Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «2000 жылғы 7 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Өзбекстан Республикасының Үкiметi арасындағы Азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдады.
Құжат бойынша баяндаған ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, аталған келiсiм 2000 жылдан бастап әрекет етедi және екі ел азаматтарының визасыз кiруiн және болуын көздейдi. Бұл ретте құжаттардың қосымшаларында азаматтардың екі ел аумағында кіруі, шығуы және болуы үшін құжаттар тізбесі бекітілген.
«Өзбекстан тарапы осы тізімді жаңа құжаттармен толықтыруды ұсынған болатын. Осыны қамтыған хаттамаға 2012 жылдың 7 қыркүйегінде Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстан сыртқы істер министрлері қол қойған. Атап айтқанда, құжаттар тізбесіне дипломатиялық паспорт, Өзбекстан азаматының биометриялық паспорты, Өзбекстан Республикасының 16 жасқа толмаған азаматтарының куәлігі, қайтып оралуға арналған куәлік қосылады», - деді Қ.Қасымов.
Парламент қабылдаған Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.