйеуім баклашка тереді. (Анадай жерде бет-аузын түгел тұмшалап алып, баклашка жинап жүрген ер кісіні қолымен нұсқады). Төрт жасар қызым да бізбен бірге. Өзім мына Тельманда тұрамын. Жұмыс болмаған соң, осыны «кәсіп» етіп келеміз. Ғабит деген бастығымыз бар. Біздің қауіпсіздігімізге сол жауапты. Баклашканы қайта өңдеумен айналысып жүргеніне он жылдан астам уақыт болған екен. Табысымыз жаман емес. Қыста, желтоқсаннан көктемге дейінгі аралықта 80 мың теңгедей ақша алдық. Қазір каталогтың ақшасын аптасына бір рет, целлофан қапшықтың ақшасын күн сайын аламыз. Ал баклашканың ақшасын бір жылдай уақыт толтырып барып аламыз. Сонда каталог, целлофандардың ақшасын күнделікті қажетімізге жаратсақ, бакалашканың ақшасын жинап-жинап, басын қосып аламыз. Оны жер алу, үй салу секілді шаруаларға сақтап отырмыз. Құр қол қусырып қарап отырғаннан гөрі, осы дұрыс емес пе? 50, 100 мыңдап ақша тауып жатқандар да бар, – дейді өзін Аягөз деп таныстырған келіншек.

Қоқыс арасында ойнап жүрген әлгі кішкене қыз осы Аягөздің қызы екен. Жасы төртте. Бір жылдан бері қысы-жазы осында тұрады. Анасының айтуынша, мұнда келгелі ауру-сырқауға шалдықпапты. Ауызсуды әлдекімдер тасып әкеліп береді екен.

Мектебін қалдырған балдырған...
Алғашқы кездескен кейіпкерлерімізбен тілдесіп бола бергенімізде, жанына баласын ерткен келіншекпен бетпе-бет келдік. Жанындағы ұлының жасы 8-де екен. «Самал» мөлтекауданының тұрғыны болып шықты. «Бүгін ұлым сабаққа бара алмай қалды» деп бізді алдай салды. Ол баланың мектеп бетін мүлдем көрмейтінін кір-қожалақ болған сыртқы бейнесі-ақ айтып тұр. Кейінірек білдік, білім ұясын біржолата қоқысханаға алмастырған балалар мұнда аз емес секілді. Олар үлкендермен жарыса жұмыс істеп жүр.

Журналист екенімді білген болуы керек, қақпа алдындағы қарауылда отырған бір кісі өзінің осы жерде жауапты адам екенін, рұқсатсыз қоқысханаға кіруге болмайтынын ескертті. Ол үшін қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімінен немесе қоқысхананың егесі есептелетін «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-ның бастығының рұқсаты болуы керек екен. «Бұл қайдан шыққан заң, мемлекеттік құпия сақталатын мекеме ме?» деп саудаласып тұрғанды жөн көрмедік. Бәрібір бастықтарының рұқсатынсыз қадам жасай алмайтын бағынышты адам екені көрініп тұр. Дегенмен жүздеген адамның іште өріп жүргенін ескерттік. Сөйтсек, олардың барлығы да тиісті азаматтардан рұқсат алғандар болып шықты. Бұл енді бес жасар балаға айтсаң нанғысыз, күлкілі жауап емес пе?

