Қазақстандықтар жақын болашақта жүргізуші куәлігін өзімен алып жүрмей-ақ көлікті басқара алады
Электронды айыппұлдар жобасын тиімді іске асыру аясында қазақстандықтарға жүргізуші куәлігін, көліктің техникалық паспортын және өзге де автокөлік құжаттарын өзімен бірге тасымауға рұқсат етілмек. Олар өздерімен бар болғаны жеке басының куәлігін алып жүрсе жеткілікті.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің төрағасы Бағдат Мусин өзінің Facebook-парақшасында мәлімдеді.
«Егер біз жобаны жүзеге асыратын болсақ, онда жүргізушілер өзімен бірге жеке куәліктен басқа ештеңе алып жүрмесе де болады!», ― деді Мусин.
Электронды айыппұлдар жобасында қылмыс туралы хаттамалар планшет арқылы жасалады. Деректер дереу өңделіп, дерекқорға енгізіледі. Жүргізуші стилусқа қол қояды. Сосын ұялы принтердегі протоколды басып шығарып, POS-терминал арқылы айыппұл төлеуге болады.
Мусиннің айтуынша, бүгінде Астана, Қарағанды, Павлодар, Шымкент қалалары бойынша 200 полицей арнайы планшетпен жабдықталған.
«Ал енді қай әкім өз азаматтарына сыйлық жасайтынын көреміз. Бар болғаны олар жол полициясы қызметкерін планшеттермен жабдықтау керек. Айтпақшы, олар кезекпен жұмыс жасау арқылы үнемділікті екі есе арттырып отыр», ― деді Мусин.