Қазақстандықтар енді Тұңғыш президент күні демалмайды
Қазақстандықтар енді 1 желтоқсан – Тұңғыш президент күнінде демалмайды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісі мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа сілтеме жасап жазды.
"Мереке аталып өтеді. Ешқандай өзгеріс жоқ. Бірақ демалыс болмайды, менің түсінгенім. Қалғанының бәрі қалады", - деді Абаев мәжіліс кулуарында.
Журналистер министрден мерекені "мемлекеттік" мәртебесінен неге айырғанын сұрады.
"Бірінші президенттің үлесі бар, бәріңіз білесіздер. Қазір де аталып өтеді, ол тұңғыш президенттің күні болады. Жалпы мерекелердің реформасы болады ғой. Соның аясында шығар", -деп жауап берді Абаев.
Айта кетері, бүгін мәжіліс мереке күндеріне қатысты заң жобасын мақұлдап, сенатқа жолдады.
Заң жобасында 1 желтоқсан Тұңғыш президент күнін мемлекеттік мерекелер қатарынан алып тастау көзделген.
Сондай-ақ 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні ретінде белгіленеді. Ал 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке болады.