Қазақстанды 95% қазақ тілінде сөйлететін бағдарлама
Қазақ елі өз егемендігін алып, Тәуелсіз мемлекет болғалы жиырма жылға жуықтаса да, көсегесі көгермей келе жатқан қазақ тілінің енді бағы жанатын күн де алыс емес секілді. Кеше Үкімет қабырғасындағы кеңейтілген мәжілісте мемлекеттік тіл мәселесі тағы бір мәрте талқыға түсті. Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасымен таныстырды.
Тіл – тәуелсіздігіміздің басты тірегі
Дәл қазіргі уақытта дүниежүзінде 7048 тіл бар екендігі анықталған. Зерттеушілердің пайымдауынша, әрбір екі апта сайын бір тіл жойылып отырады. Тілмен бірге оны дүниеге әкелген ұлт та бүкіл ұлттық болмыс-бітімінен айырылып, біртіндеп тарих сахнасынан орын босатады. Сөзін осындай деректерден бастаған мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Тіл біз үшін, яғни барша қазақстандықтардың мемлекеттік тілі – қазақ тілі руханиятымыздың, ұлттық болмысымыздың, мемлекеттігіміздің, Тәуелсіздігіміздің басты тірегі болып табылады», – деп атап өтіп, назарға тартылған мемлекеттік бағдарлама жобасы, ең алдымен, мемлекеттік тілді алдағы он жыл ішінде дамытудың негізгі бағыт-бағдарын көрсетуге арналғандығын мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік бағдарламаның басты стратегиялық мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде саналатын мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында, мемлекеттік қызмет пен қоғамдық-саяси, әлеуметтік кәсіпкерлік саласында батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтардың өмірлік қажеттілігіне айналдыру.
Құжат төрт ірі мақсатқа негізделген
Мұхтар Құл-Мұхаммедтің сөзінен ұққанымыз – стратегиялық мақсатты жүзеге асыру негізгі төрт міндеттен тұрады: соның алғашқысы – мемлекеттік тілдің ұлт бірлігінің басты факторы екендігін түсіндіру, екіншісі – мемлекеттік тілдің аясын кеңейту, үшіншісі – дамыған тіл мәдениеті зиялы ұлттың басты күш-қуаты екенін көрсету және Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын дамыту.
Осы мақсаттардың орайында алдымен қазақ тілін дамыту үшін оқыту орталықтарын арнайы аккредитациядан өткізу жүйесі құрылмақ. «Қазақ тілін үйрену үшін кездейсоқ мұғалім жалдап, оқыту үрдісін қалай болса солай өткізу мемлекеттік тілді меңгеру идеясына өлшеусіз нұқсан келтіреді. Бұл ретте мемлекеттік тілді оқыту орталықтарын міндетті түрде аккредитациялау мәселені шешудің бірден-бір жолы болады деп есептеймін. Осы бағытты жүзеге асыру арқылы орталықтардың білім беру қызметінің міндетті стандартын енгізуді ғана емес, олардың қызметін бағалаудың рейтингтік жүйесін енгізу қажет», – деген министр алдағы уақытта еліміздің жоғары оқу орындарында кейбір пәндер тек мемлекеттік тілде ғана оқытылатын мәлімдеді. «Қазіргі кезде кейбір жоғары оқу орындарында, мәселен, Қазақстан тарихы тек қазақ тілінде оқытылатын болады. Бұл – балалардың қазақ тілін тез әрі еркін меңгеруіне мүмкіндік бермек. Осындай жұмыстардың арқасында 2020 жылы халықтың 95 пайызы қазақ тілінде сөйлей алатын болады», – дейді мәдениет министрі. Алайда ол бұл жаңалықтың қашан енгізілетінін нақтылаған жоқ.
Қазақ тілін білу – кәсіби артықшылықтың белгісі
Қоғамда қазақ тілін білу артықшылық деп түсіндіру қажет. Мұхтар Құл-Мұхаммед мемлекеттік тілді табыстылық көрсеткіші мен кәсіби артықшылық белгісі ретінде насихаттау керек деп есептейді. «Кеңес уақытында және қазіргі кезде де қазақ тілінде сөйлесу білімсіздіктің, надандықтың белгісі деген пікірлер болғаны рас. Енді біз бұл теріс қағиданы жойып, қазақ тілін білу өміріміздегі табыстылықтың, мінсіздіктің және кәсіби артықшылықтың белгісі ретінде қалыптастыруға тиіспіз. Шындығында, өмірдің өзі осыны дәлелдеп отыр», – дейді ол. М.Құл-Мұхаммедтің пікірінше, мемлекеттік тіл, ең алдымен, жастар ортасында беделді болуға тиіс.
Сондай-ақ министр тілдік ортаны қалыптастыру үшін бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін күшейту қажет екенін баса айтты. Телеарналарға қазақ тілін еркін меңгерген адамдар шығуы керек. «Тіл мәдениетін қалыптастыратын бірден-бір орта – бүгінде теледидар мен баспасөз құралдары. Сондықтан теледидарға әсіресе қазақ тілін жақсы меңгерген адамдар шығуы керек. Өзі ауызекі диалект аясында тілді меңгерген, кейбір сөздерді дұрыс айта алмайтын, тілінде мүкістігі бар адамдарды сахнаға, теледидарға қайта-қайта шығара беруге болмайды. Ол адамдар жазсын, бірақ теледидарға шығатын адамдар мінсіз сөйлеуі керек. Міне, тіл мәдениеті сонда қалыптасады деп ойлаймын», – деді М.Құл-Мұхаммед.
Дамыған тіл мәдениеті – зиялы ұлттың күш-қуаты
Сондай-ақ құжатта терминология және ономастика саласындағы жұмысты жақсарту арқылы қазақ тілінің лексикалық қорын одан әрі жетілдіру мен жүйеге келтіру жайы да қарастырылыпты. Министр әлем тілдерінде еркін қолданылатын паспорт, музей, архив деген сөздерді орынды-орынсыз қазақшалаудың орнына, ағылшын тілдерінде, халықаралық тілдерде қолданылатын термин сөздерді батыл енгізіп, тілдік қорымызды жетілдіру керектігіне тоқталып өтті.
Талқылау барысында аталмыш бағдарламаға қатысты сын да айтылып жатты. Ортаға шығып, құжатқа қатысты өз ұсыныстарын білдірген А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлының айтуынша, тілдерді дамыту туралы бағдарлама өте тамаша жасалған. Алайда қайта пысықтайтын тұстары да аз емес. «Бүгінде мемлекеттік органдарда іс-қағаздар 65 пайыз қазақша жүргізіліп жатыр» деген министрдің пікіріне күмәнмен қарайтынын айтқан ғалым: «Министрлер мен әкімдердің бұйрығын аударып, тіркей беру арқылы бұл көрсеткішті жоғарылата беруге болады. Алайда ол мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуге үлес қоса алмайды. Керісінше, министрліктегі жиындар мен алқа отырыстарын қазақ тілінде өткізу арқылы ғана мекемелердегі тілдік мәселені шеше аламыз», – деді.
Ал белгілі қоғам қайраткері Амангелді Айталы аталмыш бағдарламадағы «орыс тілінің бүгінгі басымдығы болашақта да сақталады» деген тіркеске кейістік білдіріп, ондай жағдайда қазақ тілі ешқашан дами алмайтынын алға тартты. Айталы мырза құжатта кетіп бара жатқан тағы бір кемшілікті де көрсетті. «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуына жауапты деп 9 министрлік көрсетіліпті. Ал сонда қалған министрліктер қайда қарайды? Құқық қорғау органдары, Президент әкімшілігі секілді құзырлы органдардың аты аталмаған. Осыны қайта қарау керек», – деп атап өтті ол.
Өз кезегінде Премьер-министр аталған ұсыныстардың барлығы да ескерілетінін атап өтті. Бағдарламада қамтылған қазақ тілін қолдану аясын кеңейту, оның бұқаралық ақпарат құралдарындағы үлесін арттыру мәселесі басты назарда болуы тиіс. «Мен мемлекеттік терминология комиссиясының мәртебесін көтеру, ономастика саласындағы қордаланған проблемаларды шешу жөніндегі ұсыныстарды толық қолдаймын», – деп атап өткен ол орыс тілінің қолдану аясын сақтау, ағылшын және басқа шетел тілдерін үйрену, сондай-ақ аз ұлт өкілдеріне өз ана тілін оқып-үйренуге жағдай жасаудың орындылығын айтты.
Үкімет басшысы сөзін: «Аталған бағдарлама бір ай бойы халық арасында, БАҚ пен ғылыми ортада кеңінен талқыланады. Біз бұл бағдарламаны қыркүйектен кешіктірмей бекітуіміз керек», – деп қорытты.