Шығыс Қазақстан облысында «Қонақжай отбасы» жобасы аясында қазақ тілін үйренгісі келген балаларды ауылдағы 32 отбасы қонақ қылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, «Қонақжай отбасы» пилоттық жобасында қаладағы балалар ауылдарға барып, тілдік ортаға енеді. Ол үшін Катонқарағай ауданындағы Катонқарағай, Өрел және Берел ауылдары таңдап алынған.
«Қазір жобаға қатысатын 32 отбасы таңдап алынды. Олар 60-тан астам баланы қабылдауға дайын. Әзірге жобаға қатысуға ата-аналардан 40-қа жуық өтініш түсті. Балалардың талапқа сай болуы және медициналық қарсы көрсетілімдерінің жоқтығы тексеріледі», - делінген ақпаратта.
Жобаға 12-14 жас аралығындағы балалар қатыса алады. Ата-аналар өз өтініштерін 22 мамырға дейін жіберуі тиіс.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да «Қонақжай отбасы» жобасы аясында қала балалары ауылда бір отбасының үйінде 20 күн тұрып, қазақ тілін үйренетіндігін хабарлаған едік.