2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойғаны есімізде. Бұл заңның қабылдануына елдегі мұғалімдердің құқығы жиі бұзылып, беделіне нұқсан келуі, төмен жалақысы мен ауыр жұмысы себеп болған еді. Аталған заң ұстаздар қауымының қоғамдағы абырой-беделін арттырып, әлеуметтік тұрғыдан қорғалуына бағытталған.
Заңның қабылданғанына бір жарым жылдай уақыт болды. Мұғалімдер билік тарапынан немесе қоғам тарапынан қандай қолдау көріп жатыр? Олардың мәртебесі расымен де өсті ме немесе тек қағаз жүзінде қалды ма? Azattyq Ruhy тілшісі астанадағы №68 мектеп-гимназияның орыс тілі пәні мұғалімі Динара Қуандықовамен сұхбаттасып, педагогтардың қазіргі мәртебесі туралы сұрап білді.
- Динара ханым, аталған заң қабылданғалы бері аз уақыт өткен жоқ, жұмысыңызда өзгерістер болды ма? Мәртебеңіздің артқанын сезіндіңіз бе?
- Әрине сезіндік! Ең бірінші айтарым, бұрынғы қағазбастылықтан арылдық. Бұл кез келген мұғалім үшін өте қуанышты жайт. Өзіңіз білетін боларсыз, мұғалімдер тек бала оқытып қана қоймай, бос уақытының бәрінде қағазбастылыққа салынатын. Қазір бұл мәселе шешілді. Уақытымызды өзіміздің негізгі жұмысымызға – бала тәрбиесіне арнаймыз.
Сондай-ақ, мұғалімдер маңызды үш жеңілдікке қол жеткізді. Педегог мәртебесі туралы заңның 12-бабы бойынша тұрғын жай, жатахана, жеке үй құрылысы үшін жер учаскілеріне ие болу мүмкіндігін алдық. Осы бағытта біздің де мектебіміздің жас мамандары мемлекеттен жатахана алды.
Бір қуанарлығы, ұстаздардың балаларына бірінші кезекте балабақшадан орын беру қарастылған. Бұрын мемлекеттік балабақша кезегін ұзақ күтіп, шарасыздықтан балаларымызды жекеменшік ақылы балабақшаға беретінбіз. Елдің баласын тәрбиелеп жүріп, өз баламызға жағдай жасай алмай жүрдік. Әрине, бұл әр ананың жүрегін қынжылтады. Қазір осы балабақша мәселесінің шешілгені ұстаздар қауымына үлкен көмек, жеңілдік деп білемін.
Екіншіден, барлық санаттағы қызметкерлер 56 күндік еңбек демалысына шыға алады. Сонымен қатар, ұстаздар денсаулығын жақсартуға бір лауазымды жалақы мөлшерінде жәрдемақы берілетін болды.
Үшіншіден, заң бағыттары мұғалімдерді материалдық және материалдық емес ынталандыру тетіктерін қарастырды. Мысалы, жыл сайын республикалық бюджеттен үздік педагог атағын иеленушіге мың еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы тағайындалып отыр. Осы байқауға біздің мектептің мұғалімдері де қатысып, өз шеберліктерін дәлелдеп, белгілі сыйақыға ие болды. Сондай-ақ, көптеген халықаралық байқаулардың, түрлі олимпиадалар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздарын дайындаған педагогтердің еңбегі еленіп жатыр.
Мәртебенің артқаны осы шығар?!
-Осындай ауыр еңбекке қарамастан мұғалімдер ең төменгі жалақының бірін алатын. Педагог мәртебесі туралы заң бұл проблеманы шеше алды ма?
- Иә, 2021 жылдың қаңтар айынан бастап, мұғалімдердің еңбекақысы 25 пайызға көбейді. Жалақы мөлшері алдағы уақыттада арта беретінін Мемлекет басшысы айтып отыр. Біліктілігін дәлелдеп, аттестациядан өткен барлық педагогке педагогикалық шеберлігі үшін 30-50 пайыз арасында қосымша ақы төленіп жатыр. Нақты айтқанда педагог шебер біліктілігі бар ұстаздарға лауазымдық жалақының 50 пайызы, педагог зерттеуші санаты үшін 40 пайыз, педагог сарапшы санаты үшін лауазымдық жалақының 35 пайызы және педагог модератор санаты үшін 30 пайызы мөлшерінде қосымша ақы төленіп отыр. Осы қыркүйектен бастап дәптер тексергені үшін және сынып жетекшілігі үшін алатын үстемақы екі есеге көтерілді.
-Қосымша материалдық көмек қандай жағдайда беріледі?
- Бұрын мұғалімдердің магистр дәрежесі бар болса да, ол аса еленбейтін. Қазір магистр дәрежесі бар ұстаздар 27 мың көлемінде жаңа үстемақы алып жатыр.
