Қазақстандық балаларды зорлаған америкалық ата-ана ұзақ жылға сотталды
Кеше «РИА Новости» агенттігі Америкада қазақстандық асыранды балаларды зорлаған ерлі-зайыптыға қатысты жаза кесілгенін хабарлады. Отағасы Джозеф Мэйотт 16-дан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылса, оның әйелі 22 жыл жазасын өтейтін болды.
Массачусетс штатының Вустер қалалық соты ерлі-зайыптыны балаларды зорлағаны үшін кінәлі деп танып, ұзақ жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сот алқасы 50 жастағы Джозефті айыптаудың 11 тармағы бойынша асыранды қызын зәбірлегені үшін кінәлі деп тапты, ал оның әйелі Линданың асыранды ұлын аздырғаны 18 тармақ бойынша дәлелденді. Американың қылмыстық-атқару жүйесіне қатысты заңы бойынша педофил Джозеф 16 жылын түрмеде өткізгеннен кейін тәртібі жақсы болып жатса, түзеу мекемесінен ерте шығару туралы өтініш жаза алады. Ал Линда Мэйоттқа мұндай жеңілдік 18 жылғы жаза өтеуден соң берілуі мүмкін. Сот өкілдерінің хабарлауынша, әзірше сотталғандар өздеріне шығарылған үкім жөнінде апелляциялық сотқа шағымданбаған. Ерлі-зайыпты Мэйоттардың өз асыранды балаларын жыныстық қатынасқа тартатыны осыдан төрт жыл бұрын-ақ белгілі болған еді. Бірақ ол кезде құзырлы органдар олардың кінәсін дәлелдей алмай, кепілдікпен еркіндікке жіберген. Істі сот қайта қарағаннан кейін азғындықтың бірнеше дерегі жария болды. Америкалық отбасылық жұп 2004 жылы Петропавлдан асырап алған ағайынды екі жасөспірімді үйлеріне әкелгеннен кейін-ақ ойларына келгенін іске асыра бастаған. Бейберекет жыныстық қатынастың соңы өгей ананың кәмелетке толмаған ұлдан екіқабат болуына әкеліп соққан. Аты-жөні жария етілмей отырған қазақстандық жастар қазір 17 мен 21-де.