«Қазсат-1-дің» сақтандыру құны неге құпия болды екен?
Кеше Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатына Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев келді. Келгенде де, біраз жаңалық ала келіпті. Солардың бірі – «барсакелмеске» кеткен «ҚазСат-1» Жер серігінің сақтандыру төлемдері бойынша жұмыстың біткені. Талғат Мұсабаевтың айтуынша, ғарыш кеңістігінде адасып кеткен мемлекеттің қаржысы мемлекеттік бюджетке толықтай қайтарылған. Десек те, неге екені белгісіз, бұл соманың көлемін Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы айтқысы келмеді. Расын айтсақ, «коммерциялық құпия» деп, қайтқан қаржыны жаба тоқып жасырған төрағаның бұл қылығын түсінбедік. Әлде шикі мәселеге ши жүгірткісі келмеді ме? Әйтпесе жасыратын несі бар?!
Енді, міне, «ҚазСат-2» де ғалам кеңістігіне көтерілді. Талғат Мұсабаевтың айтуынша, бұл Жер серігі, Құдайға шүкір, аман. Бүгінде ол – өзінің геостационарлық орбитасында. Мұның да сақтандыру мәселесі халық қалаулыларын алаңдатпай қоймады. Парламент Мәжілісінің депутаты Владимир Нехорошев «ҚазСат-2»-нің сақтандыру мәселесі қалай болып жатқанын сұрап еді, Талғат Мұсабаев бұған алаңдаудың қажеті жоқтығын айтты. «ҚазСат-2» ғарыш аппаратының тағдырына біздің қолымызға толықтай өткізіп бергенге дейін ресейліктер жауапты. Солар сақтандырады. Ал ғарыш аппаратын Қазақстан қабылдап алғаннан кейін сақтандыру да Қазақстан Республикасының мойнына өтеді. Ол үшін сақтандыру компаниялары арасында конкурс тендер негізінде жүреді. Бұл тендерге тек қазақстандық компаниялар қатысады. Десек те, тендерден жеңіп шыққан компания шетелдік сақтандыру компанияларына қайта сақтандыра алады», – дейді Талғат Мұсабаев.
МҮЙІЗ СҰРАЙМЫЗ ДЕП, ҚҰЛАҒЫМЫЗДАН АЙЫРЫЛЫП ЖҮРМЕЙІК
«Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға беру құнын арттыру қажет» деп байбалам салып жүргенімізде, Ресей керісінше, мемлекетімізге бірнеше рет «бұл соманы азайту қажет» деген ұсыныспен шыққан екен. Жалға беру құны 1994 жылдан бері еш өзгермей, жылына 115 млн доллар болып келгенін білеміз. Ресейліктер «Байқоңырда» жалдап тұрған көптеген нысанды пайдаланбаймыз, сондықтан да соларды қайтарып алыңыздар» дегендей уәж айтады екен. «Депутаттар, осыны біліп қойсаңыздар», – деген Т.Мұсабаев «Байқоңырды» жалға беру мәселесіндегі тағы бір түйткілдің ұшын шығарып қойды. Бұл Парламент Мәжілісінің депутаты Мұхтар Тінікеевтің «Байқоңырдың» жалға беру құнына қатысты сауалынан шыққан әңгіме еді. Мұндай әңгіме шығып жатса, ертеңгі күні 115 млн долларға да зар болып қалатын түріміз бар ғой. «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, құлағынан айырылыптының» кері сонда болмасын.
МҰСАБАЕВ ҚАСЫМОВПЕН КЕЛІСПЕЙДІ
Өткен аптада Парламент Сенатының депутаты Ғани Қасымов қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқан күнін, яғни қазанның 2-сін мемлекеттік мереке қылып атау туралы ұсыныс тастаған еді. Бұл ұсыныспен екінші қазақ ғарышкеріміз келіспейтін болып шықты. Ол өркениетті елдерден ерекшеленудің қажеті жоқ деп есептейді. «Барлық өркениетті ел бір ғана күнді атап өтеді. Ол – сәуірдің 12-сі, Бүкіләлемдік ғарыш күні. Біз неге ерекшеленуіміз қажет? Мұндай мейрам (Ғани Қасымовтың ұсынысын айтады – авт.) ешкімде жоқ, бізде неге болуы керек? Біз не сонда, өзгелерден ерек ұлтпыз ба?» – деп жауап берді журналистердің сұрағына.
САҢЫРАУ МЕН МЫЛҚАУДЫҢ ҚАТЕЛІКТЕРІНЕН САБАҚ АЛУ ҚАЖЕТ
«ҚазСат-3»-тің қай уақытта ғалам кеңістігіне көтерілетіні белгілі болды. Талған Мұсабаевтың айтуына сенсек, «ҚазСат» сериясындағы үшінші жер серігіміз 2013 жылдың соңына қарай ұшырылады деп жоспарланып отыр. «Осылайша, Жер серігін жасау жұмыстары аяқталып, біз шетелдік операторлардың ешқайсысына тәуелді болмаймыз», – дейді агенттік төрағасы. Оның айтуынша, «ҚазСат-3» алдыңғы екеуінен де қуатты және қателіктерін қайталамайтын Жер серігі болайын деп тұр. Яғни 2013 жылы ұшырылайын деп отырған Жер серігінің борттық жүйесі едәуір жетілдірілген, өлшеуіш (датчик) аппаратуралары ауыстырылған, қысқасы, техникалық жағы өте жақсы жасақталған. Ал алдындағы «ҚазСат-1,2»-ге қатысы бар, өмірі жер серігін жасап көрмеген М.В.Хруничев атындағы Ғарыштық ғылыми-өндірістік орталық пен соларға тапсырыс беріп жүргендерге Талғат Мұсабаев: «Саңырау мен мылқаудың» әрекеті», – деп баға берді. «Бұл нағыз саңырау мен мылқаудың әңгімесіндей болды. Бірі Жер серігін жасау білмейді, екіншісі тапсырыс беруді білмейді. Міне, соның кесірінен осындай қисық Жер серіктері пайда болды», – дейді ол.