Мектепте қызметін жаңа бастаған жас мұғалімдерге бір жылға тәлімгер бекітіледі. Тәлімгер болатын педагогтың кәсіби дайындығы өте жоғары болу керек. Бұл ретте тәлімгер жас маманға оқу процесін ұйымдастыру, оқу бағдарламаларын әзірлеу, яғни, педагог мамандығына тез бейімделуге көмектеседі. Сол қызметі үшін бір базалық қызметтік еңбекақының көлемінде қосымша ақы тағайындалды. Сонымен қатар, дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне өз сабағынан тыс үйірмелерге жетекшілік еткені үшін 17 мың көлемінде ақша төленеді. Бұрын ұстаздар қосымша сабақтарды тегін өтетін. Мұның бәрі мұғалім еңбегінің бағаланғаны деп ойлаймын.
-Ұстаздар білімін жетілдіру жағы қалай болып жатыр? Ол да мемлекет есебінен жүргізіле ме?
- Орта мектеп педагогтерін кәсіби дамыту үшін мемлекеттік бюджет қаражатынан біліктілік арттыруға курстар ұйымдастырылды. Педагогтер алған білімін іс жүзінде пайдалану үшін бұл курстар әрі қарай жалғасады. Негізгі педагогикалық бағытта білім беру бағдарламалары өзектендірілді. Жаңартылған орта білім беру мазмұны бойынша, инклюзивті білім беруді оқыту пәндері еңгізілді. Ағылшын тілде оқытылатын пәндер көбейді.
Сонымен қатар, қазір әр мектептің дамуына қарай көптеген жоба ұсынылып, жұмыс жүргізілуде. Мысалы, біздің №68 мектеп-гимназия ұжымы 2019 жылдан бастап Назарбаев университетімен «Қазақстан ұстаздарының көшбасшылығы» атты халықаралық жоба аясында бірлескен жұмыс істеп келеді. Жоба барысында шетелдік әріптестермен тәжірибе бөлісіп, мұғалімдер өздерінің кәсіби шеберлігін шыңдауда.
-Педагог өмірінде тағы қандай өзгеріс енгенін қалайсыз?Заңға енбей қалған мәселелер бар ма?
- Мұғалімнің басты міндеті – алдындағы оқушыға сапалы білім, болашаққа бағыт-бағдар беру. Осы мақсатқа жету үшін мектебіміз заманауи үлгідегі технологиялармен жабдықталса, мұғалімнің жұмысына жақсы әсер тигізер еді.
Екінші маңызды мәселе – пән мұғалімі мен мұғалім тәрбиешінің яғни сынып жетекшінің міндеттері. Еуропалық мектептерде сынып жетекшісі жұмысына үлкен назар аударылады. Себебі, бала тәрбиесі оларда басты назарда. Ал, бізде пән мұғалімі қосымша сынып жетекшінің функциясын атқарады. Бұл мұғалімнің кәсіби дамуына көп кедергі келтіреді. Екі қызметте жауапты. Екі бағытты біріктіріп сапалы жұмыс жасауға қиындық туады. Егер педагог тек сынып жетекшінің немесе тек оқытушының міндетін атқарса, білім беру бағытында біраз жетістікке қол жеткізетін едік деп ойлаймын.
Жалпы, «Педагог мәртебесі туралы» заң «Алты Алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдердікі» деген Мағжан ағамыздың сөзін дәлелдегендей болды. Ұстаздың беделі қайта жаңғырып, заманауи үлгіде өз күшіне енгеніне, төрдегі орынның ұстаздыкі екенін дәлденіп жатқанына қуаныштымын. Кез-келген маман иесі осы мұғалімдердің алдында сабақ алады. Ендігі кезде біз ұстаздар осы мәртебеге лайық еңбек етіп, еліміздің дамуына, алдымыздағы жас ұрпаққа сапалы білім беруге, жақсы маман иелерін тәрбиелеуге үлесімізді қосамыз. Осы қысқа мерзімде біз ұстаздық қызметімізге үлкен септігін тигізген өзгерістеріне ие болдық. Жаңа заң мұғалімдерге де білім алушыларға да тиімді болып, білім сапасын арттыруға зор мүмкіндік берді.
- Әңгімеңізге рахмет!
Ақпарат үшін:
2019 жылы желтоқсанда Президент Қасым-Жомар Тоқаев «Педагог мәртебесін көтеру туралы» заңға қол қойып, ұстаздардың құқығының қорғалуын басты назарға алды. Қабылданған заң 21 баптан тұрады және 500 мыңнан астам педагогтің мүддесін қорғауды көздейді. Заң нормалары мектепке дейінгі, орта, кәсіптік және техникалық білім беру, қосымша білім беру, мамандандырылған арнайы білім беру ұйымдарының ұстаздарына қатысты талаптарды қамтиды.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, заң аясында 2020 жылы 492,5 мың педагогтің жалақысы 25%-ға, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақы тағы да 25% көтерілген. Заңға сәйкес педагогтің аса үздік жетістіктері, еңбегі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы беріледі. Бұл құрметті атақты алғаш рет еліміздегі білім саласының 20-дан астам педагогі алған. Сонымен қатар, мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының педагогтерін өздерінің кәсіби қызметін жүзеге асыру үшін үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне тартуға жол берілмейді. Педагогтерді өзіне тән емес функцияларға тартқан үшін 20-дан 120 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған.
Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан