Қазақстанның «өкпесі» алқынып тұр
Орман байлығы – Жер ғаламшарының «өкпесі». Бұл – ешбір дәлелді қажет етпейтін айқын дүние. Ал қазақ даласының 4,5 пайызын ғана орман құрайтынын ескерсек, елдің «өкпесі» қандай деммен тыныс алып тұрғанын елестету қиын емес. Жасыл желекті арттырып, орманды алқаптарды дамыту үшін кім не істеп жатыр?
Рас, атқарылған іс аз емес, ал атқарылмағаны одан көп. Мұны, бәлкім, сәйкестік дерміз: жақында Астана әкімі жұртшылықпен кездесуінде: «Егер әлемде бір минуттың ішінде 11 гектар орман шабылып кетсе, бас қалада бір сағатта бес ағаш отырғызылады», – деп мақтанышын жасыра алмаса, елорданың бір бұрышында «Туған жер» қоғамдық бірлестігі мен бірқатар орманшы мамандар «өкпеге» қатысты билікке орынды өкпе артып кетті.
Жоғарыда қазақ даласының маңдайына біткен желегін 4,5 пайыз дегенбіз, мұның өзі толық орманның ауқымын білдіріп тұрған жоқ. Өйткені соның ішінде тек 1 пайызы ғана діңі биік орманды алқапты құрайды екен. Қалғаны бұталарды, сексеуіл секілділерді, тоғайлы даланың нуын білдірсе керек. Осынша азғантай орманды табиғаттың өрті бір түрткілесе, төтеншеден келген алапаттың бір жайпап өткенін көзімізбен көріп жүрміз. Солай бола тұра, адам қолымен шабылып, айнала оталып жатқан орманға жанымыз ашымай ма? Ендеше, орманды қорғаушылардың кешегі жанайқайы ешкімді де бейжай қалдырмауы шарт. Тоқтала кететін тағы бір жайт, 2004 жылы Қазақстан Үкіметінің қаулысымен мемлекеттік орман қорларындағы қылқан жапырақты және сексеуіл ағаштарды кесуге тыйым салатын онжылдық мораторий жарияланған болатын. Алайда қоғам арасында бірқатар орман шаруашылығын пайдаланушылар мен қарапайым кәсіп иелері бұл мораторийді мерзімінен бұрын алып тастау қажеттігін көтеріп жүр. Кешегі орманшы мамандардың қарсылығы да осыған тіреледі.
Ал мораторийдан құтылғысы келетіндердің сылтауы да жеткілікті: жұртқа жұмыс керек, елдің табысын ағашты отау арқылы арттыра түсу керек. Мұндай мәлімдемеге орманды қорғаушы тарап үзілді-кесілді қарсы. Мораторийдің аяқталуына екі жылдың жүзі қалды. Лажы болса, олар одан сайын ұзартуды алға тартады.
«Шын мәнінде ағаш кесуге тыйым жасалған мораторийдің пайдасы зор. Елдің солтүстігі мен шығысындағы біршама алқап осының нәтижесінде айтарлықтай жайқала бастады. Сонымен қатар мораторийдің дұрыстығын әлемдік тәжірибелер де айғақтайды», – дейді орман маманы Талғат Кертешев. Мәселен, оның айтуынша, 90-жылдары Қытайда осындай тыйым салу енгізіліп, онда мемлекет қарауындағы өңірлерде тіпті кез келген ағаштың түрін шабуға тыйым салынған екен. Ол аз десеңіз, темір тәртіппен жұртын түзеп үйренген Қытай мемлекетінің қоруындағы ағашты заңсыз кескен адамға өлім жазасына дейін үкім кесіп отырған. Құлаққа жағымсыздау естілгеніне қарамастан, әлгіндей қаталдықтың арқасында қол жеткен жетістік керемет. Сөйтіп, бірнеше жылдың ішінде Қытай орман қорын әжептәуір еселеген. «Ал Қазақстанға келетін болсақ, біз мораторий енгізілгеннен кейін де бірқатар өңірлерде мемлекет қарауындағы орманның жайқалып кетпегенін білеміз. Оның ішінде, орманды торуылдаушылар өздерінің жеке бас пайдасы үшін заңды айнала отырып, жас талды отаудың түрлі жолдарын табуда», – дейді