Қазақта би болмаса, «Қара жорға» Гиннесске қалай енді?

Абай ОМАРОВ (коллаж)

«Қазақта би болмаған» дейтіндердің аузына біржолата құм құйылды. Олай дейтініміз, көнеден келе жатқан ұлттық «Қара жорға» биі әйгілі Гиннесстің рекордтар кітабына алтын әріптермен жазылды. Ғасырлар қойнауында қалып, бертін келе арамызға қайта оралған осынау би үлгісі бүгінгі ұрпақтың орындауында тіпті жандана түскендей. «Қытайдағы ұлтжанды қандастарымыз 10 мыңдай адамның басын қосып, «Қара жорғаны» бір деммен орындап шығыпты» деген хабарды ел-жұрт бірден іліп әкетті.

«Қара жорға» болмаса, тойдың сәні келмейді» демекші, бүгінде қазақтың көп жиындары мен той-томалақтары осы бір ерекше, ғажап бисіз өтпейді. Әйтсе де біз көп жағдайда өзіміздің түп-тамырымызға үңіле бермейміз. Соның салдарынан қаншама құндылықтарымызды күнделікті игілігімізге пайдалана алмай отырмыз. Себебі бүгінгі қазақтың баласы кешегі өткен тарихына мұражайлық экспонат ретінде қарайтын сияқты. Осылайша, бізде ұлттық мұраларымызды экзотика ретінде ғана қабылдау қалыптаса бастады. Десек те, мұндай қасаң қағидаларды өзгертіп, ұлттық өнерге деген жаңаша көзқарас қалыптастыруға әбден болады екен. Мұны 10 миллионға жетер-жетпес қазаққа «Қара жорғаны» серпіле билеген әлгі 10 мың биші дәлелдеп бергендей.

Еліміздің басына екіталай күн туғызған сонау бір зар-заман нәубет жылдары қазақ қазақ болғалы бергі рухани байлығымыздан кәдімгідей ажырап қалдық. Қылышынан қан тамған Кеңес өкіметі де қазақтың небір жауһар дүниелерін өз қолымен жоюға тырысып-ақ бақты. Әйтсе де жылдар өте келе етек-жеңін жиған Алаш жұрты Тәуелсіздік алғаннан кейін шетте шашылып жүрген қандас бауырларын азат шаңырақ астына жинап, біріктіре бастады. О баста «оралман» деген атқа ие болған қандастарымызбен бірге бірте-бірте ұлтымыздың сан жылдар бойы жоғалып кеткен құндылықтары, салт-дәстүрлеріміздің кейбір нұсқалары мен өнері ортамызға қайта оралып, сәнін беріп әрі мәнін ұқтыра бастады.Бөркімізді аспанға атқызған «Қара жорға» да атамекеніне оралған қазақтармен бірге келген мол қазынамыздың бірі еді. Енді, міне, сол мұрамыз мерейімізді үстем етіп отыр.

Әдетте әр халық өзінің бір өнерімен өзгелерден ерекшеленіп тұрады. Мысалы, үнді, лезгин, сыған, орыс, украин, грузин, өзбек биі деген сияқты әлемге мәшһүр би түрлері бар. Осы күнге дейін қазақта би болмаған деген пікірлер бертін келе «өзбектің тойы – би-жарыс, қазақтың тойы – жиналыс» деген қанатты сөздерді дүниеге алып келді. Шынтуайтына келгенде, қазақта «Қамажайдан» бастап, «Аққу», «Қыз ұзату», «Асау үйрету», «Киiз басу», «Алқақотан» деп аталатын дәстүрлi билерінің бел ортасында «Қара жорға» биінің алатын орны ерекше. Себебі бұл биді әдеттегідей қыз-келіншектер ғана емес, үлкен-кіші ерлер мен бала-шаға бірігіп орындай береді.

Қытайдағы қандастарымыздың өзі бұл биді ұмытылып барып, соңғы 10-15 жылдың аясында ғана қайта жарыққа шығара бастаған. Алтайдың арғы жағындағы бауырларымыз биді түрлендіріп, оның әуен-сазын өңдеп, әсерлі мәтін жазды. Осылайша, «Қара жорға» қазақпен қайта қауышты.

Қытайдың Синьхуа ақпараттық агенттігінің мәліметінше, аспан асты еліндегі Алтай аймағының Шіңгіл аудандық партия комитетінің хатшысы Жаужиен жергілікті ақпарат көздеріне жасаған мәлімдемесінде: «Қазақ ұлтының дәстүрлі биі «Қара жорғаны» 10 мыңнан астам адамның билеп шығу салтанатын Қытай коммунистік партиясының алда келе жатқан 60 жылдық тойына орайластырып өткіздік, сонымен бірге ұзақ тарихқа ие қазақ дәстүрлі мәдениетін Гиннесстің рекордтар кітабына енгізе отырып, әлемге танытуды көздедік», – деген екен. Өнер рекорды жасалған Шіңгіл ауданында «Қара жорға» топтық биіне, негізінен, қазақ, қытай, моңғол ұлттарынан құралған 13288 адам қатысқан. Рекордтарды тіркейтін әккі мамандар келмей тұрып биге деген дайындық үш ай көлемінде жүргізілген. Ақыры төгілген тер мен еңбек ақталды. Бірақ бұл жетістік қытайлықтардың есебіне жазылып отыр.

Дерек
Өнер зерттеушілері «Қара жорға» («Буын биі») биінің тарихы XII ғасырдан арыға кететінін айтады.
Ал Қазақстанға осы биді ең алғаш әкеліп, ел арасына дәріптеп, насихаттаған – Арыстан қажы Шәдетұлы.
Көпшіліктің делебесін қоздырып, бірден үйіріп әкететін бұл бидің басқа туысқан ұлттардың немесе қазақтың басқа да билеріне ұқсамайтын өзіндік дара қасиеті – оны билеген кезде адамның барлық буындары дерлік қозғалысқа түсетіндігінде. Кезінде Алтай асып Қытайға барған, одан Түркияға жетіп, қазақтардан түрік жұрты «өздеріңе тиесілі мәдениеттеріңді көрсетіңдер» дегенде, Арыстан ағамыз «Қара жорға» биін билеп, талайлардың таңдайын қақтырып, қазақты мойындатқан екен.

P.S. Қытайдың Алтай аймағындағы жеті бірдей ауданындағы көптеген мектептерде сабақ арасындағы түпнұсқалық биден әуені мен сөзі де өзгешелеу «Қара жорға гимнастикасы» деп аталатын арнайы жаттығу түрі қолданылады екен. Аймақтық әкімшілік жағынан мақұлданып әрі ресми бекітілген «Қара жорға» әр мектептің міндетті түрде орындайтын радиогимнастикасына айналған. Сондай-ақ біздің бұл ұлттық биіміз Қытай компартиясының мерейлі тойына арналыпты. Солай болса болсын-ақ, бірақ «Қара жорғаның» даңқын бірінші шығаратын біз болуымыз керек еді, бауырлар. Игілігімізге бұл жолы да иелік ете алмадық...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста