ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛҒАН: Маңғыстаулық "Нұр-Шах" сән үйінің ұлттық киімдері шет елдерде де сұранысқа ие (ФОТО)
10 жыл бұрын ашылған «Нұр-Шах» сән үйі қазіргі кезде 3 жерде: Астана, Ақтау, Жаңаөзенде өз істерін дөңгелетіп отыр. 40 адамнан құралған ұйымның тігетін ұлттық киімдері мен әшекей бұйымдары Қазақстанда ғана емес, басқа мемлекеттерде де сұранысқа ие. Салонда той киімдерінен бастап, түрлі бешпенттер мен қамзолдар, бас киімдер, т.б. тігіледі.
«Нұр-Шах» Маңғыстау өңірі мен Ақтау қаласының атынан республикалық, халықаралық түрлі көрмелерге де қатысып тұрады.
2013 жылы сән үйі облыстық «Аймақтағы үздік тауарлар» байқауында І орын иеленді. Сондай-ақ республикалық «Алтын сапа» байқауында өз бағасын алды.
2012 жылы кәсіпорын иесі бизнесін кеңейту мақсатымен «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының аясында несие алған. Бүгінде сән үйінің жұмыс өнімділігі 30-40 пайызға артып отыр, жұмыс орны үш есеге ұлғайды. Қазіргі кезде бұл жерде 45 адам қызмет етеді.
Сондай-ақ сән үйі түрлі қайырымдылықпен айналысып, мүгедектер мен қарттарды, балаларды қолдауға арналған түрлі акцияларға қатысып тұрады.