орман шаруашылығының жанашыр маманы Талғат Кертешев. Оның айтуына қарағанда, мораторий арқылы қылқан жапырақты ағаштарды кесуге тыйым салынғанына қарамастан, оларды кесудің түрлі жолдары табылып отыр. Мәселен, орман шаруашылығында санитарлық отаулар қарастырылған. Алайда бұл тәсілде ішінара ауру немесе қураған ағаштарды кесуге рұқсат берілген болса, осындай желеумен сау ағаштардың тұтастай алқабы оталғаны белгілі болған. «Мораторийға қарамастан, мұндай өрескел кемшіліктерге жол беретін болсақ, онда Қазақстанда орман мүлдем қалмайды», – дейді ол. Расында, мораторий арқасында елдің шығысындағы орман арасының бір тұсында бітіктік байқалса, енді бірінде орман бей-берекет оталып, селдірей бастаған. Ресми мәліметтер бойынша тек Шығыс Қазақстан облысының Риддер орман мекемесінде 2004-2008 жылдар аралығындағы заңсыз әрекет орман шаруашылығына 1,5 млрд теңге залал келтіріпті. Жиынды ұйымдастырушылар селдіреген тұсты ғарыштан түсірген суреттермен қуаттап, проблемаға сау көзбен қарайтын кездің жеткенін алға тартады.
Қазақта «бір тал кессең, он тал ек», «атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қасиет шақыратын қанатты сөздер баршылық. Ендеше, бұл – әркімнің есінде жүретін, қоғам болып өре түрегелетін ортақ мәселе. Түптеп келгенде, қоғам арқау болмаса, билік те бұған илікпейтіні белгілі.
Талғат Кертешев, орман шаруашылығының маманы:
– Қазіргі таңда өңірлердегі орман шаруашылығының, мекемелерінің барлығы облыстық әкімшіліктер қарамағына беріліп кетті. Сондықтан да кадр мәселесін тұтастай тек әкімдер шешеді. Мен бір мәселені баса айтқым келеді: орман саласында ұзақ жылдар жұмыс істеген адамдардың барлығы – принципшілдер. Олардың көпшілігі орман шаруашылығы әкімдіктерге берілген соң, ол жүйеде жұмыс істеуден бас тартты. Өйткені нағыз орманшы болғандықтан, олар ағашты кесуге еш рұқсат бермеген болатын. Кейіннен олардың орнына тәжірибесі аз, кеше ғана оқу бітірген мамандар келіп, жағдайды күрт нашарлатып жіберді. Ал Орман комитетінің облыстардағы инспекциялары шаруашылықтарды тұтастай қадағалауға шамалары еш жетпейді. Мұндай қадағалаусыздықтың салдарынан өңірлерде ормандар санитарлық отау сылтауымен шабылып жатыр. Сексеуілдің базарда көптеп сатылуы да соның себебінен.
Болат Мұқанов, Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры:
– Біз бүгінгімен емес, болашақпен өмір сүруге тиіспіз. Осы мақсатты көздеп, біз ұлттық орман саясаты туралы үлкен жобаны 2009 жылы академик Байзақовтың басшылығымен жасап шыққан едік. Онда біздің елімізде орманды ағаштың қатарын еселей түсу, елді көрікті, көгалды ету үшін 2020 жылға дейін атқарылатын шаралар тап-тұйнақтай жазылған еді. Қай өңірде кімнің не істеуі керектігі тұтастай қамтылды. Өкінішке қарай, осы құжаттың қайда жатқанын қазір ешкім білмейді. Осылайша ұлттық орман саясатын түбегейлі өзгертуге бағытталған жобаның тағдыры қалай болып кеткені бізге беймәлім. Еліміздің ғана емес, халықаралық деңгейдегі ірі ғалымдар атсалысқан мұндай жоба суырмада жатпауы, керісінше, шама келсе, қазір атқарылуы тиіс. Менің ойымша, болашақ ұрпақтың қамы үшін жасалған осы жоба біздің қоғамымыз үшін аса қажет-ақ.