Әне-міне дегенше 2015-ші, Қой жылын да тарих қойнауына шығарып салғалы тұрмыз. Ал бұл жылы елімізде, әлемде ойда қалар қандай оқиғалар орын алды? Тізбектеп көрелік.
2015-ші, Қой жылында Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа кірді, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды. Қазақтың үшінші ғарышкері Айдын Айымбетов ғарышқа ұшты, оған Халық Қаһарманы атағы берілді. Жалпы, жағымды жайлар баршылық.
Бұл жылы елімізде біраз жағымсыз жайлар да орын алды. Мысалы, биылғы жыл ұлттық валютамыз – теңге қатты құнсызданғанымен есте қалмақ. Сарапшылардың есебінше, теңге бір жылдың ішінде ғана 85 пайызға құнсызданып, әлемдік «рекорд» жасады.
Әсіресе ол өткен тамыз айынан бері бірнеше еселеп құнсызданды.
Сондай-ақ кезінде еліміздің Премьер-министрі, Қорғаныс министрі қызметтерін атқарған Серік Ахметовтың қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 10 жылға сотталуы да осы жылдың ойлантарлық оқиғаларының бірі болды.
Елімізде кезекті мәрте ақбөкендер қырылды. Бейкүнә жануарларға келген нәубет сырын ғалымдарымыз әлі де анықтай алмай жатыр.
Ал жақын көршіміз – Өзбекстанда Президент сайлауы болып өтті. Өзбекстанды тәуелсіздік алғалы табан аудармай басқарып келе жатқан Ислам Каримов бұл жолы да Президент болғысы келгендерді шаң қаптырып кетті, 77 жастағы Ка¬римов 90 пайыздан аса дауыс жинап, кезекті мәрте Президент болып сайланды.
Қырғызстанда Парламент сайлауы болып өтті. Көп дау-дамаймен ерек¬шеленген бұл сайлауға елдегі 14 партия қатысты, Жогорку Кенешке соның ішінде 6 партияның өкілдері өтті.
1990-жылдары Азамат соғысын бастан өткерген Тәжікстанда қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқарған генерал Назарзоданың қатысуымен шулы оқиға орын алды. Оған мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған деген айып тағылды. Назарзода мен оның жақтастары Памир тауларындағы Рамит шатқалына барып жасырынды, оларға қарсы күш құрылымдарының арнайы әскери операциясы іске асырылды. Назарзода мен оның жақтастары қақтығыс кезінде қаза тапты. Бұдан кейін Тәжікстан билігі ТМД елдері бойынша жалғыз діни партия – Тәжікстан Ислам партиясын әскерилерді төңкеріс жасауға итермеледі деп айыптап, жауып тастады, оның мүшелерін қуғынға ұшыратты.
Ал 2015-жылды Бейбітшілік пен бейтараптық жылы деп жариялаған Түркіменстан үшін бұл жыл шынында да тыныштық жылы болды. Ол өзінің ірге¬сіндегі Ауғанстанда бірнеше қалаларды алып қойып, күшейген тәлібтер шабуылынан біраз қауіптенгені болмаса, іштен де, сырттан да ешкім қатты мазаламай, тыныш өмір сүрді.
Солтүстіктегі алып көршіміз – Ресей болса, соңғы бірер жылдан бері Батыс елдерімен қырғиқабақ жағдайда отыр. Бүгінде жағдайы аса нашарлап тұрған жақын көршісі Украинадан Қырым түбегін алып қойғасын оған қарсы санкциялар жарияланды. Ресей бәрібір де қыңбады. Ол тіпті бірнеше жыл бойы Азамат соғысы шарпып тұрған Сирияның ішкі ісіне араласты. Ақырында оған өзінің әскери әуе күштерін жіберді. Оған қарсы әрекет етушілер де қарап қалмады. Мысырдың Шарм-эр-Шейх қаласынан Санкт-Петербургке қарай шыққан Ресейдің үлкен жолаушылар ұшағын әуеде жарып жіберді, бұл апат кезінде 224 адам қаза тапты. Мұны жасады деп «Ислам мемлекеті» аталып жүрген ұйымға күдік келтірілген.
Бүгінде Таяу Шығыстағы жағдай аса күрделі екені белгілі. Сирияда соғыс жүріп жатыр. Осы орайда Ресейдің Таяу Шығыстағы өз геосаяси мүддесін ойлаған Түркиямен арасында салқындық пайда болды. Түрік шабуылдаушы ұшағы әуе кеңістігімізді бұзды деп орыстың «СУ-24» бомбалаушы ұшағын атып түсірді, оның бір ұшқышы Сирия жеріндегі төң¬керісшілер оғынан қаза болды. Ресей жағы біздің ұшақ ол кезде Сирия аспанында болған деп, оны дәлелдеуге тырысып жатыр.
Жалпы алғанда, бүгінде Түркияның сыртқы ғана емес, ішкі саясатында да жайсыз оқиғалар аз болып жатқан жоқ. Ресей мен Түркия бір-біріне кіжіне жұдырықтарын түйіп отыр деуге болады.
Тағы бір алып көршіміз – Қытай да қарап отырған жоқ. Ол бүгінде әлем санасатын мығым мемлекетке айналды, тіпті АҚШ-тың өзін састырып отыр. Экономикасын былай қойғанда бұл елдің халқы 1 миллиард 377 миллион адамға жетті. Осының ішінде 735 миллионнан астамы – ер-азаматтар. Қытайда сүрбойдақтар қатары 30 миллион адамнан асты. Осыған орай қытайлық бір профессор бұл елдегі кедейлерге екеуара бір әйел алуға кеңес беріп жұртты шулатты.
Жалпы, бүгінде Қытай Орта Азияға ықпалын жүргізуде Ресейдің басты бәсекелесіне айналды. Қытай басшылары біздің елімізбен де бірнеше ірі келісімдерді ресми түрде бекітіп тастады.
Ал КСРО тарқағалы әлемдегі жал¬ғыз жетекші держава болып тұрған АҚШ өзінің ықпалынан бірте-бірте айырылып келе жатқан сияқты. Әлемдік саясатта үні бұрынғыдай өктем шықпайтын болды. Бұл елдің өз ішінде жайсыз оқиғалар көбейіп тұр. Сепаратистік пиғыл белең алып, бірнеше штат өзінің АҚШ-тан тәуелсіздік алғысы келетінін мәлім етті.
Қазір әлемдік экономика мен саясатта салмағы мол болып келген Еуроодақ елдерінің де жағдайы мәз емес. Биыл Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадан, тағы басқа да ахуалы тұрақсыз елдерден қаптаған мигранттар Еуроодақтың есін шығарды, басын ауыртты. Одақтың белді мүшелерінің бірі – Францияда әлемді елеңдеткен оқиға орын алды. Ел астанасы – Парижде бір¬неше лаңкестік шабуылдар жасалды, оқиға кезінде 130-дан аса адам қаза тапты, 350-ге жуық адам жараланды. 7 лаңкес қаза тапты. Олардың бірі: «Бұл сендерге Сирия үшін!» - деп айқайлаған көрінеді. Себебі Франция осының алдында Сириядағы «Ислам мемлекеті» ұйымына қарасты нысандарды бомбалауды бастаған болатын.
Сол кездері Еуроодақтың бірқатар елдерінде де осындай шабуылдар болады деген хабар тарап, жұрт әбігерге түсті. Еуроодақ астанасы – Брюссельде төтенше жағдай жарияланды.
...Қысқасы, 2015-жылы әлемде жайсыз оқиғалар көбейді. Бір-бірімен келісе алмай жатқан елдер мен адамдар ақылға келіп, бейбіт тірлікке көшсе екен дейді жұрт. Өйткені әлемді әлсіреткен қаржылық дағдарыстың өзі-ақ халықты қатты әбіржітіп жатқаны белгілі.
Д. НҰРПЕЙІС.