Бірнеше дистрибьютор тауар бағасын өзгертті
Теңгенің құнсыздануы автосалондағы машиналарды да айналып өтпеді. Қазір сатушылар өнім бағасын жаппай ауыстырып жатыр. Бірнеше модельдің құны 100 мың теңгеге артса, кейбірі тіпті бірнеше миллионға көтерілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Kolesa.kz сайтына сілтеме жасап.
Toyota Camry-дің 2 литрлік мотор мен вариатор орнатылған қарапайым нұсқасын 14.9 млн (+10.9 %) теңгеге аласыз. Ал бұрын 22.9 млн теңгеден саудаланған 3.5 литрлік V6-мен жүретін «Люкс» қазір 25.5 млн тұрады.
Ал Hyundai керісінше, ескі бағаны сақтап қалды. Алматыдағы зауытта құрастырылатын Accent қана 400 мың теңгеге қымбаттаған. Бұрын 6.7-7.8 млн шамасында сатылған модельді енді 7.1-8.2 млн теңгеге алуға болады.
Chevrolet маркасының дистрибьюторы ақпанда баға тізімін жасырып қойған еді, қазір сайтқа қайта шығарыпты. Одан «Спарктың» 5.0 млн теңгеден 5.7 млн теңгеге қымбаттағаны байқалады. Біздің елде сұраныс жоғары Cobalt пен Nexia бағасына да жиынтық түріне байланысты 700-800 мың теңге қосылған.
Kia да модельдерінің құнын 100 мыңнан 600 мыңға дейін арттырған. Нәтижесінде биыл шыққан Rio 7.8-9.6 млн теңгеге бағаланып отыр. Қыста бұл көлік 7.4-9 млн теңгеге сатылды.
Sorento-ның ең арзан нұсқасы 16.6 млн теңге тұрады. Қыста оны 15.9 млн теңгеге алуға болатын еді.
Lada Vesta ақпанда 5.8 млн теңгеден сатылған, енді оны алатындар 6.0 млн жұмсайды. Renault бағасында әзірше өзгеріс байқалмайды.
Қазақстанда құрастырылған 1.6 литрлік моторы мен механикалық қорабы бар қарапайым Renault Duster бұрынғыдай 7.4 млн теңгеден саудаланып жатыр
Қытайдан келетін Haval мен Chery, сонымен қатар жапониялық Subaru көліктерінің құны бұрынғы деңгейде тұр. Ал JAC сайттағы баға жазылған тізімді жасырып қойыпты, соған қарағанда марка өкілдері жуырда тауарын жаңа бағада ұсынатын сияқты.