Кірген қақпамыздан қайтып, кері шықтық. Алайда қоқысхананың Алматы-Ташкент тас жолына қараған тұсы тас қабырғамен жабылғаны болмаса, өзге жақтары ашық алаңқай. Қоқысхананың ішіне сол ашық жақпен айналып кірдік. Анадайдан шайла көрінді. Онда үш жігіт жүр. Өздерін «өлең-төсектерінде» жүргендей еркін сезінеді. «Не проблемамен» келгенімді сұрады. Мен кері сұрақ қойдым. Қоқыстан жиналған темір-терсектерді қабылдайды екен. «Бізге ешкім тимесе, біздің ешкімге зиянымыз жоқ. Осылай өз күнімізді өзіміз көруге көштік», – дейді олар. Одан әріректе қайнаған қарбалас. Тұмшаланғандар қоқыс әкеліп тастап жатқан көліктің артынан жүгіріп, таласып-тармасып қоқысты аударыстырып жатыр. Себебі түсінікті, жарамды заттарды бірінші болып теріп алғысы келеді. Тіпті көлік төгіп жатқан қоқыс басып қалар деп те қорқар емес. Әлі жерге түсіп үлгермеген қоқыстың арасына қолын тығып, ілінген затты олжалап жатыр. Қоқысты тегістейтін бульдозерлерге де жол бермейтін кездері болатын көрінеді. Қоқысты төгіп жатқан шұңқырдың бір жақ беті көк түтінін көкке көтеріп, бықсып жанып жатыр. Қоқыстың ішінде не болмайды, атылып-жарылса, біреуін майып етуі әбден мүмкін ғой. Оны ойлап жатқан ешкім жоқ.

«Шукенттің» «қонақтары» үзілер емес
Қарбаласып жатқандардан әрірек жүк көліктерін қаңтарып қойып, тағы біреулер отыр. Араларында жасыл желек жайлауда отырғандай, шайдан ұрттап отырғандарын да байқап қалдық. Олар әлгі таласып-тармасқандардың жиған-терген заттарын қабылдап алатындар екен. Бейтаныс бізге олжасына ортақтасатындай жақтырмай қарайды. Бір қынжылтатыны, лас, қауіпті тірлікпен айналысып жүргендердің басым бөлігі өзіміздің қаракөздер. Қоқыстан әрірек, бір шетте түр әлпеті қазаққа келіңкіремейтін әкелі-балалы азаматтар есек арбаларымен жүр. Аты-жөндерін айтқысы келмеген олардың ұлты әзірбайжан екен. «Біз бұлар секілді «боқтың» арасына кірмейміз. Шеткеректен қысқа жағуға отын жинаймыз. Күн сайын бір келіп, 4-5 қап отын алып кетеміз. Реті келіп жатса, темір де ала кетеміз», – дейді олар. Әкесі талай жылдар осы маңда мал баққан екен. «Бұрын мұндай сұмдықты көрмеген едік, қазір үйреншікті әдетке айналды. Мұнда жүрген бүлдіршіндердің ертеңгі денсаулығы, болашағы не болмақ?» – дейді қария...

– Қоқысхана «қонақтарына» қарсы ештеңе істей алмаймыз. Полициядан да көмек сұрадық. Шығарғанымызбен айналасы ашық қой, жан-жақтан кіріп кетеді. Қысым көрсете алмайсың, бала-шағамызды осының арқасында бағып отырмыз дейді. Қоқысхананы, негізінен, «Самал», «Қайтпас», «Тельман» секілді жақын маңдағы мөлтекауданның адамдары жағалайды. Ал ішке қоныстанғандар тұрақты тұрмайды. Бір келеді, бір кетеді, яғни уақытша. Олардың тұруына тыйым салмақ болған әрекетімізден кейін прокуратураға, басқа да тиісті орындарға арызданды. Прокуратурадағылар оларды ішке кіргізбеңіз дейді, бірақ ол мүмкін емес. Бәрімен дауласып та, жауласып та шаршадық. Нәтиже жоқ. Кейде ішке балалар кіріп кетеді, соларды қуалаймыз. Мұнда балалардың көп келетінін білім басқармасындағылар да біледі. Өткенде арнайы тексеру жүргізілді. Ата-аналарына айыппұл салды. Жергілікті атқарушы билік айына бір келіп тексеріп кетеді, – дейді қоқысхана бастығы Сыбан Сүлейменов.

Міне, Шымкенттің «шукентіндегі» жатақ жамағаты осындай кәсіппен күнелтеді. Қоқысханадағы тірліктен қала әкімі Арман Жетпісбаевтың бейхабар болуы мүмкін емес. Өйткені бір кездері жекеменшігі ретінде өзі негізін қалаған элиталы «Тұлпар» мөлтекауданы осы қоқысханадан оншалықты алшақ емес. «Тұлпар» мөлтек ауданы мен қоқысханадағы екі бөлек тіршілік екі ғасырдың көрінісін елестететіндей...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста