Еліміздің «Ұлттық бренд» байқауына 965 өтініш келіп түскен. Нәтижесінде 794 жұмыс ІІ кезеңге жолдама алып, 172 жұмыс келесі кезеңге өте алмаған. Байқаудың жеңімпазы 5 млн теңгеге ие болады. Бұл туралы Орталық коммуникацялар қызметінде Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz.
«2016 жылдың 31 тамызынан 15 қазанына дейінгі аралықта байқауға 965 өтініш қабылданды. Солардың 794-і екінші кезеңге жолдама алды. 172 жұмыс байқаудың талаптарын сай келмегендіктен, келесі кезеңге жіберілген жоқ. Екінші кезең 2 қарашаға дейін жалғасады. Халық интернет арқылы өздеріне ұнаған үздік жұмыстарға өз дауысын бере алады. Осының нәтижесінде 5 үміткер ІІІ кезеңге жіберіледі. ІІІ кезеңде сарапшылар кеңесінен өтеді. Оның құрамында белгілі қоғам, саяси және мәдениет қайраткерлері болады. Жалпы шығынның көлемі 7 млн теңгеге жуық. Оның 5 млн теңгесі жеңімпазға ақшалай сыйақы ретінде беріледі. Ал байқаудың екінші кезеңіне өткен қатысушылардың барлығы 200 мың теңге алады. Шараны ұйымдастырушы - «Қазконтент» АҚ», – деді министр.
Сонымен қатар, Дәурен Абаев халықты байқауға белсенді түрде қатысуға шақырды.
«Барлық өтініш ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ресми сайтында орналастырылған. Әрбір азамат ұнатқан жұмысына SMS жіберу арқылы дауыс бере алады. Хабарлама жіберу тегін. Интернет қолданушылар 15 күнтізбелік күн ішінде дауыс бере алады. Ұлттық бренд – тұтас елдің белгісі. Сондықтан байқау ашық түрде өтеді. Тұрғындарды белсенді болуға шақырамыз», – деді басшы.
Айта кетейік, байқаудың мақсаты – ашық байқау арқылы еліміздің ұлттық брендін қалыптастыру бойынша ең жақсы ұсынысты әзірлеу және анықтау. Байқауға жас ерекшелігі мен азаматтығына қарамастан кез келген тұлға қатыса алады.